Талдықорған: -7°C
$ 494.63
€ 583.22
₽ 6.42
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАНСАРАЙ

ЕЛІНІҢ ЖОҒЫН ЖОҚТАҒАН

16.04.2021
ЖАНСАРАЙ
ЕЛІНІҢ ЖОҒЫН ЖОҚТАҒАН
WhatsAppTelegramFacebook

Өз әріптесің жайлы жазу әрі қиын, әрі оңай. Оңай болатыны – бәрін өз көзіңмен көргенсің, өз құлағыңмен естігенсің. Қиыны – мінез-құлқын, іс-әрекетін жеткізе алам ба, жоқ па деп қиналасың. Әсіресе, мұндай әңгіме белгілі журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бұрынғы Талдықорған облыстық «Жерұйық» газетінің редакторы, өз халқының тума перзенті, нағыз патриот Тұрсын Әбдуәлиұлы жайында болған соң тіпті қиын. Дәл осы тұста «айтқаны не?, айтары не?» деген сұрақтардың тууы заңды деп ойлаймын. Бір қызығы, айтарының не екенін білмедім, бірақ айтатының не екенін білетініме ешкім күмәнданбаса да болады…

Жә, бәрін жаймен баяндап көрейін. Ең алдымен Тұрсын Әбдуәлиев – ауылда туған, ауылда өскен, ауылдың бар мехнатын бастан өткерген. Өз тіршілігімен оқыған, өз тіршілігімен биікке шыққан. Журналист деген мамандықтың суын ішкен. Кішіге – аға болған, үлкенге – іні, құрдасқа – құрдас болған. Ең бастысы, өз елін, өз халқын, өз ұлтын жан-тәнімен сүйетін адам. Ол өзі үшін емес, жо-оқ, өз ұлты үшін күйіп кетуге де, жанып кетуге де дайын. Мұны мен өз көзіммен көріп, өз жаныммен түйсінген соң ғана айтып отырмын. Сенбейсіз бе? Онда нақтылы дерекке жүгінейік.
1989 жыл… Бұл – Желтоқсан оқиғасынан кейінгі текетірес кезең. Дүние ушығып тұр. Несін айтасың. Бір сіріңкенің шиі бар дүниені астан-кестен етуі әбден мүмкін шақ. Ондағы ең күрделі мәселе – қазақ тілінің проблемасы. Қазақ тілінде мектеп, қазақ тілінде балабақша ашу дегеніңіз күн тәртібінде тұрған. Дәл сол шақта бүгінгі Бақтыбай атындағы №18 мектептің ғимараты салынып біткен екен. Дау осы «Дайрабайдың көк сиырынан» басталды.
Осы ғимараттың салынып бітіп дайын болып қалғанын жақсы білген Т. Әбдуәлиев бүкіл редакция ұжымын шақырып алды да: – Қанішер Колбиннің қазақ және орыс тілдері жөнінде қабылдаған заңдарын білесіңдер. Демек, орыс тілімен қатар қазақ тілі де өркендеуі тиіс. Олай болса орталықта жаңа ғана салынып біткен мектеп ғимаратын қазақ мектебі етуді сұрайық. Бүкіл қалада жалғыз мектеп-интернаттан басқа түк жоқ. Демек, біздің талабымыз заңды! – деді. Бүкіл ұжым қолдап қана қоймай, өре түрегелдік. Содан не керек, бір топ адам ұжымнан делегат болып сайланып, сол кездегі Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы         А. С. Жигулиннің алдынан бір-ақ шықтық. Біздің мұң-шерімізді мұқият тыңдаған ол, ең соңында: «Бұларыңнан түк шықпайды. Ол – орыс мектебі болады» деп қорс етті.
Дәл осы тұста қаны қайнап кеткен Тұрсын орнынан ұшып тұрып: – Кешіріңіз, біздің ұлттық мектеп ашуға құқымыз бар ма, жоқ па? – деді.
– Әбдуәлиев жолдас, сіз кімнің алдында тұрғаныңызды ұмытпаңыз! – деді А.С. Жигулин.
– Мен ұмытқам жоқ, Анатолий Сергеевич. Бірақ мен үшін сіздің креслоңыздан халқым қымбат! – деді  де, – жүріңдер, кеттік – деді.
Ол енді Компартияның қылышынан қан тамып тұрған заман. Бір-бірімізге қарайтын бет жоқ. Сірә, дәл сол кезде бәріміз «редактор құритын шығар» деп ойлаған болуымыз керек. Басқаларды қайдам, мен өз басым дәл осылай ойладым. Ашу мен ызадан қап-қара боп түтігіп кеткен Тұрсын редакцияға кірер-кірместен «кіріңдер кабинетке, ақылдасатын шаруа бар» деді. Кірдік. Отырдық. Сәл ойланып алды да әңгімені бастады.
– Мен, сендерді қайдам, бұлай ұлт болуға, халық болуға болмайды! Бүйтіп бізді көрінген жаншып, көрінген таптай берсе неміз қалады?! Күні кешегі желтоқсанда «Халқым үшін жан пида!» деп алаңға шыққан жастардан біздің жанымыз артық емес  шығар. Ерем дегендерің еріңдер, ермеймін дегендеріңе зорлық жоқ. Бірақ мен бір тәуекелге бел будым! Маған шегінетін жер жоқ! – деді.
Шынын айту керек, абдырап қалғанымыз рас. Қалай абдырамассың. Күні кеше Компартияның сөзін сөйлеп, сойылын соғып жүрген адам, бүгін келіп өзінің құрылтайшысы, Бас хатшысы  А. С. Жигулинге айбат шегіп отырса?..
– Ойбай, Түке-ау, сонда не істейміз? – дедік аузымызға басқа сөз түспей.
– «Социалистік Қазақстанға» сын мақала жазамыз, – деді.
– Қолымызда дерек те, дәйек те жоқ, қалай жазамыз?
– Оған қам жемеңдер. Деректің бәрін мен табам. Жазуын Әліпбаев жазады. Оған үш адам Қ. Асқаров, К. Әбдірахманов қол қояды. Осыған келіскендерің қалыңдар. Келіспейтіндерің өз орындарыңа барып жұмыстарыңды істеп отыра беріңдер, – деді. 
Содан «Шешінген судан тайынбас» деп облыстық партия комитетінін бірінші хатшысымен шайқастық та кеттік. Ол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза. Ол кісінің ұлт мәселесі десе қаны қайнап шыға келетінін бұрыннан да жақсы білетінбіз. Жазып апарған мақаламызды сөзге келген жоқ, қолма-қол бастырды да жіберді.
Әлгі «Құланның қасуына мылтықтың басуы» деген де осы болар. Көздеген оғымыз дөп тисе керек. Оның үстіне бұл кезде қанішер Колбин Мәскеуіне кетіп, Н. Назарбаев бірінші хатшы болған. Содан да болар, әйтеуір, мақаланың фактілерін тексеруге сол кездегі Қазақстан Орталық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі О. Әбдікәрімов келді. Дәл осы жерде   М. Жолдасбековтің азаматтық қолдауын ешкім айтпаса да жақсы сезіндік.
Айтып айтпай не керек. Облыстық партия конференциясының қарсаңы. Оның үстіне қызыл империяның қабырғасы қақырап, омыртқасы үзілуге таяған кезі. Әйткенмен «жыланды қанша кессең де кесірткелік қауқары бар» демекші, өзіміз облыстық партия комитетінің органы болған соң өзімізді ұстараның жүзінде жүргендей сезінгеніміз де рас. Бірақ ұлттық намысымыздың лапылдағаны сонша, өзімізді-өзіміз тежеуге жігеріміз жетпеді.
Осылайша «не болар екен?» Не болар екен?» деп қылпылдап жүргенімізде сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы В.Г. Ануфриев тұп-тура біздің «Жерұйық» газетіне келді. Өзімізге көрсетілген мұндай зор құрметтен абдырап-ақ қалдық. Сөйтсек, әңгімесінің төркіні редакция ұжымы мен Жигулинді табыстырмақ екен. Бұған бару өзімізді өзіміз жығып берумен бірдей еді. Редакциядан Ануфриевтің еңсесі түсіп шықты. Тексеру қорытындысымен Жигулин орнынан алынып, оның орнына С. Тұрсынов сайланды. Соның арқасында орталықтан жаңа қазақ мектебі, жаңа қазақ балабақшасы ашылды. Мұның бүгінгі күні оншалықты маңызы да жоқ шығар, дәл сол кезде мұның әсері керемет болды.
Бұл оқиғаға облыс қана емес, бүкіл республика құлақ түріп отырды десем қателесе қоймаспын. Ол кезеңде тұрмақ, республиканың бас газеттерінің өзі аудандық партия комитетінің бірінші хатшыларын абайлап сынайтын. Ал біздің әрекетіміз тура айға шапқан арыстанның әрекетімен бірдей еді. Егер дәл сол кезде біздің редакторымыз Т. Әбдуәлиев болмай, басқа біреу болса, мұндай қадамға бару-бармауы екіталай болар еді деп ойлаймын. Өйткені, редакторың қолдамай отырса одан асып қайда барасың? Міне, Т. Әбдуәлиевтің азаматтық деңгейінің өзі де осы биіктікте жатыр деп ойлаймын.
Иә, Тұрсын Әбдуәлиев өз ұлтының, туған жерінің намысын бозторғайдай шырылдап жүріп қорғайтын арлы азаматтардың бірі. Көсем сөздерді көсілтіп жазатын танымал журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшсеі, сұңғыла саясаткер, танымы мол философ. Ең бастысы, туған елін, туған жерін жан-тәнімен сүйетін перзент. Өн бойындағы тағы бір ғажап қасиет – әділетсіздікке жаны қас. Әсіресе, мұндай өрескелдік басшылар жағынан шығып жатса нағыз Жалаңтөс баһадүріңіз осы Әбдуәлиевтің тура өзі деп біліңіз. Әсіресе, ел мүддесі, ұлт мүддесі десе қандай қаһарға да қас қақпай қарсы шығары хақ.
Сізге дәлел керек пе? Онда 1999 жылы Алматы облысы мен Талдықорған облысы қосылғаннан кейін өткізілген Алматы облыстық мәслихатының кезектен тыс   XXVI сессиясының баспасөз беттерінде жарияланған материалдарына назар аударыңыз. Ондағы облыс басшыларының атына  Т. Әбдуәлиев айтқан дәлелді де, дәйекті де сындардан өн бойыңыз шымырлайды. Рас болса, сессияға қатысып отырған өзге депутаттар көзге айтылған батыл сыннан абдырап-ақ қалса керек. Бар абыройы сол – бұл өзінің жеке басының мүддесі үшін емес, халықтың қамы үшін айтылған орынды сын еді. Өйткені, Т. Әбдуәлиев облыстық мәслихаттың депутаты болатын. Сондықтан оның мұндай сын айтуға толық қақысы бар-ды.
Мен мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Осы бір детальдар арқылы ел үмітін арқалаған азаматтың толыққанды тұлғасын оқырмандардың көз алдына әкелуді мақсат еттім. Оның үстіне бұл азаматтың жеке басы ғана емес, соңына ерген әріптестерінің де атқарған ісі аз емес. Бұл орайда сол кездегі Талдықорған облыстық «Жерұйық» газетіне бас редакторы болып Т. Әбдуәлиевтің келуі редакция қызметкерлерінің саяси белсенділігін арттыруға оңды ықпал еткенін атап көрсеткен жөн. Редакция ұжымының белсенділігі арқасында «Азат» қозғалысы құрылып, облысымыздағы саяси ахуалдың қалыптасуына өзіндік елеулі үлес қосты. «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, оның төрағасы болып осы редакцияның қызметкері Қ. Асқаров жұмыс істеді.
Ол кезде қазақ тілінің қадір-қасиетін жаңа тұшына бастаған саналы азаматтар жаппай бой көрсете бастаған.
Ұлттық сана, ұлттық намыстың дүр сілкінген шағы. Содан да болар, көп ұзамай облыстық «қазақ тілі» қоғамы құрылды. Оның төрағалығына тағы да сол кездегі облыстық «Жерұйық» газетінің журналисі К. Әбдірахманов сайланды. Міне, осы бір қысылтаяң сәттегі редакция журналистерінің саяси белсенділігін бас редакторы Т. Әбдуәлиевтің өзі қолдап қана қоймай, қиын сәттерде ешнәрседен қаймықпастан облысымыздың аумағындағы саяси оқиғалардың бірде-бірі «Азат» қозғалысының, «Қазақ тілі» қоғамының және «Жерұйық» редакциясының назарынан тыс қалып көрген емес.
Дәл осы жерде мына бір фактіні де көлденең тартқан жөн сияқты. Ол кезде бүкіл тәуелсіз еліміздің жетпіс жыл ұстанған бағытын 180 градусқа бұру үшін неше түрлі тәжірибелер жасалып жатқан болатын. Әркімнің өз билігі өзінде. Әсіресе, билік басындағылардың жұлдызы жарқырап, айы оңынан туып тұрған шақ. Әлі де болса тарай қоймаған колхоздар мен совхоздардың басшылары қара құмырсқадай халқы бар Қытай жаққа көз тіккен. Арзан жұмыс күшімен пайдаға белшесінен батқанды кім жек көрсін?!
Биліктің аты – билік. Көп ұзамай-ақ қара қытайлар облысымызға ағыла бастаған. Арықтағы бақа-шаянға дейін ұстап жей бастаған олар көп ұзамай-ақ топырлап ауруханаға түсе бастады. Мұның арты айғай-шуға ұласып барып әрең басылған. Бірақ, дәл сол сәт жерімізге бауыр басқан Қытай азаматтарының бірте-бірте қалып қалу хаупін ешкім ойламаған-ды. «Жерұйық» газетінің бірінші бетіне Т. Әбдуәлиевтің «Несіне мәз боламыз?» атты мақаласы шыққан соң ғана бұл мәселе арнайы Үкімет отырысында қаралып, Қытайдан арзан жұмыс күшін әкелуге тыйым салынды.
Қайта құру мен демократияның қуатты дүмпуі Қазақстан түгілі әлемді аузына қаратып отырған КСРО атты ұлы империяның да қабырғасын қақыратып, шаңырағын шайқалтып кетті емес пе? АҚШ-пен тез тіл табысқан КСРО да өз ракеталарын жоюға келіскен. Олар негізінен Германия мен Чехословакиядан шығарылған ракеталар еді. Осыларды сол кездегі «Правда» мен «Известия» газеттері жазғандай «адамдар тұрмайтын» Сарыөзек жазығында жою ұйғарылған болатын. Бұл хабар облыс жұртшылығын едәуір әбігерге салды. Орыс тілді газеттер «ракеталарды жару жолымен жоюдың ешбір зияны жоғын» жарыса жазып жатқанымен, әркімнің-ақ көкейінде «егер соншалықты зиянсыз болса әуре болмай-ақ сол тұрған жерлерінде неге жара салмаған?» деген күмәнді сұрақ тұрған еді.
Міне, редакциядағы кезекті бір лездемеде осы жайында әңгіме қозғалған сәт, Тұрсын Әбдуәлиев: – Жігіттер! «Азат» қозғалысы  мен «Қазақ тілі» қоғамын көтермесеңдер қарсы шығар басқа күшті көріп тұрғаным жоқ, – деді. «Түйеге «айт шу!» деген де дем» демекші, осының өзі-ақ жанығып жүрген жігіттердің намысын жанып өткендей болды.
– Оған бару керек, жүру керек қой. Жұмысты қайтеміз? – деді жігіттер.
– Сендер жүрсеңдер қара бастарыңның қамы үшін емес, еліңнің, жұртыңның қамы үшін жүрмеуші ме едіңдер?! Бұл не сөз?! Бәріміз де осы ел-жұртымыздың амандығы үшін шауып жүргеміз жоқ па? Қайда барамыз десеңдер жол ашық! Тартынбаңдар! – деді ол өңі қарақошқылданып…
