Ертең Токиода жалауы желбіреген XXXII жазғы Олимпиада ойындары аяқталады. Әзірге Қазақстан құрамасының қоржынына алтын мен күміс медаль түспеді.
Спортшыларымыздың соңғы екі күндегі көрсеткіштеріне шолу жасап көрейікші. Жанкүйерлер еркін күрестен жүлде көптеп келе ме деп елеңдеумен болды. Нұрислам Санаев ел үмітін ақтап, қола жүлдені еншіледі. Бірақ 65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Дәулет Ниязбеков Токио Олимпиадасының жартылай финалына шыға алмады. Ол ширек финалда әлемнің үш дүркін чемпионы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері әзірбайжандық Хаджи Алиевке (1:9) есе жіберді.
Ал жартылай финалға дейін қарсыластарын қоғадай жапырған (74 келі салмақта) Данияр Қайсанов ресейлік Заурбек Сидаковтан ұтылып, финалға шыға алмады. Қола жүлде үшін болған кездесуде қазақстандық балуан Өзбекстан өкілі Бекзод Абдурахмановтан жеңілді.
Қазақстандық балуан Әлішер Ерғали да жарысты мерзімінен бұрын аяқтады. 97 келі салмақтағы балуанымыз түркиялық Сулейман Караденизден (8:7) ұтылып қалды. Аса ауыр салмақтағы Юсуп Батырмурзаев алғашқы айналымда германиялық Геннадий Чудиновичтен жеңілді.
Токиода Олимпиада ойындарында әйелдер күресінен 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Валентина Исламова да алғашқы айналымнан аса алмады. Ол эквадорлық Лусии Ямили Йепес Гусманиден 6:9 жеңілді. 53 келіде бозкілемге шыққан Татьяна Ахметова да алғашқы айналымда әлем чемпионатының қола жүлдегері, польшалық Роксана Марта Засинадан 3:2 есебімен жеңілді. Егер Польшаның балуан қызы финалға шығатын болса Татьяна Ахметова жұбаныш белдесуінде күресуге мүмкіндік алады.
Жеңіл атлетикада да жеңіс жоқ. Ерлер арасында спорттық жаяу жүрістен 20 шақырымға жарысқан Георгий Шейко 1:28:38 уақыт көрсеткішімен 39-шы орын алды. Ертең аталған спорт түрінен тағы бір қазақтандық спортшы Айман Ратова жарыс жолына шығады.
Биіктікке секіру бойынша қазақстандық спортшылар Надежда Дубовицкая мен Кристина Овчинникова іріктеу кезеңінен финалға өте алмады. 1.86 м биіктікке секірген Надежда Дубовицкая 14-ші орынға, ал Кристина Овчинникова 15-ші орынға тұрақтады. Финалға әр топтан алғашқы жеті спортшыға жолдама беріледі. Токио Олимпиадасында тректегі велоспорт додасында Артем Захаров 62 ұпай жинап, 14-ші орын алды.
Су спортынан да суырылып алдыға шыққан ешкім жоқ. Суда жүзуден ерлер арасында 10 км қашықтық бойынша финал өз мәресіне жетті. Бұл сында ел спортшысы Виталий Худяков тиісті қашықтықты 1:57:53.7 уақытта бағындырып, 21-орыннан көрінді
Каратэден алғашқы медальді алдық. Бірақ қыздар арасында сынға түскен Мөлдір Жаңбырбай жартылай финалға өте алмады. Ол «В» тобында екі кездесуде жеңіліп, бір кездесуде тең түсті. Ал бір жекпе-жекті жеңіспен аяқтады. Сөйтіп тобында 3 ұпай жинап төртінші орында қалды.
Байдарка мен каноэде есуден ширек финалда ерлер арасында сайысқан қазақстандық Сергей Емельянов 1000 метрге жүзуде 4:21.734 уақытымен төртінші келіп, жартылай финалға шыға алмады.
«Соңғы түйенің жүгі ауыр» демекші, соңғы екі күнде өнер көрсететін спортшыларға артылар сенім мол. Әр жанкүйердің арманы Токио төрінде мемлекеттік Гимніміздің шырқалуы. Сондықтан саңлақтарымыз жеңістің желкенін көтеріп, Олимпиададан алтын мен күміссіз қайтатын күн тумаса екен деп тілейміз.
Айдар ҚАЛИЕВ





