Биыл ақын, әнші, журналист Зекен Әбілдаевтің туғанына 80 жыл толды. Небәрі 52 жасында өмірден озған талант иесінің өмір жолын, шығармашылығын насихаттау мақсатында аудандық кітапханада рухани шара шымылдығын түрді.
Әдеби-танымдық кеш барысында Зекен Әбілдаевтің бауыры, Қазақстан Журналистер одағының, Әлем халықтары Жазушылары одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Шынәділ Мұқан-ұлы жиналған көпшілікке ақынның ауылда жүріп-ақ республикалық, облыстық газет-журналдар бетінде оқырмандарын жырларымен тамсандырғанын айтып, ерекше әсер сыйласа, аудан өнерпаздары Алтынай Жәңгір мен Гүлмира Қасабекова ән әуелетті.
Өз кезегінде Қазақстанның Құрметті журналисі Сағидолла Сиқымбайұлы ақынның сахна төрінде орындаған әндері мен ойнаған рөлдеріне тоқталды. Ол өз сөзінде: «Аудан орталығы Бақанас ауылында құрылған аудандық халық театры Зекеннің өмірдегі де, өнердегі де жолына үлкен бетбұрыс әкелді. Тағдыры қызық жанды халыққа танытқан әуелде осы халық театры болса, одан кейін аудандық «Балқаш еңбеккері» газеті еді», – деп айрықша атап өтті.
Қапшағай қалалық «Нұрлы өлке» газетінің бас редакторы Алтынбай Сиқымбеков ақындығымен, алғырлығымен, шебер әнші, күйшілігімен жұртының сүйіктісіне айналған абзал азаматтың әдеби мұрасы мен еңбегі ерен екендігіне тоқталса, «Балқаш өңірі» газетінің ардагері Серік Бекжігітов те ақын ағасы жайлы естелік әңгімелерімен бөлісті.
Әдеби кешке арнайы келген Зекен Әбілдаұлының ағайын-туыстары, балалары мен көршілері әсерлі естелікпен бөліссе, Шұға Смағұлова мен Бақтығали Дәуітбаев ақынға арнаған өлеңдерін оқыды.
Салтанатты шараның соңында Алматы қаласындағы «Балауса» баспасынан жарыққа шығып, әлі сиясы кеуіп үлгермеген «Кемпірқосақ» жыр жинағы мен «Ерте үзілген жыр-ғұмыр» атты естеліктер кітабының тұсау кесу рәсімін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б. Сқабаев пен Қазақстанның Құрметті журналисі С. Сиқымбай орындап, ақын рухына тағзым етуге жиналған көпшілікке қос кітапты ұсынды.
Алтынай СЕЙТКЕН
Балқаш ауданы





