Қаратал ауданы халқының басым бөлігі егін шаруашылығымен айналысады. Жұрт нәпақасын бау-бақша өнімімен айырады. Жаз мезгілінде егін бой көтеріп, жайқалып өсе бастағанда егістікке залал келтіретін зиянкестердің қанаты қатайып, егін мен жайылымды жалмап кетпес үшін дер кезінде дәрілеудің маңызы зор.
Биыл ауданда 13539 гектар жер залалсыздандырылмақ. 2 маусымда итальяндық шегірткеге қарсы, 17 маусымда азиялық шегірткеге қарсы күрес жүргізіле бастады. Соның ішінде 8439 гектар жерге итальяндық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жүргізілетін болса, соның 6322 гектары әуе арқылы, 2117 гектары арнайы жабдықталған автокөлік арқылы іске асады. Сонымен қатар, азиялық шегірткеге қарсы 5100 гектар жерге дәрі шашылды. Айта кетерлігі, жерүсті техникасы арқылы дәрілеу ісі аяқталған. «Фитосанитар өсімдік қорғау агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атомайзерлік бүріккіштер арқылы ауданымыздың Айту би, Бастөбе, Балпық, Елтай, Бәйшегір ауылдық округтеріндегі ошақтарға дәрі шашты. Бүгінде «Авиасила» ЖШС зиянкестерге дәрі шашуды ұшақ арқылы жүргізуде. Жалпы, осы іске бір ұшақ, екі автокөлік, оншақты маман жұмылдырылған. Итальяндық және азиялық шегірткеге қарсы «Даклоприд», «Локустин», «Зеленый барьер», «Корвет», «Вантекс», «Греен голд», «Энжио» препараттары шашылуда.
Облыстық басқарма тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурсы негізінде жеңімпаз болып танылған аталмыш екі серіктестік шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына жауапты. Егістіктің жауы саналатын зиянкестерге қарсы күрес жүргізіп жатқан мекемелерге «ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қаратал аудандық инспекциясы» мемлекеттік мекемесі бақылау жүргізеді. Алдымен фитосанитарлық болжамдар әдістемелік орталығы қанша шегіртке ошағының өңдеуге жататынын анықтайды. Бұл іске мемлекет тарапынан қаражат бөлініп, тендерді ұтып алған мекеме тиісті жерлерді химиялық өңдеуден өткізеді. Өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор анықталған шегіртке ошағын нақтылау мен залалсыздандырылған жердің сапасын бақылайды. Химиялық өңдеу жұмыстары тек ғылыми негізделген, экономикалық зиянды шектеу әдістемесімен жүргізіледі. Өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор Орал Мұқай экономикалық зиян тигізу шегі бір шаршы метрде 5 дана шегіртке болса, ол аймаққа залалсыздандыру жүргізілетінін айтады. Аса қауіпті организм азиялық шегіртке қамыста, итальяндық шегіртке құмды алқапта жүреді.
– Біз өз тарапымыздан шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын бақылап, қадағалау жүргіземіз. Ауа райына байланысты микротамшыларды таңертең, кешке шашып жатыр. Жел соқса, жауын-шашын болса, ауа температурасы +25 градустан асқанда дәрілеу жүргізілмейді. Себебі, температура жоғары болса буланып кетеді. Сондықтан ұшақ таңғы сағат 5-тен 10-ға дейін, кешке 17.30-дан 20.30-ға дейін химиялық өңдеуден өткізеді. Ауа райы жақсы болса, шілденің алғашқы аптасында шегірткеге қарсы дәрілеу жұмысы аяқталмақ, – дейді Қаратал аудандық инспекциясының өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторы Орал Мұқай. Оның айтуынша, қазіргі таңда “CP-30” ауылшаруашылық әуе ұшағы арқылы Бәйшегір, Қызылбалық ауылдық округі аумағында химиялық өңдеу жүргізілуде. Өткен жылдары “ЯК-12”, “Ан-2” ұшақтары арқылы зиянкестерге қарсы дәрілеу жүргізілген екен. Ауа райы жақсы болса, күніне 1000-1500 шақырым жерді дәрілеуге мүмкіндік бар. Ұшақ бір көтерілгенде 300 гектар жерді химиялық өңдеуден өткізе алады.
Жыл сайын әрі уақытылы дәріленген соң шегіртке бас көтермей, аудандағы егістік алқаптарына зиян тигізген жоқ. Осылайша егістікке зиян тигізетін шегірткеге қарсы күрес жалғасып жатыр.
Асхат ӨМІРБАЕВ,
Қаратал ауданы





