Облыстық мәслихаттың денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау және мәдениет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы отырыс өткізді. Комиссия отырысына облыстық мәслихат депутаттары Ермұхан Жүнісбеков, Ақшабай Керімбеков қатысты. Күн тәртібінде 4 мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші және екінші мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Асқар Қалиасқаров баяндады. Баяндамашы бірінші кезекте «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының облыста орындалуына тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 2021 жылы 49979 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланса, оның 26258-і тұрақты жұмыс орны.
– Жыл басынан бері 29830 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 14669 тұрақты жұмыс орны бар. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 18602 жұмыс орны, жеке бастамалар негізінде 11228 жұмыс орны ашылған. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 17,8 млрд.теңге (РБ – 13309,5 млн. теңге, ЖБ – 4523,6 млн. теңге) қаражат бөлінді. Қалаларда және ауылдарда шағын несиелерді кепілдендіруге 90 млн. теңге, микроқаржы ұйымдарының операциялық шығыстарын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 10 млн. теңге бөлу қарастырылған, – деген Асқар Ерғалиұлы ағымдағы жылдың 1 маусымына ауылды жерлерде 236 адамға 1124,4 млн. теңге шағын несие берілгенін айтты. Сондай-ақ, қалаларда 55 млн.теңгеге 5 шағын несие берілгенін жеткізді.
Жаңа бизнес жобаларын іске асыру үшін 854,7 млн.теңгеге (РБ – 411,3 млн. теңге) 1465 грант беру көзделуде. Ағымдағы жылдың маусым айының 1-іне 784 адамға 457,4 млн. теңгеге грант берілген. Одан бөлек, жастар тәжірибесіне 638 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 1146 адам, қоғамдық жұмыстарға 12856 адам, алғашқы жұмыс орындарына 67 адам, ұрпақтар келісімшартына 28 адам жолданған.
Баяндамашы, сондай-ақ, мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспардың Алматы облысында жүзеге асу барысы туралы да хабарлады. Оның сөзіне сүйенсек, ағымдағы жылға 258 нысанға бейімделу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, мәслихат отырысында әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын бірінші кезекте 145 нысанға бейімдеу қажеттілігі көрсетіліп (көру, есту, арбадағы мүгедектер) 141,4 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар, министрліктен мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсету шараларын жетілдіру және мүмкіндігі шектеулі адамдарға ұйымдардың қолжетімділігі бойынша ақпараттандыру бөлігінде әлеуметтік-еңбек саласындағы жаңа цифрлық технологияларды енгізу және дамыту есебінен халықтың өмір сапасын жақсарту үшін «www.inva.gov.kz» порталы әзірленді. Қазіргі уақытта «www.inva.gov.kz» порталына денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, мемлекеттік органдар, сауда, қызмет көрсету және т.б. объектілері енгізілді. Бекітілген аймақтық бейімдеу картасы аясында интернет-порталға 2411 паспортталған нысан енгізіліп, жоспар 100 пайызға орындалған.
Комиссия отырысының күн тәртібіндегі қалған мәселелер бойынша облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев хабарлама жасады. Ол 20 мәдениет нысанының күрделі жөндеу жұмыстарына 4,7 млрд. теңге, 27 нысанның ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 439,4 млн. теңге бөлінгенін айтты.
– Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 4519,3 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде 12 нысанның күрделі жөндеуіне 4 029,8 млн. теңге, 2 ғимараттың қайта құрылыс жұмыстарына 489,6 млн. теңге қарастырылған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 4 Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарына 534,9 млн. теңге бөлінген. Алматы облысы мемлекеттік архивінің Алакөл филиалына жергілікті жерден 44 млн. теңгеге 2 қабаттан тұратын ғимарат сатып алынды. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға 473,5 мың теңге бөлінді. Облыстық халық шығармашылығы орталығына, Сүйінбай атындағы облыстық филармониясына, Б. Римова атындағы драма театрына 118,5 млн. теңгеге ЛЭД экрандар алынып, облыстық концерттік бірлестіктерге және аудан өнерпаздарына 93,3 млн. теңгеге сахналық костюмдер тігілді, – деген Марлен Қапашұлы облыстық кітапханаға жаңа кең ғимарат қажеттігін тілге тиек етті. Одан бөлек, М. Тынышпаев атындағы өлкетану мұражайын да басқа нысанға көшіру жағы қарастырылуда.
Облыс әкімінің қолдауымен «100 томдық Жетісу кітапханасы» жобасы бойынша 40 млн. теңге қаржы бөлініп, 18 жергілікті ақын-жазушының кітаптары баспаға ұсынылып, кітап қоры 11 500 мың данаға толықтырылды. Сондай-ақ, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және жекелей демеушілердің қолдауымен «Орақты батыр», «Ақсудан ұшқан аққулар», «Бөрібай батыр», жазушы Әнуар Әлімжановтың және Ұлы Отан соғысына арналған 2 кітап шығарылып, тұсаукесерлері атқарылды.
Комиссия отырысының соңында медициналық сақтандыру, әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігі, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған гранттарға қатысты сауалдар қойылып, толыққанды жауап алынды.
Е. МАРХАБЕКҚЫЗЫ




