Мұхиттың бауырында маржан болатыны секілді, туған жер топырағынан қашанда текті түзілетіні заңдылық. Ұлы халық барда ұлы мұратын жалғар перзенттердің өмірге келетіні де сол заңдылық іспетті табиғи құбылыс. Сан тараулы тарихымыздың саф соқпағына көз жіберсек, суатына бас қойып, қуатын арттырған жолаушыдай әр қияның басына ту қадап, өнер атты тамырлы дүниенің әр бұтағынан жеміс үзе біліппіз. «Алты малта ас болмас» деген алмағайып заманда жортуылды күндер өткеріп, іргемізге келген қайқы қылыштының жүзін майырып, өр кеудесінен басын ажыратқан батырлығымыздан тартып, жұрт болып қасиет тұтқан әрбір ұғымды да саралай білген екенбіз. Ақындық пен шешендік, даналық пен ділмарлық сынды көптеген ұлт өресінен маңдайы жарық тұлғаларды тарихымыздың текті тұғырына көтере білдік. Олар табиғат дарытқан өзінің талант-тақсырының күш-қуатымен сол биікке көтерілсе, ұлт болып оларды ұрпақтан-ұрпаққа есімін ұран ету жолын да айшықты жалғастырудамыз. Сол секілді ғылым биігінің шынарындай болған Мұхтар Арын атты құдіреттің тосабынан түзілген текті де тұғырлы тұлғаны да ұлт перзенті деп айшықтап келеміз.
Қазақ ғылымы мен әдебиетінде өзіндік орны бар белгілі қоғам қайраткері әрі ғалым, ағартушы ұстаз Мұхтар Арын шын мәнінде ұлттың дара перзенті. Ол қасиеті мен киесі бөлек Жетісу топырағында туған. Қазақ сахарасына білімнің дәнегін себе білген оның ғұмырбаяндық хамсасында өрнектелген әрбір оқиға тарих қатпарында бедерленіп қалды.
Жақын арада ізгілік шырағданын жағып, білімнің қайнар бұлағын ашқан ағартушы ұстаз, ғалымның «Бес анық» кітабын оқып, тебірене тілшелей сусын басуға тура келді. Тірліктің сан тараулы жолын өндіріп, ұлттық айбынды биігінен тұғыр сайлаған тектінің тарам-тарам тағдыр сүрлеуіне сол кезде көзтаныс болдық. Бүгінгі таңда осынау кітаптағы әрбір естелікке ой жүгіртіп, тектілік темірқазығына деген риясыз көңілдің сүйінішін тебірене термелеуді жөн санадық.
Өмірі шежіреге айналған, ән мен күйге, жыр мен дастанға текті тегершік, толымды тақырып болған Мұхтар Ғалиұлының «Бес анық» кітабы бүгінгілердің ұлттық болмысын сақтап, халықтық ерекшелігін айшықтау-айрықшалауға негіз десек те болады. Аталмыш ғажайып кітапта ұлттық құндылықтарымыздың түп-тамырын тектеп, рухани көкжиегіміздің кенересін анықтайтын ой-толғамдары жазылған.
Ғалым «бес анық» деп тіл, дін, дәстүр, тарих және атамекенді айшықтаған. Ақиқатында бұл бес құндылық қазақтың ұлт ретіндегі қасиеті мен болмысын, танымы мен тағылымын, тамырын, рухы мен руханиятын көрсетеді. Бұл арқылы біз мыңжылдықтардан бері мызғымай келе жатқан рухани көкжиегіміз бен өркениетті ел екенімізді өзгелерге де таныта алмақпыз. Автор бұл қағидаларды ескере отырып бес анықты, яғни, тіл, дін, дәстүр, тарих, атамекеннің мән-маңызын, мазмұнын арттыру, текті елдің қастерлі құндылықтарын ұрпақ санасында жаңғыртып, олардың бойына ұлттық қасиеттің дәнегін егіп, түпсанамызды жаңғыртып, төл мирасымыздың маңыздылығын арттыруды көздеген.
