Кербұлақ ауданында шөп шабу науқаны қызды. Алғашқылардың бірі болып «Қызылшоқы» ЖШС пішеншілері шабындыққа орақ салды. Сарыбастау ауылдық округіндегі аталмыш серіктестік басшысы Алдан Бекиев 300 гектар алқаптағы мал азығын дайындау үшін эспарцет шөбін шабу басталғанын айтты.
Бүгінге дейін 70-80 гектар алқаптағы шөп шабылып, өнімділік әр гектарына 8-9 тоннадан айналуда. Науқандық жұмысқа 6 адам тартылып, 5 трактор, 2 шөп бұрғыш, бір «КамАЗ» автокөлігімен кіріскен серіктестік 177 орама шөпті дайындап үлгерді. Аудан бойынша биыл189 мың тонна шөп, 49 700 тонна сабан, 32 400 тонна пішендеме, 30 300 тонна мал жемін жинау көзделуде. Бүгінде 25 000 тонна шөп жиналды.
Айта кетейік, биыл өңірде112 910 гектар егістік жерді игеру жоспарланып, 26 085 гектарына күздік бидай себілді. Барлығы 26085 гектар алқап толық тырмаланды.
Сондай-ақ, биыл егістік алқаптарына қажетті минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерге сұраныс пен өтінімдер беріліп, аудандағы шаруашылық құрылымдарын тұқым дәрілейтін улы химикаттар, пестицидтер және минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жұмысы жүруде. Шегіртке тектес және басқа да қауіпті зиянды организмдердің, өсімдік зиянкестерінің жаппай таралып, ауылшаруашылығы дақылдары өнімдеріне зиян тигізуіне жол бермеу мақсатында жұмыс тобы құрылды.
Ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне көктемгі дала жұмысын жүргізуге биыл 2 500 тонна жанармай бөлінді. Бүгінге 1 160 тонна жанармай алынды. Шаруа қожалықтарына көктемгі дала жұмысына қажетті жанар-жағармай 167 теңгеден таратылуда.
Қазіргі уақытта ауылшаруашылығы техникаларын қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ететін 3 сауда орны жұмыс істейді. Оның екеуі Сарыөзек ауылында, біреуі Қоғалы ауылдық округінде орналасқан.
Ауылдық округтердегі шаруашылық құрылымдарында техникалық қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмысы жүргізілді. Ауылшаруашылығы техникаларын жөндеу кезінде техника қауіпсіздігін сақтау үшін арнайы журнал жүргізу және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау талаптары қойылды.
Раушан БИСЕМБЕКОВА,
Кербұлақ ауданы әкімінің баспасөз хатшысы





