Балалардың шығармашылығын дамытып, дарынын ұштауда қосымша білім берудің маңызы зор. Осы мақсатта жұмыс істейтін Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайы биылғы оқу жылын толайым табыспен қорытындылап отыр. Елімізде орын алған пандемиялық жағдайға орай, үйірме сабақтары карантиндік режимді сақтай отырып, офлайн және онлайн форматта өткізілді.
Бүгінгі таңда сарайда 44 түрлі үйірме 6 бағыт бойынша жұмыс істеуде. Олар – музыкалық, эстетикалық, көркем, лингвистикалық, ғылыми-техникалық, спорттық-туристік бағыттар. Әр оқу жылында баланың қызығушылығына байланысты үйірмелер қосылып отырады. Биылғы оқу жылында технопарк, Fablab зертханасы ашылып, «Дебаттық қозғалыс», теннис, каратэ үйірмелері қосылды. Жаңа технологиялармен жабдықталған Fab Lab зертханасы мен технопаркте балалар 3D бағдарламалары бар ноутбуктерде жұмыс істеуді үйренуде. Үйірме жұмысының нәтижелерін өткізілген шаралардан байқауға болады.
Балаларды ұлттық өнерге, көркемдік шеберлікке баулуда қолданбалы өнер үйірмелері үлкен еңбек етуде. «Қыш өнері» үйірмелерінің жетекшілері Республикалық деңгейде «Қосымша білім берудегі инновациялық әдістер мен тәсілдер» тақырыбында онлайн шебер-сыныптар көрсетті. Осы үйірмелер арқылы оқушылардың эстетикалық талғамын дамытып, қабілетін арттырып, іскерлік дағдысын қалыптастыру жолында жұмыс жүргізіледі.
Туризмнің жеті бағыты бойынша да үйірмелер жұмыс істейді. «Тау туризмі» үйірмесінің оқушылары Ескелді ауданындағы «Бұлбұл тоғайға» барып, карта бойынша бағдарлау негіздерін зерделеп қайтты. «Туристік көпсайыс» тобы оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін «Қызыл тас» саяжайлары ауданындағы табиғи жартастарға жорыққа шықты. Жартаста арқанмен және арнайы туристік жабдықпен жұмыстар істеді.
Баланың өнерін ортаға салып, жан-жақты ашылуына септігін тигізетін байқау екені сөзсіз. Осы орайда сарайымыздың жас жеткіншектері қашықтық режимінде өткізілген конкурстарға белсене қатысып, биіктен көрінді. Солардың бірі – «Үлгілі», «Солнышко» хореографиялық би ансамблі Париж, Италия және Өзбекстанда өткен онлайн-байқауларда бас жүлдеге, Стамбул қаласында өткен Халықаралық «ART FEST ISTANBUL 2021» байқауында 1-орынға ие болды.
«Қуыршақ театры» үйірмесінің жеткіншектері «Alash star» өнер байқауында бас жүлдені, Белоруссияда өткен Халық- аралық конкурс-фестивалінде 2-орынды қанжығалады. «Melody kids» вокалдық тобы V Республикалық «Жарық жұлдыз» байқауынан бас жүлде, Халықаралық «Премия Нового Формата 2020-2021» және VII Халықаралық «Алтын дауыс» өнер байқауынан 1 жүлделі орындарды жеңіп алды.
Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай «Жыр алыбы – Жамбыл» атты қалалық мәнерлеп оқу сайысына қатысқан «Жас актер» үйірмесінің жеткіншегі Нағашбек Назар бас жүлдегер атанды.
Ән-би өнерінен бөлек, өлең, сурет, қолөнер байқауларына да белсене қатысқан өрендеріміз жоғары нәтижелер көрсетуде.
Жас ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасып, өнер-білімде жетістікке жетуі әр ұстаздың оқу іс-әрекетіндегі жаңашылдығына, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі мен шығармашылық ізденісіне байланысты. Елбасының «Дарынды балалар – Қазақстанның дамуын қарқындататын буын», – деп атап өткеніндей, балаларымыздың бойындағы жеке қасиеттерді танып-біліп, қабілеттерін ашып, өнерлерін шыңдап жүрген Оқушылар сарайының құрылғанына да биыл 5 жыл толуда. Оқушылардың мектептен кейінгі құтты мекеніне айналған киелі шаңырақтан әлі талай талантты жас ұрпақ түлеп шыға береріне сенім зор.
Алмагүл Арапова,
Оқушылар сарайы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Талдықорған қаласы





