Жетісудың табиғаты мен ондағы адамдар ойға, қиялға, өлең мен жырға бай болса, бұл қасиеті өзінің туған жерінің сұлу табиғаты мен адамдардың көңіл-пейілінен шығар?!
Шара Әсетқызымен алғашқы кездескен күннен бастап оның бойындағы берекелілікті жомарт табиғаттың берген сыйы болар деген ойдан бірде-бір рет айныған емеспін. Ол заңды да. Ол кісінің туған жері суы да, нуы да мол Қызылащы деген жер.
Әлі есімде, күздің бір жайма-шуақ кезі. Университетте сабақ басталып, оқуға түскен студенттер мен жаңадан келген әріптестермен танысып, екі семестр бойынша оқитын пәндерімізді алып, аласапыран болып жатқан кез. Кафедрамыздың кезекті жиналысында бастығымыз, кафедра меңгерушісі Күлтай Әбілқасымқызы бәріміздің басымызды қосты. Арамызда бұрын болмаған, қысқа қиылған шашты, әдеміше келген, орта бойлы, өзіне жарасымды, сәбіз түстес көйлегі бар әріптесімізді таныстырды. Бұған дейін азды-көпті жылдар ішінде орта мектепте сабақ берген тәжірибелі мұғалім екенін жеткізді. Жүзі жылы екен. Бойында сабырлылық пен салиқалылықтың белгісі нышан берді. Айналасына жіті көз тастаған одан «менімен осы адамдар жұмыс істей ме екен?» деген сынаулы көзқарас сезіліп-ақ тұр. Әр сөзі безбенмен өлшегендей салмақты, артық ауыз айтары жоқ, бір қарағанда бұйығылау ма деп те қалуыңыз мүмкін.
Көп ұзамай танысып, «жақсыда жаттық жоқ» дегендей, әріптес есебінде жарасымды, құрдас-замандастардай араласып кеттік. Отбасы, бала-шағасы, туған-туысы бар көпшіл жан болып шықты. Өз ісіне мығым, жауапкершілігі мол, бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын, шаршауды білмейтін, еңбектің нағыз қара торысы екен.
Сөйтсем, ол бергі жағы. Әкесі Әсет талғамы жоғары білімді тарихшы екен. Білері көп, тәжірибесі мол ауыл ұстазының берері аз болмаса керек. Тарих пәнінің мұғалімі ретінде болашағынан үлкен үміт күткен қызының тәлім-тәрбиесіне жіті көз тастап, үкідей ұстауы да ойлантарлық жағдай.
Әдетте үйдегі ыдыс-аяқ сылдырламай қоймайды. Анасы Үміт қабақ шытып, дауыс көтере бастаса, әкесінің: «Ұрыс басталып кетіпті ғой, сізге бейбітшілік жариялаймын» деп қолын көтеріп, кикілжіңді әзіл-қалжыңға айналдыратын әдеті бар екен. Демек, үйдегі ахуалды ушықтырмай, тату-тәтті, ың-шыңсыз ұстаудың өзі үлкен өнер.
Берекелі он шақты баланың ішінде өскен Шара Әсетқызы барға қанағат, жоққа сабыр қағидасын бала кезден ұстанады.
Өсе келе арман қуып Алматыға барады. Мақсаты – әкесі секілді ұстаз болу. Бірақ «ағаш ұстаған жерден сынбайды» десек, бірден оқуға түсе алмай, «қара жұмыс» істеуге мойын бұрады. Құрылысқа қабылданып, оның ащы-тұщы дәмін татады. Қиын жұмысты да аз уақытта меңгеріп, құрылыс басшылығының құрметіне бөленеді.
Дегенмен, арманды да іске асыру керек. Арасында дайындықты да тастамай, мақсатқа жетуде іздене жүріп Казақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне қабылданады. Мұның баға жетпес бақыт екенін білетін ол университет кітаптарын бас алмай оқып, бойына мол білімді құшырлана жинайды.
Діттеген оқу мерзімі аяқталып, қолына диплом алып, мектепке де қабылданады. Отау құрып, балалы-шағалы болып, күнделікті тіршіліктің қым-қуытына кірісіп кетеді. Өз мамандығының қыр-сырын жан-жақты меңгерген соң ары қарай өзін кемелдендіріп, дамытып отыруды ойлайды. Мектептің берері аз болмаса керек. Дегенмен, жоғары оқу орнына барып, өз мүмкіндігін сынап көруді жөн санайды. Осылайша 1993 жылы Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы педагогикалық институтының филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандарын даярлайтын оқу орнына орналасады. Кафедра меңгерушісі Күлтай Әбілқасымқызы мінезі орнықты, сабырлы оқытушының алар биігі алда екенін сезген болса керек, мамандық бойынша курстың небір күрделі пәндерін беріп, ширықтыру, шынықтыру мақсатын көздейді. Аз уақыттың ішінде әдебиеттің терең қырларын меңгеріп, алдыңғы қатарлы ұстаздардың қатарына ілігеді, шәкірт ықыласына бөленеді.
Осы тұста арамыздағы әріптестік қатынас достықтан жегжаттыққа ұласып, Шара Әсетқызының ұйғаруы бойынша зайыбым екеуміз кенже ұлы Аянның кіндік әкесі мен шешесі болдық. Үй арасы, қора-қопсы, ыдыс-аяқ араласа келе туыстай болып, бір-бірімізсіз той-томалақтарымыз өтпейтін күйге жеттік. Балалар да бауырдай болып кетті.
Біз осы ұзақ жылдарда танып білген Шара Әсетқызы өз пәнін жанындай жақсы көреді. Оны жан-тәнімен айналасына сездіртеді. Тағы бір байқағанымыз – оның Мағжан поэзиясына деген ынтық сезімі.
Ақын өлеңдеріне деген іңкәрлік зерттеушілікке жетелейді. Үлкен, күрделі тақырыпқа бой ұрып, 2001 жылы Абай атындағы педагогикалық университетінің «Қазақ әдебиеті» мамандығы бойынша арнайы мамандандырылған ғылыми кеңесте ғылым кандидаты атағын сәтті қорғайды.
Ғылыми жетекшісі филология ғылымдарының докторы, профессор Жаңғара Дәдебаев болды. Бұл диссертациялық еңбегі жоғары бағаға ие болып, ғалымдардың ыстық ықыласына бөленеді. Сол еңбегі кейін жеке монография есебінде жарық көріп, әдебиеттің көкжиегінде, поэзия мен лириканың биігінде өз орнын тапқаны қуантарлық жайт. Ол аздай, осы кезге дейін ғалымның өз қолынан онға тарта монография мен оқу құралдары, оқулықтары мен әдістемелік еңбектері жарық көріп, рейтингісі жоғары оқытушы-профессор қатарына қосылады.
Шара Әсетқызының республикалық, халықаралық дәрежедегі түрлі басқосулар мен жиындарда мәртебелі комиссия мүшесі ретінде еліміздің түкпір-түкпірінде болып, абыройлы қызмет атқарып, жоғары марапаттарға ие болып жүргені де қуантады.
Білім саласында жүздеген шәкірт тәрбиелеп, бүгінде әже атанып, бала-шағасының қызығын көріп, зейнет жасына жетсе де еңбектің қыр-сырын біліп, оны дөңгелентіп іске асырып отырған Шара ұстаздың өнегелі өмірінен абыройлы жанның қолтаңбасын жазбай тануға болады.
Мұратбек ИМАНҒАЗИНОВ,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы,
«Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі





