Ай-хай, жиырма бестен енді асқан кезім. Облыс орталығы Алматыда болғанымен тәуекел етіп, талды қаланы бетке алғам. Әмина Өмірзақова апамның баласы, ұстазым Талас Кәмесейұлының: «Әй, сачок (сөзінің салты болатын осылай сөйлеу), Талдықорған театрына актер керек, төрт жыл бекер оқыдың ба, сол жаққа бар. Үш сағаттық жол, Алматыдан онша алыс емес», – деген бірауыз сөзі мені алып келген.
Орталық көшесінің өзі ой-шұқыр, бүгінгі күнмен салыстырғанда жабайы базар, қираған үйлер – тура соғыстан кейінгі көріністі бермесе де бір құлазу бар. Автобекеттен түсіп, елден сұрастыра жүріп, жаяулатып театрға келдім. Директоры Сағындық Жұмаділ деген ағамыз екен. Мән-жайды естігеннен кейін хатшысына тапсырма беріп, кабинетіне кейіннен бірі әкемдей, бірі анамдай болған Халық әртісі Алмахан Кенжебекова мен марқұм Өмірсерік Қалиұлын шақырды. «Алмахан апа, бұл Жұматай деген жігіт. Сіздің ініңіз екен. Обаев көкем мен марқұм Татьяна Наурызбайқызының курсын бітіріпті. Біздің театрда жұмыс істегісі келеді», – деп Сағындық ағам таныстырды. «Бәрекелді!» десіп, өлең оқып беруімді сұрады. Сөйтіп, бір өлеңмен театрға қабылдандым. Бұл 2000-шы жылдың қыркүйегі еді. Арада жылжып уақыт, аунап айлар өтіп жатты. Наурыз келіп, талды қаланың алғашқы көктемін қарсы алдым. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» дегенді сан рет естігенмен дәл осы жолы ақиқатына көзім жетті. Облыс орталығы Алматыдан Талдықорған қаласына ауысатын Жарлық шықты. Алатау бөктерінен жақұт қаланы бетке алған көш-керуен шығатын болды. Қала әкімінің орынбасары Күләш Ноғатайқызы шақырып, үшінші мыңжылдықтың басындағы ұлы көшті жыр-шашумен қарсы алайық деген ойын айтты. Жақсылықтың жаршысы болғанға не жетсін? Келісе кетіп, бірер күн дайындалып та үлгердім. Айтулы күні Алматыдан шыққан көш түс әлетінде Талдықорған қаласының орталық алаңына келіп тоқтады. Облыс әкімі Шалбай Құлмаханов ағамыз бастаған делегацияны ең алдымен жыр шашып қарсы алдым. Сондағы шашқан жыр шашуымның бір парасы мынау еді:
Жүрегі Жетісудың Талдықорған,
Жан-жағы жасыл желек, торғын орман.
Атың бар Жерұйықтай жерге мәлім,
Тарихтан ойып тұрып орнын алған.
Облыс орталығы ауысқанда,
Қаңыраған жұрттай болдың орны қалған.
Гүл қаламыз қайтадан түлесе деп,
Үлкенге, кішіге де болдың арман.
Бүгін, міне, сол арман орындалып,
Ақиқатқа айналғандай болды жалған.
Шалбай ағам бастап келіп ұлы көшті,
Телегей теңіз шаттыққа толды бар маң.
Дәл осындай қуаныштан қуат алып,
Көмейден жыр, күй төгілсін домбырамнан, – деп бастап, бірнеше шумақтап барып, тоқтағаным бар.
Содан бері адам өмірімен өлшесек, бозбала мен бойжеткеннің жасындай ғана уақыт өткенмен, қала өмірі үшін үлкен тарихи жылдар екені анық. Сөзімнің басында айтқанымдай, қаңыраған қаланың алпыс екі тамырында қан ойнап, ертегідегі сағат сайын өскен батырдай еңсесін тіктеп, ерекше бір түрге еніп, жаңа ғасырдағы заманауи жаңа қалаға айналып шыға келді. Көзіміз көріп, көңіліміз толып, жылдан-жылға көркейіп келе жатқан талды қаламыздың болашағы жарқын боларына сенім мол. Алдағы отыз жыл, қырық жыл деген мерейлі тойларын қарсы алған қауымның ішінде болсам: «Мен жырдан шашу шашып қарсы алғанмын», – деген мақтаныш сезімі жүрегімде тулап тұрары анық.
Жұматай ОСПАНҰЛЫ





