Сөзбасы. «Қизатұлынан» кейін «қымыз» атауының мінгесіп тұруына орай ол кісі не ат бапкері, не қымыз сапырып отырған кәсіпкер болды ғой деген ой тууы әбден мүмкін-ау! Дейтұрғанмен, біздің бұл кейіпкеріміздің мейлінше дәріптеуге тұрарлық нағыз азаматтық бейнесін, яки кәсіби болмысын тақырыптағы үшінші ұғым – «қас-қағым сәттің» ашатынына бейіл қойғаныңыз жөн. Өйткені, ол – саналы ғұмырының алпыс жыл уақытын тек қана «қас-қағым сәттерді» аңдумен өткізген айтулы фотомерген. Қазақстанға танымал фотожурналист – Нұрманбет аға Қизатов!
Исі қазақтың барлығы қымыз ішеді. Бірақ, қымызды күтіп, баптап, құрметтеп ішетіндері некен-саяқ. Солардың бірегейі – Нұрағаң! Қымызды қысы-жазы үзбей ішеді. Ол үшін – қымыздан асқан энергетикалық қуат көзі жоқ. Қымыз ол кісінің ғұмырлық әрі үзіліссіз ас мәзірі. «Ойбай, қымыз деген су емес, тоңазытқышта да сақтауға болмайды, үсіп кетеді» деп қымыз құйылған ыдысты киізге әдемілеп орап, мәпелеп балконда сақтағанды көріп, я естіп пе едіңіз?! Ол ілімнің авторы да – Нұрманбет аға Қизатұлы! Өзі мен өзінің әріптестері туралы: «Жарғақ құлағы жастыққа тимей ел ішіндегі жақсылықты естісе бірге қуанып тасыған, жамандығына жасыған, аттың түгіндей қалың елдің ішінде сол аттың кекіліндей ғана аз – журналистика деген ауылдың қаламгер-тілшілер деген тұрғындары болады…» деп қарасөзбен жырлап жүрген де сол Нұрманбет аға Қизатұлы!
«Әй, Қизатов, қылжақты қоймайсың ба!?»
Өткен ғасырдың 80-інші жылдары. Алматы облыстық «Жетісу» газетінің секретариаты. Редакцияның ішінде «бас штаб» деген лақап аты бар секретариатта бастығымыз Жұмаш аға Арғынбай-ұлы, оның сайыпқыран орынбасарлары Көлбай Адырбек, Сырым Құлажанов және мен, техникалық редактор Әлия Сейілхан, суретші Таужан Есбергенова және фототілші Нұрманбет аға Қизат-ұлы бәріміз жұптасып-жұмылып қызмет атқардық. «Бас штаб» десе «бас штаб», тура майдандағыдай – аптаның бес күні үзіліссіз жарыққа шығатын сол тұстағы астаналық-облыстық газеттің қым-қуыт ісімен таңның қалай атып, күннің қалай батқанын сезбейтінбіз…
Үш жігіт ауыздығымен алысқан бәйге атындаймыз. Машинкаға басылып, макетке салынған мақала-материалдар қолымызға тиісімен кезек-кезек баспахананы бетке алып, заулай жөнелеміз. Бетке алғанымызды қайтейін, қанша зауладық десек те Жібек жолы мен Гоголь, Қалдаяқов пен Пушкин көшелері қиылысқан төрт бұрыштағы қазақ-кеңестік алып баспа ғимаратының ішінен шыға алмай, шыр айналып жүргеніміз… Әсем қала Алматыдан күллі Қазақстанға тарайтын барлық газет-журналыңыз осы «төрбұрыштың» ішінде журналистер мен баспагерлердің ақ тер-көк тер күшімен дүниеге келіп жататынын аяулы әріптестер ұмытпаған шығар! Күллі қабырғаға жапсырылған пневматикалық почтамен қатарласып көп жүгіріп кетсем керек, бір күні… иә, бір күні сол Қизат-ұлы көкем менің өн бойымды бастан аяқ шолып тұрып былай ақыл айтты: «…атша шапқылай бермесеңші, курьерді күт. Пневмопошта деген мына пәлесі бар емес пе, соны пайдалан. Ойбай-ау, мына