Патша болған пірлер де өткен,
Жердің жүзін сайран еткен.
Сақып қыран серілер де өткен,
Бұл өмірге кім келіп, кім кетпеген», – деп әкем Қуат Терібаев өлеңдетіп отырушы еді. Оның өмірден өткеніне бірталай жылдың жүзі болды.
Әкемнің жеті атасының туып-өскен жері Ақсу өзенінің тау сағасымен астарлас жатқан, қыста қатпайтын, Жаман Ақсу деп аталатын өңір. Көкшалғынды, шұрайлы алқап. Ұжымдастыру кезінде осы алқаптың тау сағасындағы Шадай деген кісінің зиратына жақын жерден артель ұйымдастырылып, «Үштөбе» деп аталатын ұжымшар құрылады.
Шадай ауылының үй саны 40-42-ден аспаған. Осы 40 үйден Отан соғысына 33 ер-азамат аттанады. Солардың 18-і әртүрлі жарақат алып, отбасына аман-есен оралыпты.
Ал, 1953 жылы 5 ұжымшар біріктіріліп, Чапаев атындағы ұжымшар деп аталды. Әкем қай жерлерде қыстау болды, кім қай жерге егін екті, алқаптың қалай суарылғанын қолмен қойғандай айтып отыратын. Енді ойлап отырсам, сонда туып-өскен өлкесінің сұлулығына құмартып, сүйсініп отырады екен ғой.
Әкем өте балажан еді. Үш баласы – Мұхамедияр, Жармұхамет, Нұрқамзаны көзінен таса қылмайтын. Өзін өте жақсы көруші едім. Ол: «Балықтың жаны суда, Жәкеңнің жаны менде» деп отыратын. Содан болар, әкем жолаушы шыққанда мені қасынан тастамайтын. Ренжісем жолға шықпайтын. Өкпелетпеуім керек деп өзіне сөз берген сияқты.
Жаз айында інім Нүкенді (Нұрқамза) ертіп, Үлкен Ақсу мен Жаман Ақсудың өзендерінен найзамен балық аулауға шығатынбыз. Шіркін, сол кездегі балықтар-ай! Көп, ірі болатын. Қыс айларында қырдан қырғауыл, қояндарға тұзақ, қақпан қоятынбыз.
Ұмытпасам, 1946 жылдың қысында жайылып жүрген қойлардың ішінен бір тоқтыны көкжал қасқыр арқасына салып, алып қашты. Ауыл адамдары қанша айқайласа да қасқыр қорыққан жоқ. Әкем ерттеулі тұрған атқа міне салып, қасқырды қуа жөнелді. Қолындағы қайың құрығымен екі рет ұрып, аяғын сындырыпты. Содан алысқа қаша алмай, арықтың ішіне түсіп жатып қалыпты.
Қасқыр біраз тынығып алып, ат үстінде қарап тұрған әкеме атылады. Әкем барлық күшін жинап, қолындағы үзеңгімен қасқырдың тұмсығынан бір-екі ұрып жіберіпті. Әлсіреген қасқырдың азуы денесіне дарымай, шалбарын жырта сылқ етіп құлап түсіпті. Қасқырдың өлгеніне әбден көзі жеткен соң алдына өңгеріп, ауылға алып келді. Қасқырды көреміз деп ауылдың үлкен-кішісі жиналды. Әкем үйге келген балаларға түз тағысын қалай ұрып алғанын әңгімелеп берді.
Әкем Ақсу өзенінің тең ортасындағы ақшуланды бір отар қойдың орнындай «шилі төбені» ерекше ілтипатпен атап, көрсетуші еді. Бұл төбе «Шилі кешер» деп аталады екен. Сүйген қызы Күнсағиламен уәделесіп, осы жерде кездесіп, түнделетіп алып қашқан екен. Сол кезде әкем өзінің жастық, адал махаббатының бақытсыздыққа тап боларын ойламаған да болар.
Екі Ақсудың арасын бөліп жатқан Тәнікбай аралының басталар жерінде май зауытының пункті «Маслопром» орналасқан. Бірде балық аулау сапарынан Нүкен үшеуміз қайтып келе жатқанбыз. «Маслопромға» соғып, сусын ішіп шығайық», – деді. Есік алдында жүрген бойжеткен қыз баланың қолынан сусын іштік. Сөйтсек, әкем бізге болашақ жеңгеміз Жібекті көрсеткен екен. Құдамыз Кесікбай, құдағиымыз Нұрилаға құда түсіп, үлкен ағамыз Мұхайды (Мұхамедияр) үйлендірді. «Шүкір Аллаға, қырыққа келгенде көрген ұлымды үйлендіріп, келінді болып отырмын», – дейтін құтты болсын айтып келгендерге. Қыстың ұзақ түндерінде ескі қисса-дастандарды айтып беруден жалықпайтын. Анамыз Рабиға қайтыс болып, өмірін өксіткен сол кезеңді былай деп сипаттайды:
Сергелдең ойға түсіп ақыл таппай,
Жүрегім жараланды атпай, шаппай.
