Әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуына және баланың дарындылығына баса назар аудару облыстық білім басқармасы «Жетісу дарыны» орталығының негізгі мақсаты ретінде айқындалған.
Дарынды, жүзден жүйрік, қабілетті балаларға арналған Жалпы білім беретін пәндер бойынша жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық жасөспірімдер олимпиадасы жылда облыс көлемінде жүргізіледі. Ағымдағы жылдың сәуір айында Алматы облысында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың төртінші кезеңі «U-Study» аймақтық тестілеу орталығында өткізілді. Кез келген іс-шара алдында жетістікке жетелейтін қатысушының психо-эмоционалдық көңіл-күйіне ерекше мән бере отырып орталықтың психологтары тренинг ұйымдастырды.
Әрбір бала — өзінше бір әлем, әрқайсысы әртүрлі мінез қасиеттерінің, қабілеттерінің, жан дүниесінің, адами құндылықтарының алуан түрлілігімен дараланады. Әрбір бала – біртұтас адамзат қоғамын құрайтын, ерекше қасиетке ие, қайталанбас жеке тұлға. Бала – табиғатынан өте құмарпаз, әуесқой және тынымсыз айнала зерттеушісі. Әр бала басынан сипағанды, ойын ойнағанды ұнатады. Бала тәрбиесінде қолданылатын басты әдістер, бұл – үлгі-өнеге, бірлікті еңбек, әнгіме-сұхбат, баланы қолдау мен қуаттау және қорғау.
Балаларды психологиялық қолдаудың негізгі функциясы – бала мінез-құлқының жағымды жақтарына сүйене отырып жұмыс жүргізу. Өйткені, жеткіншектердің таным үрдісін: қабылдауы мен қиялын, ойлауы мен есіне сақтауын, ерік-жігерін білмей тұрып сапалы білім, саналы тәрбие беру мүмкін емес.
Біз олимпиада барысында қатысушылардың қобалжуын, үрейленуін, сенімсіздік сезімін сейілтуге және достық қарым-қатынас орнатуға арналған «Позитивті ойлау күші» атты тренинг жүргіздік. Қатысушылардың жылы лебіздерін алып, алдағы олимпиадаға сәттілік тіледік. Тренингіміз өте әсерлі, жоғары дәрежеде өткенін қатысушылардың кері байланысынан байқадық.
С. УАЛИБЕКОВА,
«Жетісу дарыны» орталығының әдіскер-психологі