түріңмен сылынып түсесің! Сылынып түсесің… Сырым мен Көлбайға да ылғи айтып отырамын! Аясаңдаршы өздеріңді. Секретариаттың жұмысы оңай емес…». Жаны шын ашып, қамқорси сөйлеп тұр. Шынтуайтында сылынып түссе, осыны айтып тұрған ағамыздың өзі сылынып түспей ме?.. Атша шауып жүрген де өзі! «Жетісудың» редакциясында басшылық пен техникалық қызметкерлерден басқа «сен тұр, мен атайын» деген 20 журналист бар. 20 тілші және жалғыз фототілші! Тілшілердің мақаласы көптігінен газетке күн сайын салынбайды, ал, фототілшінің суретінсіз газет шықпайды. Жалғыз өзі 20 жігітке төтеп берген бұл кісіні «конвейер-көке» демей көріңіз осыдан кейін! Таудан құлаған ақкөбік өзендей ағып жатқан мақалалар тасқынына қас пен көздің арасында Қизатұлы (Ол кезде – Қизатов!) түсірген сырлы суреттер ілініп-ілесіп кетіп жатады. Әр нөмірге судай жаңа суреттер салынатын бұлжымас дәстүр бар. Ағамыз оған қалай уақыт табады, қай уақытта үлгереді – ол жағы тек қана өзіне мәлім! Түсірген әрбір суретінің сыртына дерегін бастауыш сыныптың мұғаліміндей түсінікті етіп жазып, мұқият болу тек Нұрағамыздың ғана бойында бар ұқыптылық. Қамшы салдырмай, құр аттай желе-жортып жүргені. Әдетте тілшілер төрт аттап баратын жерге Нұрағаң екі-ақ аттап жетеді. Енді ше, бойының ұзындығы 200 сантиметрдің аржақ-бержағы… Мұндай бойшаң келген бұл редакцияда өзге жан жоқ. Кейде бір ғана фоторепортажымен білдей арнаулы тілшінің жұмысын қоса атқарып жібереді. Өзінің қаншама күш-қуат, жігерін сарп етіп жүргенін ұмытып, бізге «сылынып түспеңдер» дейді бұл ағамыз. Ғажап! Түстенетін мезгіл таяғанда «Көк базардың» лағман-пағманы сендерге ас болмайды. Ойпырм-ай, бір жанан қымызды сіміріп алуды білмейсіңдер ғой» деп шыркөбелек болып кейігенін қайтерсіз. Жанымызды қоймаған соң кей-кейде ағамызға ілесіп «Көк базарға» барып сол қуат көзі самсап тұрған сөрелерді жағалаймыз. Сондағы ағамыздың көңіл-күйін айтпаңыз. «Әне, жарты жанан қымыз ішіп едіңдер, боп-боз боп жүрген түрлеріңе рең кірді. Қайран, қымыздың күші-ай! Түу…» деп рахаттанып-ақ қалады.
Үшінші қабаттағы «Социалистік Қазақстан» редакциясының суретші-ретушері Жанұзақ Әбдіқұловқа телефон соғайын:
– Ассалаумағалейкум, Жанұзақ аға! Сізді мазалап тұрған «Жетісу» газеті секретариатындағы інілеріңіз ғой. Нұрағамыз іссапарда жүр еді, бізге бір-екі сурет…
Телефонның арғы жағындағы сондайлық жылы да жайлы дауыс сөзімді аяғына дейін жеткізбей бөлді:
– Әй, Қизатов, сенің-ақ әзілің таусылмайды екен… Енді ағаңмен ойнайын дедің бе?
Ыңғайсызданып қалдым.
– Кешіріңіз, Жанұзақ аға, мен секретариатқа жаңадан келген журналист…
– Әй, Қизатов, қылжақты қой деймін… Төбеден дігірлемей, төмен түссейші, кешегі мақтаған қымызыңа барайық…
Ал керек болса! Мен үшін Жанұзақ ағаммен енді Көлбай сөйлесті. Сөйтіп аяқастынан менің дауысым Нұрағамның дауысымен ұқсас болды да шықты. Мұны естіген Нұрағам: «Қымызды үзбей ішетіндердің дауысы ұқсас келеді…» деп бір күліп алды. Тағы да – қымыз!..
