Өткен аптаның бейсенбісі күні ауданымызға Нұр-Сұлтан қаласынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Айгүл Құспан мен Мақпал Тәжмағанбетова арнайы іссапармен келіп, өңірімізде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен танысып қайтты.
Халық қалаулыларын аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Ғалым Тоқпейісов, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев, аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Данияр Садықбаев, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқанов және «Агрофирма Dinara Ranch» бас директоры Бақытжан Сатыбалдиев күтіп алып, сапарлас болды. Алыстан ат терлетіп келген халық қалаулылары өздерінің іссапарларын Миялы ауылдық округі аумағында орналасқан, 5 000 басқа арналған «Динара Ранч» ЖШС мал бордақылау кешенінен бастады. Бордақыда тұрған асыл тұқымды ірі қара малын көрген парламент Мәжілісінің депутаттары мал бордақылау жұмыстарының қыр-сырын жетік меңгерген Бақытжан Сатыбалдиевке өздерін қызықтырған сауалдарды қойып, білікті маманнан тұшымды жауаптар алды. Сөз орайы келгенде аудан басшысы аталмыш шаруашылыққа қарасты «Динара» ӨК-і, сонымен қатар егістік жерлері бар екенін және ол жерлерге жыл сайын егіліп жатқан егіс жайын әңгіме арқауына айналдырып, аудан бойынша алдыңғы қатардағы шаруашылықтардың бірі екендігін атап өтті.
Халық қалаулылары өздерінің іссапарларын аудан орталығында жалғастырды. Бақанас ауылында салынып жатқан 5 қабатты 20 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысып, құрылыс басшысына құрылыс жұмыстарының сапалы болуы ең басты әрі маңызды мәселе екенін қадап айтты.
Осыдан кейін аудан басшысы құрметті қонақтарды ауыл көшелерін көркейту, абаттандыру мақсатында жасалынған жұмыстар легімен таныстырып, алдағы уақытта атқарылатын жоспарлы жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Бақанас ауылын аралап шыққан депутаттар партияның аудандық филиалы ғимаратының мәжіліс залында жергілікті халықпен кездесу өткізді. Келелі жиынға аудан әкімінің орынбасарлары Бөріхан Әбдібаев, Жанат Жүнісбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев және аудандық мәслихат депутаттары, мекеме басшылары қатысты.
Жиынды жүргізу тізгінін өз қолына алған аудан әкімі Ғалым Қасымұлы өңірде атқарылып жатқан толағай жұмыстарға қысқаша тоқталып, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сай ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасау үшін сөз кезегін Данияр Садықбаевқа берді.
Баяндама аяқталғаннан кейін жиынға қатысушылар ауданға арнайы атбасын бұрған халық қалаулыларына өңіріміздің дамуы және ауылшаруашылығы саласын дамытуға байланысты сауалдарын қойып, ашық пікір алмасты.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы





