Ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мен халық пен билік арасын байланыстыру мақсатында «Мобильді ауыл» жобасы жүзеге асырылды. Бұл бастама ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі тарапынан облыстың бірқатар жергілікті елді мекендерінде өз қызметін бастап кетті.
Қоғам мен мемлекет арасында тікелей байланыс орнатып, халықтың мемлекеттік мекемелерге деген сенімін арттыруға бағытталған бұл жобаның бірден-бір мақсаты – сыбайлас жемқорлық фактілерін жою. Технология күннен-күнге қарыштап дамып жатқанын ескерсек, бүгінгі күнде көптеген қызметтерді онлайн түрде алуға болады. «Мобильді ауыл» жобасы WhatsApp және Telegram мэссенджерлері арқылы жұмыс істейді. Яғни, тұрғындар чатта тікелей әкімге, сондай-ақ, денсаулық, мәдениет, білім, құқық қорғау және тағы басқа әлеуметтік салалар мен мемлекеттік мекеме өкілдеріне туындаған мәселелері бойынша сұрақтары мен өтініштерін жолдай алады. Қысқа уақыттың ішінде жоба тиімді жүзеге асырылып, жақсы нәтижелер көрсетіп жатқаны көз қуантады. Ауыл үлкендері және белсенді тұрғындар чатта өздерінің көзқарастары мен ұсыныстарын білдіріп жатыр, нәтижесінде халық пен мемлекеттік мекемелер арасында қарқынды жұмыстар атқарылуда.
«Мобильді ауыл» жобасы жайлы Панфилов ауданының Қараой ауылының тұрғыны Асель Ли өз ойымен былай бөлісті:
– Мобильді топ өте қажет. Оның үстіне, технология қазір алға жылжуда, сондықтан біз бір-бірімізбен ақпарат алмасуымыз керек. «Мобильді ауыл» жобасының арқасында адамды толғандыратын кез келген мәселе тез арада әкім аппаратына жетіп, жылдам шешіледі. Егер біз бұрын барлық қызметтерді кезең-кезеңмен өтіп, кезекте тұру арқылы өз өтінішімізді жазсақ, бүгінгі күні тіпті, электр қуаты, су өшірілсе де тұрғындарға бұл туралы алдын ала ескертіледі, – деді.
Жалпы облыста 253 ауылдық округ болса, қазіргі таңда солардың 142-інде «Мобильді ауыл» жобасы жүзеге асырылды. Алдағы уақытта жобаны қалған ауылдық округтерде іске асыру көзделіп отыр.
Мадина ТҰРДАШ,
«Жетісу – адалдық алаңы» жобалық
кеңсесінің менеджері




