Биыл – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Отыз жылда мемлекет бағындырған айтулы белес аз емес. Әр адам, әр мекеме ұжымы отыз жыл ішінде қандай игі істерді атқарды, алдымызда қандай ұлы мақсат пен биік меже тұр, не істедік, не қойдық деген сан сауал төңірегінде өз-өзімізге есеп бере алсақ, әр салада еңбек даңқын асырған тұлғаларымызды дәріптей білсек, онда осынау мерекенің мәні ашыла түседі. Сондай көпшілік үлгі етер еңбек иесі, ұлағатты ұстаздың бірі Гүлжан Хамитова еді.
Ол кісінің «Мектепке дейінгі шағын орталығы және Түменбай бастауыш мектебі бар С. Серкебаев атындағы орта мектеп-гимназиясына» сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Аталған білім ордасы тұғырлы тәуелсіздік жылдарымен жарысып, қатарынан қалыспай еліміздің білім беру саласының озығы болмаса да үздіктер қатарында келеді. Отанына қызмет ету парызым деп санасына сіңірілген саңлақтардың ордасы мектеп-гимназиясының тарихына үңілер болсақ, өз алдына шежіре тарқатар кітабымыз баршылық.
Мектеп 1976 жылы 640 оқушыға арналып берілген. Қазіргі таңда 900 оқушы білім алуда. 89 мұғалім жұмыс атқарады. 1976 жылға дейін 8 жылдық орыс мектебі болып қазіргі Қонаев көшесіндегі орталық музейдің жанында ескі кітапхана, қазір жеке үй мектеп болған. Алғашқы директоры Ғани Ақшалов еді. Әр кезенде мектеп басшылары болып қызмет атқарған аға ардагер ұстаздар көп. Олардың әрқайсысы мектеп тарихында алтын әріптермен жазылған. Білім ордасын 2011 жылдан бері Лара Нүсіпқожаева басқарады.
Мектепке ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 28 желтоқсандағы №883 Қаулысымен Отан соғысы ардагері, панфиловшы С. Серкебаевтың есімі берілген. 2019 жылы 15 тамызда аудан әкімінің №109 өкімімен мектепке гуманитарлық бағыттағы пәндерді тереңдету үшін гимназия статусы берілді. Мектеп тарихында 39 «Алтын белгі» иегерімен қосқанда 80 үздік түлек тамамдаған. Мектептің ресми сайты бар және әлеуметтік желідегі парақшасы да өз деңгейінде үлгі.
Мектептің түлектері де өздері білім алған ордаларына арнаулы күндер мен мерекелерде құттықтауларын жолдап жүреді. Ауданымыздың әр саласында еңбек етіп, өңіріміздің көркейіп, дамуына үлестерін қосуда. Білім беру ісіне 30 жылға жуық өмірін арнаған өнегелі ұстаз, Еңбек Ері, «Батыр ана» Гүлжан Хамитова жайлы әңгіме бір бөлек. Гүлжан апайымыз 1941 жылы Кеген ауданы, Тоғызбұлақ ауылында дүниеге келген. Оқуын бітірген Гүлжан Хамитова бастауыш сыныптарда мұғалім болып еңбек жолын бастайды. 1968 жылы Кеген орта мектебіне ауыстырылады.
Аянбай еңбек ететін маман ретінде танылған мұғалім, Қазақ ССР Оқу министрлігі Алматы облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының жаңа бағдарламаны енгізудегі екінші сыныптарда оқыту семинарына қатысады. Осылайша 1971 жылдан қазақ сыныптарында қосымша сабақтар жүргізеді. 1972 жылы өмірге құштар, арманы Алатаудай маманның мақсаты орындалады. 1962 жылы тапсырған Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының «география» мамандығы бойынша толық курсын бітіріп шығады.
Сол кездері дүниеге бес бала алып келген ана СССР Жоғарғы Кеңес Президиумы атынан Қазақ ССР Жоғарғы Кеңес Президиумы қаулысымен ІІ дәрежелі «Ардақты ана» медалімен марапатталады.
Отыз жылға жуық ұстаздық еткен Гүлжан Хамитова 1978 жылы жас ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесі үшін Құрмет грамотасын алады. 1980 жылы №2 Кеген аудандық орта мектеп бұйрығымен оқу мен тәрбие жұмысына белсене қатысқаны үшін алғыс жарияланған. Кәсіби біліктілігімен, кабинетті шебер жабдықтауымен қатар еңбекте қажымас қайратымен танылған ұстаз аттестаттау нәтижесі бойынша 1983 жылы тағы Құрмет грамотасымен марапатталады. 1982 жылы жеті баланың анасы ІІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталады. Елі мен мемлекетінің құрметіне бөленген Гүлжан Хамитова СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумы атынан Алматы облысы халық депутаттары Кеңесі шешімімен көп жылғы адал еңбегі үшін «Еңбек ері» медалімен марапатталып, куәлігі табысталады.
Гүлжан Хамитова, өмірінде ұстаздықпен шәкірт тәрбиелеген, ұл өсіріп, қыз ұзатқан ана ретінде өшпес із қалдырған жан. Оның есімі біздің жадымызда мәңгі сақталады. Соңғы күндеріне дейін қараған анасы қайтыс болғанда өзінің де денсаулығы сыр беріп, 1998 жылы дүниеден озды. Мектебіміздің мұғалімдер ұжымы мен оқушылары үшін Гүлжан ұстаз нағыз патриоттың қандай болу керектігін еңбек жолымен көрсетіп кеткен, мәңгілік ұмытылмас тұлға болып қала береді.
Осы сәтті пайдалана отырып, «Мектепке дейінгі шағын орталығы және Түменбай бастауыш мектебі бар С.Серкебаев атындағы орта мектеп-гимназиясы» Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ардагер ұстаздары мен түлектерін, оқушы жастар мен жалпы қазақ елін атаулы мерекемен құттықтайды.
Мақсат МҰСАБЕКОВ
Кеген ауданы