«Заманнан заман өтіп жалықпастан, сондай бір дәстүр бар-ды қалыптасқан» деп ақиық ақын М. Мақатаев жырлағандай, өткен дәуірде ұлттың рухын көтеру жолында еңсе тіктеген тұғырлы тұлағалардың дені ауыр тағдырды арқалаған. «Бес анық» кітабын талдау барысында сол бір ойымызды алдымен айшықтап өтуді жөн деп таптық. Ғалым, ағартушы ұстаз М. Арын балалық шақтың бал дәміне тояттап өспеген. Оны біз жазбалардан танып білсек, тектінің ұрпағы, Мұхтардың қос ұлы Ерлан мен Нұрланның «Біз табынатын тағылым» атты естелігінде қуаттай түспекпіз. «Тағдыр әкеміздің маңдайынан сипай қойған жоқ. Әкесі Арын «халық жауы» дейтін жалған жаланың құрбандығына айналды. Магаданда қайтыс болыпты. Әкеміз сонда бір жарым жаста ғана екен. Әжеміз Қанипа 1947 жылы отыз бес жасында мына дүниемен қоштасқан. Ал оның бер жағындағы соғыс салған ауыртпалық ше? Он бір жасар бала сол қиыншылықтың бәрін бастан кешуге тура келді. Бала дейміз-ау, әкеміз бала дәуренді сүрген жоқ, олардың балалығы ат құйрығындай өте қысқа болды. Бірден есейді, өмір қиыншылығында қақталып өсті де, сол соғыстан соңғы ел ішіндегі олқылықтардың орнын толтыруға кірісті», – деген естелік-жазбасынан-ақ М. Арынның талайлы тағдырының, бал дәурен шағының қаншалықты қиын екенін пайымдаймыз. «Жапон тыңшысы» деген жалған жаламен жат жерде жан тапсырған әкесіне деген сағынышы жүрегіне терең түссе де, тірліктің зілмауыр жүгін балауса иығына салып, биікке талпынған қайраткердің болмысын, тектілігін, қара нардай қажырлы азамат екенін осындайда айқын бажайлаймыз. Арын өмірден өткеннен кейін (кейіннен 1961 жылы ақталған) Мұхтар әкесінің ағасы Ғалидың тәрбиесінде болады. Дегенмен, ол да көпке бармай жалған жаланың құрбанына айналған екен. Ізгіліктің дәнін егіп, адамгершілікке баулыған үлкен кісіге деген шексіз ризашылығынан ғалым өмірден өтерінде өзін «Мұхтар Ғалиұлы Арын» деп жаздырып алады.
Иә, тұрлаусыз тағдыр атты жазмыштың жарасы кімге болсын оңай соқпайды. Сан мехнатты жолды өндірген ғалым да жастығының ауыр кезеңінде шарболаттай шыңдала білді. Ұлттың руханиятына, білім көкжиегіне өзіндік сүрлеу-соқпағын салып, ізін ізгілікпен айшықтады. Ұлттың күретамырына айналған құндылықтарды қастерлеп, артына мол мұра қалдырып, айналасына құрмет биігінде сыйлы бола білді. Солайша саф ғұмыр иесі атанып, жарық ғаламнан жанар тайдырған сәтінде: «…Кешегі күні көп көрінген қатарлардың, достардың, жолдастардың алдыңнан да, артыңнан да кетіп, төңірегің кәдімгідей селдіреп, сиреп, дүние қаңырап бос қалғандай, көкірегіңде де қуыс-қуыс орындар үңірейіп, өзің де құдды от жақпаған мұздай үйде өмір кешіп жатқандай жалғызсырайтын көңілсіз күндер басталғанда, е, сен де сол кезде дүние ауған, халқыңның қиын кезде арқа тірері болған кешегі жақсыларың мен жайсаңдарды іздейсің. Мен үшін осы күні сондай орны үңірейіп тұрған, тірісінде қатты сыйласқан, сырласқан жақсы, кемеңгер шын азамат інім, іні досым Мұхтар еді. Мұхтар көп ішіндегі жақсы жігіттің бірі емес, бірегейі еді және шын мәніндегі нар көтерер ауыр жүкті мыңқ етпей, халық алдындағы өзінің перзенттік парызы көріп, мақтанышпен көтерген нағыз азамат жігіт еді» деп Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов егіле, төгіле жазғаны тегін емес.