«Азат» қозғалысы мен «Қазақ тілі» қоғамы белсенділерінің бірі, журналист Қанат Асқаров айтады:
– Дәл осы кезде облысымызда «Жетісу» экологиялық ассоциациясы құрылып, оның төрағалығына К. Әбдірахманов сайланған болатын. Осының бәрі біздің Сарыөзек тай-таласына тікелей араласуымызға мүмкіндік берді. Америкадан Джон Уильямс дейтін генерал бастаған бақылаушылар келген екен. Мінез-құлқы біздің ұғымымыздағы генералға мүлдем сай келмейді. Аса қарапайым. Біздің қойған сұрақтарымызға күле жауап береді. – Бізде де ракеталарды жою процестері жүріп жатыр, – дейді ол. – Бірақ бізде барлық ракеталар жару жолымен емес, кесу жолымен жойылады. Ең алдымен қымбат металдары кесіп алынады. Ал жарған күнде ауа райы, желдің бағыт-бағдары, ең аяғы сол маңдағы елдің көңіл-күйіне дейін ескеріледі. Ал, сіздерде, қызық…
Иә, шынында да біздерде «қызық» көп болды. Әйтеуір шамамыз жеткенше ракеталардың қауіпсіз жарылуына күшімізді салып-ақ бақтық. Билік басындағылар тайсақтаған жерде біз кимелеп кететінбіз. Мұның да өзіндік ықпалы болған шығар деймін, әйтеуір осы бір жауапты сәтте аянып қалғамыз жоқ. Осының бәрі газетіміздің редакторы Тұрсын Әбдуәлиевтің азаматтық тұлғасын айқындайтын детальдар деп ойлаймын…
Тәуелсіздік таңының алғашқы жылдарында тәй-тәй басқан еліміздің саяси өмірінде мұндай тығырыққа тіреген, ел тағдырын қақпақылға салған оқиғалар аз болған жоқ. Әйтеуір «Азат» қозғалысы, «Қазақ тілі» қоғамы мен «Жетісу» экологиялық ассоциациясы сияқты мемлекеттік емес ұйымдардың белсенділігі арқасында облыс жұртшылығын кейбір көзге көрінбейтін қауіп-қатерден арашалап қалудың да сәті түскенін бүгінде ашық айтуға болады.
Ол кезде жалғыз бізде емес, тәуелсіздік алған өзге республикаларда да халықтық қозғалыстар жұмыс істеді. Біздің «Азат» қозғалысы олармен үнемі байланысып, хабарласып тұратын. Бірде Әзірбайжаннан «Халық майданы» қозғалысының мүшесі Хамит дейтін жігіт телефон соқты.
– Әй, бауырлар, абай болыңдар, сендердегі Текелінің шахтасына Чернобльдің бір состав топырағын алып бара жатыр, – деді де, барлық мәліметтерін қоса хабарлады. Вокзал басында күндіз-түні кезекшілік жасап жүріп тосып алдық. Егер кері әкетпесеңдер, бүкіл қала халқын көтереміз деп шу шығардық. Біздің боспалауымызға шыдамай кері алып кетті. Дәл осы Хамит екінші рет телефон соғып: – Немене, сендердің өзі картоптарың таусылып қалып па еді, сендерге бірер вагон Беллоруссияның картобын алып бара жатыр ғой. Соны жемей-ақ қойғандарың дұрыс шығар, – деді. Айғайласып жүріп мұны да қайтардық. Бүгін ғой міне, «сонау Әзірбайжанда жүріп біздің халқымыздың қамын жеп жүрген осы бір Хамит сияқты азаматтар бірен-саран болмай көбірек болса ғой» деп те тебіренесің.