Тракторшы қытай жігіті болмай шықты…
Нұрманбет аға екеуміз шегарадағы Нарынқол ауданына іссапарға баратын болдық. Нұрағамның бойына екі бірдей қуанышы сыймай жүр. Біріншісі – Аспантаулар өлкесіне осыншама жыл ішінде он сан барса да, мың сан сурет түсірсе де таулы аймақтың табиғатына бір тояттана алмапты. «Бұл бір ғажап өлке! Тү-уһ…». Қанағат сезімін Нұрағамның осылайша «Тү-уһ…» сөзімен әдемі көркемдеп аяқтайтын әдеті. Екіншісі – «Жай айтып тұр екен деме, бұл Нарынқолдың қымызына жетер қымыз Жер жүзінде жоқ!..» Бітті!
Сол Нарынқолға барамыз дегелі мен де өз ойыммен әлекпін. Өйткені, Қытай радиосының орыс тілінде ерекше жаңғырықпен күні-түні тек қана қысқа толқынды эфирде таратылатын зілді де сесті «Соңғы хабарлары» бала кезден құлағымда… Қазақстанның күллі оңтүстік аймағында оған еш тосқауыл болмайтын! Үлкендерден еститініміз: «Қытайдың радио толқындары күшті». Шығыс Сібірдің кіндігінде әскери борышымды өтеп жүргенде де екі жыл бойы Қытайдан төнетін төтенше қауіпті күткеніміз және бар. Сол жаңғырықты дауыс пен үрейдің қай тұстан келіп жатқанын анықтаудың сәті келіп тұрған секілді. Шегараға барамыз! Бұйыртса, кәдімгі тірі қытайды көретін түріміз бар. Уәде еткен – Нұрағам. «Сүмбедегі заставалық бекеттен дүрбі салып жібереміз, көресің… арғы беттен қызыққан қытайыңды…» деген.
Шегаралық тексеру бекетінен өткен соң Нарынқол ауданының аумағына кірдік. Автобус көкпен таласқан биік таудың арасындағы асфальт жолмен ышқына тартып келеді. Тау аңғарындағы оқтын-оқтын бой көрсетіп қоятын әскери қорғаныс бекеттері – ДОТ пен ДЗОТ алғаш көрген адамға тұла бойыңды шымырлататындай әсер қалдырады екен. «Қытайдың төтенше шабуылынан қорғану мақсатымен жасалынған амал-қорғандар» деді Нұрағам бекіністерден көз алмай ұзақ қарап. Ал керек болса, шегаралық аймақтың біз білмейтін құпиясы, айтылмайтын сырлары бар болып шықты! Әдетте көзге түсер қандай бір тосын құбылысқа «мазасыз» келетін фотомерген бекініспен қамтылған тау аңғарынан сытылып шыққанымызша қолына фотоаппаратын алмады. Себебі – мемлекеттік әскери құпияны суретке түсіруге болмайды. 80-ші жылдар! Еліміздегі ортақ тәртіп солай.
Қарсы алып, бәйек болған азаматқа Нұрағам бірден былай деді: «Інім, біз Алматыдан шөлдеп келдік… Бізге керегі тек қана – қымыз! Құстың сүтіне де қарайтын түріміз жоқ». Бір жетінің ішінде Нарынқолдың қымызын жатып та, тұрып та іштік! Неткен тіл үйірген дәмді қымыз! Қымызды ауылда туып-өссем де қымыз ішудің жөн-жобасын Нарынқолда осы Нұрағамнан алғаш рет үйрендім.