Ұлттың ұлы мұрасының жоқтаушысы бола білген Мұхтар Арынның «Бес анық» кітабындағы алғашқы анық – Тіл. Ұлттың жаны һәм күретамыры болған тіл ғасырлар бойы өзінің құндылығын жоймайтын тақырып екені көпке мәлім. Ұлағатты ұстаз Мұхтар Арын «Бес анық» кітабында тілді киелі ұғым ретінде түсіндіріп, оның негізгі қызметі ұлттың рухани қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу екенін баян етсе, ілкімді көзқарастарының бірінде: «…Орыс мектебін бітірген балалар тілдің ұлттың рухы деп аталатын терең сырын еш уақытта сезінбей кетеді. Олар қазақтың байырғы ертегілерін, батырлар жырын, дастандарды, бер жағына келсек, Сыпыра жырау, Қазтуған, Асан Қайғыларды, Махамбет пен Абайды, күні кеше өмірден өткен Әуезовті, оның «Абай жолын» түсіну үшін тек қана қазақ болу керек. Қазақ тілін жай біле салу аз. Өйткені, оларда қазақтың психологиясы бар, соның қалай екенін сезіну талап етіледі. Орыс мектебін бітірген балалар осы жағынан жұрдай болып, ешқашан ұлттық сезім болмағандықтан, далада қалып қояды», – деп толғанады. Расында, басты байлық саналған тілдің уызға жарымай өскен ұрпақтың осы айтылған деңгейде қалатыны шүбәсіз. Ғалым, ұлағатты ұстаз басты байлық туралы толғанысында көптеген даналық байлам жасайды. Бірде «Рухсыз тіл – тіл емес» десе, ендігі бір толғанысында «Ұлт пен тілді ажырату мүмкін емес» деп ой қорытады.
Қазақтың халықтық сипатының ең басты тегершігі тіл екенін, оны сақтау қажеттігін, ол үшін балабақшаға басқа тілді жақындатуға болмайтынын шырылдап айтқан Мұхтар Ғалиұлы: «Тілдің қазіргі жағдайын қанағаттанарлық деп айтуға болмайды. Ұлтымыздың өркениеттілігі, мәдениеттілігі жөнінде әңгіме болған кезде жалпы ұлттың мәдениеттілігі тілдің мәдениеттілігімен тікелей байланысты екенін аңғарамыз. Ал тіл мәдениеттілігі дегенің – тілдің қазақ деп аталатын қауымның қоғамдық немесе жеке басының, өмірінің барлық жақтарын қамтуы, аса оқымысты, дарынды тіл болуы. Құр әншейін отбасының айналасында ғана қолданылып, басқасына шамасы жетпей жатса, онда ұлтымыздың жағдайы да сондай болып қалады», – дейді. Осындай парасатты пайымның өзінен-ақ ұлт перзентінің ұстынын, асқақ болмысы мен еліне деген алқаусыз сезімін аңғаруға болатындай.
Ұлттық сананың қайнар көзі болып табылатын, еленуге тиіс ерекшеліктер туралы ой-толғамының екінші анығын «дін» деп қарастырған ғалым: «Ислам діні – біздің ұлт болып қалыптасуымызға, халық болып, тәртіпті, тәрбиелі ел боп өмір сүруімізге көп қызмет еткен дін еді», – деп толғана келе кейінірек марксизм ілімінің билеп-төстеуіне, идеологиямыз болған коммунистік тәрбиеге байланысты діннен сырт айналып кеткенімізді айтып, ұлы құндылықтың бірі діннің адамзат өміріндегі рөлін айшықтайды.
Рас, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің мазмұны да ислам құндылықтарымен сабақтас. Қашанда ұрпақ тәрбиесінде әр отбасы ислам дініндегі ұлағатты ұстанымдарды пайдаланса, жүрегі мейірімділік пен қайырымдылыққа толы ұрпақ өсірері, болашағы бекем, келешегі кемел болатыны даусыз. Бұл ретте ғалым дін философиясына тереңнен үңіле отырып: «…Алла – әрқайсымыздың жүрегімізде деген мәселе. Адамның арына, ұятына сену керек. Осы Аллаға сену ұлғайып барады-дағы жалпы сенім деген сезімді тудырады. Осыдан барып басқа сенім түрлері шығады: болашаққа сену, адамның белгілі бір қасиеттеріне бас иіп сену, адамға сену, баланың әкеге, әкенің балаға сенуі. Адамаралық күнделікті тұрмыста сенім дегенің адамға қуат беретін күш. Адам мен адамды жақындататын, адамды біріне-бірін танытатын, жақсыға сеніп, жаманға сенбеуді ажырату үшін де керек нәрсе бұл. Сондықтан, иман деген нәрсе, иманжүзділік дегенің сеніммен байланысты. Діннің қуатты, күшті жері – адамның бойында сенім деген сезімді тәрбиелеу», – дейді. Шындығында, кемелділіктің алғышарты Аллаға сенуден басталады. Ал, ғалым айтқандай өркениетке өңеш созған АҚШ, Англия, Франция, Италия, Германия, Араб елдері мен Үндістан сияқты мемлекеттердің мәдениеттілігі көп жағдайда дінге негізделгені жасырын емес.
«Дін ұлтты рухтандыратын, ұлттың өзінің мыңдаған жылдар бойына жинаған қасиеттерін байыта түсетін, кең де кемел қосымша құрал», – деп тұжырым жасаған Мұхтар Арын: «Кеңес дәуірлеген тұста пайғамбарымыз Мұхаммед Ғалиссаламды құбыжық қылып, мазақтап, жаратпайтындай жағдайға алып келді. Тіпті, оның атын айтуға да қорқатын едік. Ал шындығында ол – үлкен ғалым адам. Оның артына қалдырып кеткен мұрасы – «Мың бір хадисінде» қаншалықты ғалым екендігі айқын аңғарылады. Мысал үшін, ол ғылымды, білімді бірінші орынға қойған адам. Білім туралы хадисінде білім екі түрлі болады дейді, біреуі – жүректегі білім, ол өте пайдалы; екіншісі – тілдегі білім, ол таңда, тәңір алдында пенденің күнәсіне дәлел болады дейді. Сонда түсіне білген адамға құр әншейін, жүрекпен қабылдамаған нәрсені білім деп айтуға болмайды деп тұрған жоқ па; құр жаттанды нәрсе білім бола алмайды, ол тілде ғана бар, жүректе жоқ, жаттанды дүние. Кейінгі кезде жаттауға әуес боп кеттік, ақыл, ой, жүрек деген нәрселерді алып тастаймыз, біздің біліміміз тілдің ғана ұшында жүреді», – деп ғылыми көзқараспен кеңінен тұжырымдайды.
Ғалымның үшінші анығы – дәстүр. Ұлтымыздың рухани әлемінде өзге елдерден бөлек, саф, ғажайып өмір дағдысындағы дүниелер, әрі өзге халықтан даралап, саралап көрсететін дүниесі ол – дәстүр. Бірнеше мыңжылдыққа ұласқан ұлттық сүрлеуіміздің бүгінге жеткен құндылықтарының бәрі дәстүр болып екшелген. Осынау теңдессіз өмір-салт айшығымыз жайлы автор толғана отырып, оның яки, дәстүр сөзінің мағынасына үңілуді ұсынады: «…Меніңше, дәстүр ұғымына жаңаша көзқараспен қарасақ, онда ол үш нәрсемен сипатталады. Біріншіден, дәстүр дегенің – жалпыхалықтық. Олай деуге себеп – оның өзі әркімнің жеке басының жағдайына байланысты емес, халықтың әлеуметтік, психологиялық, мәдени толып жатқан басқа да тұрмыстық, дүниетанымдық жағдайына байланысты. Екіншіден, дәстүрдің тағы бір сипаты – тұрақтылығында. Ол оңайлықпен өзгере салмайды, орнықтылығымен ерекшеленеді. Үшіншіден, дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Егер осы сипаттамаларға тереңірек үңілсек, онда ұрпақтан-ұрпаққа сол ұлт өмірінің желісін үзбей біріктіре отырып берілетіндігін аңғарамыз».
Бұл ғалымның парасат-пайымынан үзілген үзік-үзік толғамның бір парасы. Осынау дәстүр атты ұлы құндылықтан бүгінде түптеп ажырай қоймағанымызбен, көбісін ескіртіп алғанымыз анық. Көз қарашығындай қастерлейтін құндылығымыз жайлы тағы бір толғанымында М. Арын: «…Қазақ халқы да дәстүрден құр алақан емес. Тамаша әдет-ғұрып, салт-сана жеткілікті. Олардың қай-қайсысы да адамдыққа, иманжүзділікке, мәдениеттілікке, дүниетанымды кеңейтуге тәрбиелейді. Біз дәстүрлердің бірқатарынан ажырап қалып, енді-енді қауышып жатырмыз. Үзіліп кетіп, халқына қайта оралып жатқан дәстүрлердің табиғи түрде дамып, ештеңеге ұшырамаған дәстүрлерге қарағанда әлсіздеу болатыны өзінен-өзі түсінікті. Халқымыздың бойындағы тамаша қасиеттерді басқа халықтар да біледі. Мәселен, әлі де болса жұрнағы бар, адамдық қарым-қатынаста жоғары бағаланатын дәстүрлерімізді санамалайықшы: үлкенді сыйлау, жас адамға иек артып, «ақыл – жастан, асыл – тастан» дейтініміз, қонақжайлылық жағына келгенде «алыстан алты жасар бала келсе, ауылдың алпыстағы қариясы сәлем береді» деп құрметтейтініміз…» деп толғана отырып ұлы құндылықтарымызды ұрпақ санасында қайта жаңғыртып, дәстүрімізді өмір салтымызға қайта енгізудің қажет екенін дабыл қаға жеткізеді.
Қарашада туып халықтың қамын жеген ұлылардың ұлы өмір өрісіндегі құнарлы дүниемен тояттап, барша Алаш жұртының ізгілікті күн астында барақатты ғұмыр кешіп, ғылым мен білім көкжиегінен молынан ырыс дарытуын ойлаған арда болмыс иесі «Дәс- түр – ұлттың ұлы сипаты» деп айшықтайды. Міне, осыдан асқан ділмарлық, даналық байлам болған ба?
«Мұхтар ойы, Мұхтар жазбалары қазақ қазақ болып қалар болса, онымен бірге жасайтындығына кәміл сенемін», – деп Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов тебіренген екен. Ақиқатында осындай ұлы сенім өрісінен табыла білген ғалымның төртінші анығы – тарих.
Тарих – ұлттың ұлылығын айғақтайтын, ұстынын айшықтайтын, ұлы мұраты мен келешегінің кешегі межесі, көз тастар көгжиегі десек, артық айтқандық емес. Ұлтымыздың әр перзенті туған елінің тарихын білуі міндетті. Дарқан даланың дара тұлғасы Мұхтар Арынның тарихты бес анықтың бірі етіп таңдап, мән беруінің себебі арыда жатыр. Ал автордың өз толғамына сүйенсек: «Ұлттың тарихын білу керек деген сөзді өзіме жақындатып пайдалансам – өзімді-өзім тану деген сөз. Әр адам өзін-өзі тануы керек. Жалпы ұлт дегенің кейбіреулерге абстракт нәрсе сияқты болып көрінеді. Ал шын мәнісінде кім өзін сол ұлттың өкілімін деп санаса, сондай сезімді қалыптастырғысы келсе, онда сол ұлттың тарихы арқылы адам өзін-өзі тануы керек. Яғни, тарихтың ішінде жүрген бір бөлшегі екенін сезінуі қажет. Сонда ғана ол өзінің ұясын тапқан құс сияқты, өзінің жерінде, елінде, өзіне тән үлкен тарихи, қоғамдық ортада жүргенін сезінеді. Сонда ғана адам өзін толыққанды адаммын деп санай алады. Ал енді қай ұлттың өкілі екенін білмей, айдалада лағып жүрген, қайда барарын білмей адасып қалған адам еш уақытта ешкімге жақсы нәрсені алып келе алмайды, одан тәуір сезімді күту қиын». Міне, осы тұжырымның өзінен-ақ ғалымның айтпақ ойын, асыл болмысын, қазақсүйгіш перзент болғанын айқын аңғарамыз.