Мен мұның бәрін неге айтып отырмын? Өйткені, ел қамымен жүгіріп жүрген осы жігіттердің қай-қайсы да Тұрсын Әбдуәлиевтің қол астындағы қызметкерлер. Олардың шынайы міндеті – газет шығару. Ал саясатпен тек қана жұмыстан тыс уақыттарында ғана айналысуға қақылы. Егер редакторы: – Әй, жігіттер, не біржола саясатпен айналысыңдар, не болмаса мына негізгі нан жеп жүрген жұмыстарыңды істеңдер, – десе оған кім қарсы шыға алады. Жо-оқ, ол өзінің жеке басының амбициясынан өз халқының мүддесін жоғары қоя білді. Билік басындағылардың қабағын баққан жоқ, елінің, жұртының қабағына қарады. Ұлт мүддесі дегенде талай» жерде қарсыластарының куәсі болғанымыз да бар. Кейбір тарыдай түйсігі жоқ бейпілауыздардың «Өй, Әбдуалиев пе? Ол дегені нағыз барып тұрған рушыл ғой?!» деп езуін көпіртетіні бар. Бұл енді өзінің ішін қара мысық боп тырналап жатқан рушылдығын жасыру үшін айтатын уәжі. Өйткені, біз білетін Тұрсын Әбдуәлиев рудың емес, ұлтының қамын жейтін азамат. Бұған да көп деректің бірін келтіруге болады.
Сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сол кездегі Жоғарғы Кеңеске депутаттар ұсыну жүріп жатты. Сонда Т. Әбдуәлиевтің ұсынысымен облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы К. Әбдірахмановтың кандидатурасы мен Қ. Асқаровтың кандидатурасы қолдау тапты. «Бірі болмаса бірі өтуге тиіс» деген ұйғарымға келдік. Үмітіміз ақталып Қанат Асқаров Қазақстанның Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Бұл – облыстық деңгейдегі журналистің Жоғарғы Кеңеске депутат болып тұңғыш рет сайлануы болар. Осының бәріне газетіміздің сол кездегі бас редакторы Тұрсын Әбдуәлиевтің қолдауы арқасында ғана қол жеткіздік.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Өз халқына жасаған осыншама «қолғабысын» міндетсіп жатқан Түкең жоқ. Әлдебіреулер бұл жайында сөз қозғай қалса «Әй, жігіттер-ай, біз халқымыздың алдында мәңгілік қарыздармыз ғой» деп бұрылады да, жүре береді. Қазір зейнет демалысында. Құдай қосқан қосағы Рәш екеуі өз перзенттерін отаулатып шығарды, ендігі жерде немерелерінің қызығын көріп отыр. Түкең болса еліміздегі саяси өмірдің белсенді мүшесі. Бұл күндері жаңадан шаңырақ көтерген Қазақстан демократиялық партиясының облысымызда құрылған филиалының тең төрағасы. Осының өзінен-ақ іштей әбден ширығып, толғанып, толысқан Түкең саясат соқпағына біржола бет бұрғанын аңғару қиын болмаса керек. Олай болса, азаматтың ақ туына кір шалдырмай келе жатқан әріптесім Тұрсын Әбдуәлиеге саясаттың сапырылысқан айдынында да бағытынан жаңылмай, елінің жоғын жоқтайтын ұлтжанды перзенті болып қалуын тілеген болар едім.

Тәкен ӘЛІПБАЙ, 
Қазақстан Республикасының мәдениетіне еңбек сіңіргенқызметкер
Талдықорған қаласы
«Тағылым» кітабы, 2009 ж.

Қатысты жаңалықтар

Өз тарихында тұңғыш рет Суперкубокқа ие болды

Өз тарихында тұңғыш рет Суперкубокқа ие болды

08.02.2026
«Жарымжан жарнама»: Мағынасыз маңдайша

«Жарымжан жарнама»: Мағынасыз маңдайша

08.02.2026
Футбол: «Жетісу» Түркияда жаттығуда

Футбол: «Жетісу» Түркияда жаттығуда

08.02.2026
Алакөл ауданында асыл тұқымды қой шаруашылығы құрылмақ

Алакөл ауданында асыл тұқымды қой шаруашылығы құрылмақ

08.02.2026
Жаркенттік кәсіпкер қой жүнін кәдеге жаратуда

Жаркенттік кәсіпкер қой жүнін кәдеге жаратуда

08.02.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.