Араламаған шаруашылығымыз жоқ. Тілші блокноты аузы-мұрнынан шықты. Нұрағам қанар қап толардай сурет түсірді. Жер дүние көкмайсаға бөленген. Айналаңа қарасаң, көз тоймайтын керемет көріністер! Аспантау десе – Аспантау! Алдымыздағы тау сілемін айналып жазыққа шыққанда Нұрағам жүргізушіге «Тоқта!» деп белгі берді. О, құдірет! Жасыл желекке оранып іркес-тіркес қонжиған биік таулардың көз ұшындағы қиық тұсында күмістей жарқыраған жалғыз ғана… аппақ биік шың найза ұшындай болып көкке шаншыла қалыпты. «Жарықтық, Хантәңірі дегеніңіз осы» деп Нұрағам «аһ» ұрды. «Тү-уһ» деп алады да басын шайқайды. Іле-шала «қас қағым сәт» операциясы басталды: фотомерген үнемі оң қолынан түспейтін қыран іспетті қадірлі қаруының томағасын сыпырды. Көзіне қайта-қайта түскен күмістей ұзын шашын артқа қарай сілкіп тастап, біресе тізерлеп, біресе жүрелеп отыра қалады. Кейде фотоаппараттың кішігірім қауындай сопақ басын Хантәңіріне қаратып, көкмайсаға ұзынынан түсіп құлай кетеді. «Сырт…» «Сырт…». Тамылжыған табиғаттың мүлгіген тылсым тыныштығын фотоаппараттың тосын шыққан дауысы ғана оқтын-оқтын бұзып тұрды. Мұндай сәтте шебермен бірге жүргізуші жігіт екеуміз де демімізді ішімізден алып, бейне тың тыңдағандай боламыз. Өйткені, қолым дірілдемесін дей ме, фотоаппарттың түймесін басарда Нұрағам демін ішіне тартып, тыныс алмай үн-түнсіз қалады. «ҮҺ!» дегенде барып біз де еркін тыныстаймыз… Араға сүт пісірім уақыт салып, аққұба жүзі алаулаған ағамызбен құмырадағы тәтті қымыздан құмарлана сіміріп, Хантәңірінің сұлбасына тамсанып, қарап отырдық…
Міне, Сүмбедеміз… Шегараның арғы бетіндегі қытай ауылының жасыл желек көмкерген ақ шаңқан үйлері мұнартып тұр. Күн екіндіге таяған кез. Тірі пенде көрінсейші. Менің санамдағы шегарадан лықсып, бері қарай шығып кететіндей болған ұлы халық нөпірінің ең болмаса біреуі ырымға көзге түссейші. Кенет… жалпақ сайдың табанынан өрлеп келетін зор доңғалақты трактордың нобайы байқалды. Кабинасы жоқ, кәдімгі ауылда Тоқтарбай көкем жүргізетін «МТЗ-5» тракторынан аумайды. Трактор жақындап қалды… Санаулы секундтардан соң құдайы көрші болып келетін Қытай халқы өкілінің түр-сипаты айқындалмақ! Тракторшының бет-әлпеті анық көрінетін жерге де жетті. Міне, ғажап! Рульде қытай емес, орта жастағы орыс жігіті отырды! «Ү-ий… бұ қалай болғаны» деп дүрбіге үңілген Нұрағам да аң-таң, мен де аң-таң. Жолбасшымыз – сол кеңшардың парторгі Нұрғали Қалымбетов (атақты актер, белгілі кинорежиссер Болат Қалымбетовтың әкесі) ағамыз мән-жайды түсіндірді: КСРО мен Қытай үкіметі өзара әмпей-жәмпей келісіп, шегараны бөліп жібергенде біршама орыс пен қазақ ауылы шегараның аржағында қалып қойған…
Қайтар жолда: «Қапа болма… жоқ, әлде, Алматыға барған соң келін тірі қытайды көрдің бе, көрмедің бе деп тергей ме? Қинап жатса, айт: шегарадан арлы-бері өтіп жүр екен де, бір-екеуінің қолын алып амандастым де, өзіміздің ауылдың адамдары секілді ашық-жарқын екен де…» деген Нұрағамның бір жұбату, бір әзілмен айтқан сондағы әулие сөзі, о тоба-а… араға небәрі он жыл салып, Қазақстан Тәуелсіздік алып, шегара ашылғанда ақиқатқа айналды емес пе… сенесіз бе, сенбейсіз бе?!
