Облыста кәсіпорындар жанында 80 оқу орталығы ашылған. Онда жұмыссыздарды сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары бойынша оқытады. Осылайша кәсіпкерлердің өндіріске қажетті мамандарды даярлау мүмкіндігі бар.
– Өңірлік палатаның қолдауымен облыста 80 оқу орталығы ашылды. Олар жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығында сұранысқа ие 46 кәсіп пен мамандық бойынша даярлауды жүзеге асырады. Өткен жылы оқу орталықтары базасында 2536 адам қысқамерзімді оқытудан өтіп, оның ішінде 2272 адам жұмысқа орналастырылды, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Әсет Шаяхметов.
Әсет Шаяхметов кәсіпкерлер палатасы жүргізген сауалнамасының нәтижесі бойынша өңірде 4505 маманға қажеттілік анықталғанын айтты. Сұранысқа ие мамандықтар қатарында ауылшаруашылығы, білім беру, құрылыс және халыққа қызмет көрсету салалары бар.
– Сондай-ақ, кәсіпорындардың дуальді оқыту аясында тапсырыс бойынша кадрларды даярлауға мүмкіндігі бар. Жалпы, дуальді оқытудың Жол картасына облыстан техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) мекемелерінің 3225 оқушысы, 23 колледж және өңірдің 344 кәсіпорны 28 мамандық, 47 біліктілік және 9 сала бойынша енді, – деп атап өтті Әсет Шаяхметов.
Оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру үшін «Тәлімгерлік мектебі» жобасы шеңберінде 55 кәсіпорынның 85 тәлімгері оқыту семинарларынан өтіп, ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 30-дан астам өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пән оқытушылары үшін облыстың жетекші кәсіп- орындарының базасында тағылымдамалар ұйымдастырылды.
Сонымен бірге, өткен жылы өңірлік палата «Фермерлік шаруашылық», «Ветеринария», «Құрылыс» мамандықтары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайтуға қол жеткізді.
Жалпы облыста кәсіптік білім беру қызметін техникалық және кәсіптік оқытудың 76 мекемесі жүзеге асырады, оның ішінде 43-і мемлекеттік және 33-і жекеменшік колледж.
Айгүл Байжұмақызы




