Алматы облысында «АН-2» ұшағының неліктен жерге қонуға мәжбүр болғаны анықталды. Бұл туралы «Жетісу» газеті хабарлады.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің хабарлауынша, әуеде ұшақ қозғалтқышы жұмыс істемей қалған. Сол себепті әуе кемесі шұғыл түрде жерге қонуға мәжбүр болған. Ұшақта 2 экипаж мүшесі және 3 жолаушы (медицина қызметкерлері) болған.
Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Ұшақ оңтүстік бағыттағы ұшу-қону жолағынан 1,5 шақырым жерге қонды.
Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің (7 қызметкер мен 2 бірлік техника), «Боралдай» аэродромы авиациялық қауіпсіздік қызметі мамандары (15 қызметкер мен 5 бірлік техника) барды.
Айта кетейік, Боралдайдан Кегенге ұшып шыққан санитарлық әуе рейсінен аяқасты ақау шығып, ұшқыштар қайта қонуға әрекеттенген. Алайда ақауы бар ұшақты Боралдай маңындағы сайға қондыруға мәжбүр болған.
«Оқиға 2021 жылдың 26 ақпанында, сағат 12.26-да болған. Іле ауданының Боралдай кентінде «Боралдай-Кеген» бағытында санитарлық авиация бойынша әуежайдан ұшып шыққан «АН-2» ұшағы қозғалтқышының жұмыс істемей қалуына байланысты шұғыл жерге қонуға мәжбүр болды», — деп мәлімдеді ресми өкіл «Қазақпаратқа» берген сұхбатында.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