Тар ойлап дүниеден тез суынып,
Отырамын өз денеме өзім жақпай.
Айырылып алған жардан балалар жас,
Жібердің өткен іске белгі тақпай.
Ойымды қайғы кернеп әлсіретті,
Денемнің сезіміне жауап қатпай, – деп қатыгез тағдырға тап болғанын, жан дүниесінің жараланғанын өлеңге қосқан.
Шешеміз қайтыс болғаннан кейін біраз ай бізді атамыз Ішпекбай мен апамыз Рабиға бақты. Үйлеріне көшіріп алды. Атамның әпкесі Мырзақыз үйлендірейін деп отырған жалғыз ұлы Ақылбай қайтыс болған соң төркініне қайтып келген екен. Атам мен апам бір отар қой алып, жаз жайлау, қыс қыстауға көшіп-қонып жүрді. Біздерге ендігі жерде Мырзақыз (дәу апамыз) ие болды. Дәу апам сөзге өте шебер, тауып сөйлейтін, мақал-мәтелсіз сөз айтпайтын, адуынды, зор денелі, қайратты кісі еді. «Жанымды қинап жұмыс істесем ұлымның артынан тез өлермін деп демалмай жұмысты істей бердім, бірақ одан өлмедім, есесіне «стахановшы» болып шыға келдім» деп күлдіретін. Әкем 1928 жылы ірі байларды кәмпескелеуге қатысыпты.
«Байлар: Қарағым, Қуат, дүние кезек, міне, сенің заманың туды, не істесең де қолыңдамыз», – деп бар малын айдап әкеліп, жылап жіберетін. Малының барлығын алып, жүректерін жараламадым. Сонда алғыстарын жаудырып кететін. Менің осылай жүргенім солардың берген баталарының әсері шығар», – дейтін әкем.
Әкем құмар ойын, картаға әуестенбеген. Бірде әкемнен үлкен бауырым Мұхамедияр туыстарының бәрінің аттары «бай» сөзімен аяқталатынын, неге оның есімі Қуат екені жәйлі сұрады. Әкем Терібайдан туған балалардың барлығы өле берген соң ең құрымаса осы балам тірі болсын деп тілеп, әкемнің есімін Қуат деп қойған екен. Атамыз 43 жасында қайтыс болып кетіпті.
Әкем Қуат 1942 – 1948 жылдары «Ақсу» кеңшарында театрда істеп, аудандарды аралап жүретін. Партия басшыларының тапсырмасы бойынша барған жерде жасалып жатқан жұмыстарды, азаматтарды, соғыстағы жауынгерлер ерлігін жырға арқау етіп, өлеңге қосатын. Олар 1943 жылдың жазында, соғыстың қызу жүріп жатқан кезінде театр ұжымымен Сарқан, Андреев, Алакөл, Бөрлітөбе, Қапал аудандарын аралап, концерт, спектакль қоятын. Шеге, Маман бай, Қарабайдың рөлдерін ойнағанда сахнадан әкемді танымай қалып жүрдім. Кейіпкердің болмысына біржолата айналып кететін.
Ауылдарды аралағанда басшылар театр адамдарын әртүрлі қабылдайтын. Дұрыс қабылдау болмаған жерде бастықтарды өлеңмен мінеп, бетіне айтып тастайтын. 1949 жылы әкем Ақсудың партия комитетіне шақырып жатыр деген хабар алып, ауданға кетті. Өзі айтқандай, үстінен арыз түсіп, бұл жолы сұрақ алатын органга алып барып, екі күн тергеп, айтқандары дәлелденбегендіктен босатып жіберіпті.
