Талдықорғанда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және көркемөнер галереясы ұжымының ұйымдастыруымен Дәркембай Шоқпарұлының 75 жылдығына арналған «Халық мұрасы-халық қазынасы» атты көрме-байқауы өтті.
Дәркембай Шоқпарұлы кезінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан және КСРО Суретшілері мен Дизайнерлер одақтарының мүшесі, Еуропадағы қыпшақтар қауымдастығының басқарма мүшесі, Қырғыз Республикасы Дизайн академиясының толық мүшесі, сонымен қатар, бірнеше дүркін өткізілген халықаралық қолөнершілер көрмесінің дипломаты болды.
Көрме-байқауына Күлән Жанғұтты, Бекдайыр Қоңыр, Анаркүл Нарботанова, Жәмилә Есімова, Нұргүл Дәлелхан, Әмина Мапез, Мәди Тілепбергенов сынды жиырма қолөнер шебері қатысты.
Көрменің мақсаты – ұлттық қолөнерді дамыту, қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, олардың жасаған бұйымдарын халық арасында кеңінен насихаттау, жас әрі дарынды қолөнершілерді анықтау. Сонымен қатар ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қолөнерін жастар санасына сіңіріп, дамыту. Көрмеге ұлттық әшекей бұйымдары, домбыраның түр-түрі, ертеден келе жатқан оюлы құрақ көрпеміз сияқты қолөнер түрлері қойылды.
Көрмеге қызығып келген қонақтардың қарасы көп. Олардың шеберлердің қолынан шыққан туындыларды қызыға тамашалап, керемет әсер алғаны анық байқалады. Өз жұмыстарын көрсету барысында қолөнер шебері Қырғауыл Кәкейқызы «Бұл өрнектің құпиясы неде деп сұрасаңыз, жіптері екіге бөлінбейтін саннан құралып тоқылады және елу бір жіптен теріледі», – деп құпиясымен бөлісе кетті.
Назым Нұрәділ,
І. Жансүгіров атындағы ЖУ-дің студенті




