Аудандық орталық аурухана директорының орынбасары Гүлзада Асубаеваның айтуынша, бүгінге дейін жалпы ауданда COVID-19 ПТР сараптамасынан 30150 адам өтіп, олардың ішінен 795 адамда вирус анықталған. Бұл науқастар ауруханада ем қабылдап, оның 596-ы сауығып шықса, өкінішке қарай, 9 науқас қайтыс болған.
Бүгінгі күнде коронавирус жұқтырған 60 адам ауруханада ем қабылдауда. 120 адам үй карантиніне алынып, дәрігердің бақылауында емделіп жатыр. Пневмониямен ауданда 1056 науқас тіркеліп, оның 967-і жазылып шықса, 41 адам қайтыс болды. Ал 48 науқас ем қабылдауда. Ауданда коронавирус инфекциясы мен ковидтік пневмонияға күдікті науқастарды емдеу үшін барлығы 170 төсек орын дайындалған.
Өңірде денсаулық сақтау қызметінің жұмысы қауырт. Қазіргі кезде ауданда коронавирус індетіне қарсы екпе жұмыстары жүргізілуде. Вакциналау кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бірінші кезекте вакцинаны халықтың коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары топтары алады. Одан әрі иммундаумен халықтың осал топтары қамтылады.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы





