8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай мемлекеттік қызметкерлер, өз саласында табысқа жеткен нәзік жандар марапатталды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті және облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған салтанатты жиын Тіл сарайында өтті.
Әлемнің гүліндей құлпырып, тіршілікке жылу, азаматтарға қуаныш, бақыт сыйлап жүрген нәзік жандар мерекесіне орай айшықталған салтанатты жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Ләззат Бейсеқұлова сөз алды. Ол елдің дамуына, мемлекетіміздің экономикалық өрлеуіне өз саласы бойынша бір адамдай сүбелі үлес қосып, ошақтың отын сөндірмей, аналық мейіріммен ұрпақ өсіріп келе жатқан әйелдер мерекесімен құттықтап өтті.
Өз кезегінде облыс әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит Тұрсынбай сөз алып, дүниеге ізгіліктің нұрын шашып жүрген арулар мен аналарды көктеммен бірге келген қуанышты күнмен құттықтады. Сонымен қатар, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Елдар Сапаров та ақжарма лебізін ақтарды.
Барша әлемнің тұтқасы, тағдырдың шаттығы мен қуанышы болып жаралған әйелдер қауымы бүгінде еліміздің дамуы үшін аянбай тер төгіп келеді. Әр салада табысқа кенеліп жүрген оларды мемлекеттің негізгі арқауы ретінде айшықтауға негіз бар. Міне, сол мемлекеттік қызметтегі әйелдер қауымы ақжарма лебіздерден кейін салтанатты түрде марапатталды.
Марапаттау рәсімінен кейін жиын мерекелік концертке ұласты. Арулар, асыл жандарға арналған концертте ән әуелеп, күй күмбірледі.
АРДА БИ