Нұрағамен Нұрағаға барғанда
Батыр Бауыржан атамыз секілді дақпырты да зор, атағы да алысқа кеткен дарын иесі Нұрғиса Тілендиев ағамыз «Жетісу» газетінен келген ұзынды-қысқалы екі тілшіге бастан-аяқ бір қарап шықты. Жөн сұрасқан соң барып қана «Бәрекелдісін…» айтты. Жатырқамаған секілді. Қуанып қалдық. Бірақ… қызығы сол, ағамыз бізбен сұхбаттасуға уақыт таппады. Қалтамды да, көкейімді де тесіп бара жатқан «үйден» дайындап шыққан 10 сауалым бар еді, уақыт өтіп жатты, бірақ, Нұрағам – №1-шісі, аузымды аштырар емес! Оңтайланып, орнымнан көтеріле берсем сол қолын созып, зілсіз ғана «Қазір, шыдай тұр…» деп ишара жасайды. Келімді-кетімді кісісі де көп екен-ай! Бізді ұмытты. №2-ші Нұрағам екеуіміздің мұның бәрін сырттай, үнсіз бақылаудан басқа амалымыз қалмады. Тек көзіміз бен құлағымыз ғана сол жақта… Екі қолды қусырып құр отыруға дағдыланбаған Қизатұлы ағам әлден уақытта орнынан оқыс көтерілді. Екі аттап барып, жайраңдаған келушімен жарқылдап әңгіме құрып отырған композитордың қимыл-әрекетін көздеп тұрып фотоаппаратының түймесін басып-басып жіберді. Аппараттың аузынан от «жарқ-жұрқ» етті. Тосын құбылысқа Баукеңнің інісі шамданып қалар ма екен деп жүрегім «зырқ» ете түсті, жо-жоқ… керісінше, ол баданадай күрек тістерін көрсетті. «Ләм» демеді. Таңғалғаным – Нұрғиса ағамыздың аузынан папиросы түспейді екен… Әлден уақыттан соң орнынан тұрып, бір жаққа асығыс жиналды. «Ертең келесіңдер ме?!» «Келеміз!..» дедік жарыса. Екінші күніміз де дәл бірінші күндегідей сұрақ-жауапсыз өтті. Бірақ, өкінбедік. Төте сұраққа төте жауап бермесе де көргеніміз көбейіп, естігеніміз молайып бара жатты… Композитор туралы ел ішінде айтылып жүрген ақиқат пен аңыздың аражігі де ашыла бастағандай. Ол кісінің әрбір қимылының, әрбір әрекетінің, бет-ауыз мимикасының, күрек тістерін көрсетіп күлуінің, келушімен емен-жарқын әңгімесінің өзінде сыр тұнып тұрарын кім білген?! Ілкі бір сәтте мойнын бұрып: «Мен кезінде республикалық симфониялық оркестрге дирижерлік еткенмін. Дәрігерлердің ескертуінен кейін ол жұмысты доғардым», – деді. Блокнотымда жоқ сауал. Оның сырын өзің тауып ал дегені.
Үшінші күн… Ол мен күткендей оркестр құрамы қаумалай жайғасқан дирижерлік тұғырға бірден көтерілмеді. Түрі кейде сұсты, кейде жайдары, бұл азаматтың табиғатын – ал, түсініп көріңіз! Алдымен сахнаның шетіне жақын отырған қобызшы қыздың қасында аялдады. Орнынан елгезек тұрған домбырашы жігіттің иығынан жәймен басып отырғызды. Еңкейіп, приманың дауысына құлағын түрді. Дирижердің әрбір қимылын таспаға түсіріп, манадан бері оның көлеңкесіндей қабаттасып, біресе отырып, біресе тұрып, кідіріп, жүріп… қалмай келе жатқан фотомерген кенет ұлы композиторды жеңінен тартып тоқтатты. Онсыз да иненің үстінде отырған мен арыстан мінезді ағамыз фотомергеннің бұл әрекетін қалай қабылдар екен деп тына қалдым. Шешінген судан тайынбас: фотошебер музыка шеберінің –маэстроның сол қолын майыстыра бүгіп, оң қолын оркестрдің үстінен асыра серметіп, мойнын сахнаға бұрғызып: «осылай қозғалмаңыз» деп, қалшитып тұрғызып қойды. Астапыралла! Байқап тұрмын, күйші ағаның шаттық кернеген жүзі сәл құбылып, қабағы түйіліп барып жазылды. Оған мән беріп жатқан Қизатұлы ағам жоқ, дереу кері шегінді, көзін жапқан күміс шашын әдеттегідей қолымен артқа қарай сілкіп тастап, тапжылмай қатты да қалды. От «жарқ» етті. «Сырт-сырт…» Өнер