Ұмытпасам, 1950 жылы жазда салт ат мінген жолаушы әкемді іздеп келді. Түріне қарасам орыс ұлты сияқты. Бірақ қазақша сайрап тұр. Әкеміз үйге келген қонаққа орнынан тұрып, қошемет көрсетті. Құшақтасып, бауырына қысып амандасты. Шай ішіп демалғаннан кейін екеуінің жас кезден дос болғанын, қиналған кезде бір-біріне қол ұшын бергенін, той-думанда талай айтысқа түскендерін айтып отырды. Әңгіме барысы Антоновка, Черкасск, Сарқан жақтың адамдары туралы болды. Келген кісі қонып, ертеңінде қоштасып, қайтып кетті. Ол аттанып кеткен соң әкем: «Ол «Энергия» ұжымшарында тұратын кәрі партизан. Ыстығы мен суығы мол көп қиындықты бірге көрген досым – Трофим Герасимович Бездудный», – деді.
Республикалық, облыстық жиын, ақындар айтысы, слеттерге 1936 жыл мен 1947 жылдар аралығында жиі қатысқан. Абайдың 100 жылдығына қатысып, оның толық жинағын алып келді. Тасбекеттегі өзінің замандастарын ерте келіп, қонақ еткен еді. Абайдың өмірі туралы айтып, өлеңдерін оқып берді. 1936 жылы республикалық ақындар айтысына қатысып, алдыңғы қатарлы жүлдеге және «Халық ақыны» деген атаққа ие болып қайтты. Ол 1943 жылы республикалық ақындар айтысында бірінші орынға ие болып келді. 1945 жылы Қалқа Жапсарбаевпен айтысты.
Әкем 1946 жылы Жамбылдың 100 жылдығына арналған айтысқа дайындалып, Семей облысының ақыны Нұрлыбек Байболатовпен айтысу үшін Семей, Павлодар облыстарын аралап, Алматыға қайтып келе жатқанда вагон ішінде Нұрлыбекке үш-төрт ауыз өлең жазыпты. Соның бір шумағы есімде қалыпты:
«Арқаға жетіп жатыр жеті момын,
Сенімен толтырмайды арғын тобын.
Сайқалсың, лайланбай жөніңе жүр,
Кеудеңнен өткізейін сөздің оғын» – деп отырғандарды ду күлдіріпті. Содан Нұрлыбек ақын Алматыға келген соң Қуатпен айтыспаймын деп жекпе-жектен бас тартыпты.
1951 жылы баспадан «Өмір жыры» деген шағын кітабы жарық көрді. Қаламақысын алуға Алматыға бірге ілесіп бардым.
Ол шағын кітабының жарыққа шыққанына ерекше қуанды.
Алматыдан науқастанып, үйге қайтты. Сонда әкеммен соңғы рет сапарға шығыппын. Науқасы асқына берді. 1952 жылы наурыз айының 29-ы күні таңғы сағат 6-да қайтыс болды. Қайтыс болғанда қасында бауырлары Батырбай мен Тәңірберген болды.
Ішпекбай атамыз малдан шыға алмай, кешігіп, қойып қойғаннан кейін келіп, ұзақ жылап жоқтау айтты:
Оқыдым Құран басыңа,
Отырдым талай қасыңа.
Жас баладай арсаңдап,
Отырушы едің асыла.
Кеткеніңде бола алмай,
Қолымнан сусын бере алмай,
Жерім шалғай болған соң,
Арманда қалдым көре алмай, – деп бәрімізді жылатты. Жетісі өткенше басына барып, Құран оқып жүрді.
Ғалым Анарбай Бұлдыбаевтың құрастыруымен 1986 жылы «Ағынды Ақсу» өлеңдер жинағы шықты. 1991 жылы Қазақстанның Халық ақыны Қуат Терібаевтың 100 жылдығы республика бойынша аталып өтіп, туған жеріндегі Көкөзек орта мектебіне Қуат Терібаевтың аты беріліп, мектеп алдына қоладан бюст қойылды. Облыстық, аудандық ақындар айтысы өз дәрежесінде өтті. Сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Наурыз Қылышбаев Алматыдағы партияны тарату жөніндегі съезге бармай, әкемнің 100 жылдығын өткізуге ерекше мән берді.
Аудан халқы, атаның ұрпақтары Наурыз Қылышбаевтың азаматтығы мен адамгершілігін ешуақытта ұмытпайды.
Жүз жылдыққа орай әкемнің «Көкөзек» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Үш ұлынан өрбіген 9 немересі, 14 шөбересі есейіп келеді. Немерелерінің барлығы қызметте. Ата атына кір келтірмей адал еңбек етуде. Осы жалғыз қолтаңбасымен әкемнің және өзімнің өмірім туралы келер ұрпаққа естелік қалдырдым.
Жармұхамбет ҚУАТҰЛЫ
Жансүгіров ауылы,
Ақсу ауданы





