«Jetisy media» ақпараттық алаңында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнәр Тойлыбаеваның қатысуымен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының 2020 жылғы жұмыс қорытындылары, 2021 жылға арналған жоспары туралы брифинг өтті.
Халықтың сенімін арттыру мақсатында қызмет ететін партия ауқымды жұмыстар атқарған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қорына еліміздегі бизнес өкілдері демеушілік жасап, қорға 2, 2 миллиард теңге жиналған. Нәтижесінде аймақтағы көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, ардагерлерге жәрдемдескен.
Жалпы алғанда, 44 мың отбасыға көмек көрсетілген. Мұнымен ғана шектелмей, 318 миллион теңгеге 19 мыңнан астам отбасына азық-түлік себеттері мен дәрі-дәрмек таратылған. Сондай-ақ, Мақтааралға да көмек жеткізілді. Бұдан бөлек, балалардың құқығын қорғау, мұқтаж отбасының жағдайын түзеу, ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға көмек көрсету, отбасылық зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатындағы жұмыстардың барлығы «Бақытты отбасы» жобасының аясында іске асқан.
Атқарылған ауқымды жұмыстарды баяндаған Гүлнәр Қожағұлқызы:
– Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Осыған байланысты ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отыз жылдықта сіңірген ерен еңбегін дәріптеуіміз керек. Және де облыс орталығы Талдықорған қаласына ауысқанына да 20 жыл толып отыр. Сонымен қатар, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы мен Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы. Біздің алға қойған жоспарларымыздың барлығы осы шараларға негізделген, – деп биылғы жоспармен таныстырды.
Дәулет ХАЛЫҚҰЛЫ




