Бүгін таңғы сағат 7-00-ден бастап барлық сайлау учаскелері өз жұмысын бастады. Бұл туралы «Jetisy media» ақпараттық алаңында өткен бирифингде Алматы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Қаһарман Жақсылық хабарлады.
Ел тарихында алғаш рет ауылдық округ әкімдерін сайлау науқаны өтіп жатыр. Жетісудың 17 өңірінде ауыл әкімі сайланады. Бұл ретте өңірлерде 60 әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталған. Ал тағы 11-і өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатқан. Сайлауға 71 ауылдық округ жұмылдырылған, яғни, 71 әкім сайланады. 279 үміткердің 44-і әртүрлі септермен тізімнен шығарылып, қазір 235 үміткер қалған. Оның 82-сі саяси партиялардан, 153-і өзін-өзі ұсынғандар. Тіркелгендердің ішінде 35-і жұмыс жасап жатқан әкімдер. Сайлауға 24 әйелдер қатысуда.
– Үміткердердің ең жасы – 25, ең үлкені – 68 жаста. Орташа жас – 41,3. Сайлау учаскелерінде пандемияға байланысты санитарлық-эпидемиологиялық ереже мен нормаларды қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалып отыр. Қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Келушілерге де талаптарға сәйкес қызмет көрсетіледі. Осы сәтті пайдалана отырып, тұрғындарға өз үміткерлеріңізге таңдау үшін сайлауда белсенділік танытып, дауыс берулеріңізді сұраймыз. Сайлаушылардың келіп-кетуі туралы ақпаратты қосымша хабарлап отырамыз, – деген Қаһарман Еркінайұлы сайлаудың әділ әрі шынайы өтетініне сенім білдірді.
Мәулен ӘНЕРБАЙ
Алматы облысы