Ұлы шежіреміздің тамырлы тарауларынан бастап, тарихымыздың әрбір қатпарын зердесіне тоқығаннан ұлы перзент «Атамекен» атауын бесінші анығы етіпті. Оны және: «…Жалпы қазақ халқы мекен мәселесіне өте терең ілтипатпен қараған халық. «Атамекен» сөзі қазақ халқының сол жерді ерте кезден иемденіп келе жатқандығын білдірсе керек. «Кіндік кесіп, кір жуған», «кіндік қаны тамған» деген сөздер бар қазақта. Бәрі де өзінің тұрған мекеніне жылы жүрекпен, терең ілтипатпен қарағандығынан туған сөздер», – деп айшықтайды. Сонымен қатар, «Біз төртінші анық – тарих туралы сөз еткенде жеке-жеке бөлшектеп, ата-бабасының тарихы, руының тарихы деп қарамай, ұлттық ауқымда қарау мәселесін баса айтқан едік. Дәл осы сияқты мекен мәселесінде де бөлшектемей, ұлтымның атамекені деп қараған жөн дегенді ұстанғанды қалаймыз. Мәселен, «Жем бойында тудым», «Жетісуданмын» деп, сол жер ғана атамекенім деп бөлектенудің қажеті жоқ. Егер ұлттық деңгейге көтерілгім келсе, онда Қазақстанның қай түкпірін де атамекенім деп санауым керек. Ақтөбеде отырып, Көкшетау, Қызылжар, Жетісу, Алтай, бәрін де өзіме тән деп қарауымыз керек. Бұл үшін атамекенімізді, ұлтымыздың мекенін жақсы білуіміз қажет», – деп ұрпаққа өсиетті сөз қалдырады. Осынау толғамдардың бәрі де елін сүйген, жерінің түп жусанын кие тұтып, түйір тасын маңдайына тоса білген тектінің ғана көкірегінен төгілер даналық екенін біз аталмыш кітапты парақтап-тарақтап отырып көз жеткіздік.
«Грек ғұламаларының айтуына қарағанда, адамның белгілі бір ұлтқа, халыққа тән екендігін айқын сезіну үшін бес түрлі шартқа толық жауап беруі тиіс. Біріншіден, сол ұлттың тілін жақсы білуі қажет. Екіншіден, сол ұлттың дінін терең меңгергені жөн. Үшіншіден, сол ұлттың дәстүрін толық бойына сіңіруі тиіс. Төртіншіден, сол ұлттың тарихын бес саусағындай білгені абзал. Бесіншіден, сол ұлт мекендеген жердің ой-шұқырын жақсы білуі парыз. Осындай бес сипаттаманы бойына дарытқан адам ғана сол ұлттың толыққанды өкілімін деуге құқылы дейді грек ойшылдары» – деп толғам-тұжырымының әлқиссасын сонау әлем алыптарымен тамырластырған Мұхтар Арынның «Бес анық» кітабы ұлттық танымымыздың көкжиегін кеңейтетін екі кітап болса, соның бірі екені даусыз. Ал дарқан даланың дара перзентінің ғалымдық, қайраткерлік сүрлеуі жайлы толғану – арнасы бөлек дүние. Кемел, кемеңгер тұлғаның ел жүрегінде мәңгі сақталары да шүбәсіз.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