адамдары бір-бірін түсінгендей инабатты түрде, бас изесіп, істерін әрі қарай жалғады. Орнымнан тұрып барып «үһ» деп отырдым. Ғажап көрініс! Сахна төрінде алуан сазды аспаптың күйін келтіріп, «ию-қию» шулап 60 дарын отыр. Қарбаласып жүрген екі-ақ адам. Бірі – композитор, екіншісі – фототілші! Нұрғиса аға бұл күні қою қызыл түсті шотландтық торкөз көйлек киіп келіпті. Костюмін шешіп орындықтың арқасына ілді де асықпай екі қайырып көйлегінің жеңін түрді. Ол дирижерлік тұғырдың үстіне көтерілгенде сахнада сілтідей тыныштық орнады. Даңқты сазгер сымдай тартылған сұңғақ бойын түзеп алды да мойнын кербез созып, оркестрдің үстінен бір шолып қарады. Екі қолын құстың қанатындай қалықтата баяу көтерді. Қимылынан «титтей» мін табылсайшы! Бәрін жіті бақылап солай қарап фотоаппаратын кезенген Нұрманбет ағамда тіпті ес қалмады, демін ішіне алып, тағы да тас мүсінге айналды… Теңіз толқынындай тербетілген «Ата толғауынан» кейін Түркештің күйі «Көңілашар» кетті тасқындап… Күймен бірге күңгірт сәуле себезгілеген сахнаның үстінде фотоаппарат «от» шашты. Екі күннен бері қасымызда серік боп жүрген өнер зерттеушісі мен атақты әнші бастарын шайқап, шынайы ләззаттан масайып, мәз-мейрам. Әуелей қалықтаған күй құдіреті мен Нұрманбет ағам сахнада орнатқан төтенше құбылыс ерекше үйлесті! Оркестр мен дирижердің үстінен қолындағы фотоаппаратымен жарты сағат «жай оғын ойнатып», төменге – залға түсіп, біздің қасымызға келген Жеңімпаз фотомергеннің жүзі алаулап, ауа жетпей алқына дем алып тұрды.
…Қоғамдаға жаңаша өзгеріс лебімен ашылғанына қарамастан республикаға лезде танымал болған «Халық кеңесі» газетінде «Көңілашар» немесе партитурасыз оркестр» деген мақала шықты. Мақаланың ортасында атақты композитордың қолдарын жайып құстай қалықтаған дирижерлік қимылдағы ғажайып суреті басылды. 1990 жылы жаңадан шыға бастаған қазақ газеттері үшін таңсық құбылыс – суреттің көлемі өте зор еді. Мақала шыққан күннің ертесіне газет басшылығынан қызметке шақырту алдым… «Сенің қызметіңнің өскені әдемі жазған мақалаңның немесе менің әдемі түсірген суретімнің арқасы емес. Есіңде болсын, ол – Нұрғиса ағамыздың құдіреті, рухы… ұмытпа! Әулие ғой, Нұрағам, әулие!» деп ақжол тілеп тұрды сонда №2-ші Нұрағам.
…Әріптес ағаның сексен деген қариялық жастың кемелінде де сол баяғы қалпынан танбай қымызын ішіп, «қас қағым сәтін» тауып, таңырқап-тамсанып… желе-жортып жүргені жан сүйсінтеді! Ғұмырлық айнымас та аяулы серігі – фотоаппараты қолында. Елгезек те епті, ширақ! Көңілі даладай, жан-жүрегі баладай сол баяғы – Нұрағаң!
«Нұраға!..» деймін кейде бір объективі кішігірім қауындай аспапты біресе иығына асып, біресе қолтығына тығып әуреленіп жатқанын көріп аяушылықпен: «Сіз кәмелетке толғанда Қизат атам елде жоқ «ФЭД»-ті бекер-ақ сатып әперген екен де…» «Е, неге олай дейсің?..».
«Бүгін бұлай әуреленбейтін едіңіз…». «Ағаң жұмыссыз қалсын дейсің ғой…». Шынайы көңілмен күлімсіреп, бірақ, таңырқай көз тастайды. «Жо-ға… Онда Орысбай ағам секілді елге танымал ақын болар едіңіз!». Замандас – жан жолдасының атын естігенге жайраңдап қалады. «Е,е… Орекеңдей болу қайда?!».
Бұл енді әзілім емес, шыным, от ауызды, орақ тілді Орағаммен – белгілі ақын Орысбай Әбділдаұлымен Ұзынағашта қазақтың қара өлеңінің ізімен мүшәйра жасап, одан айтысып талай белден асып, талай қырдың шаңын қосқанына куәмін. Сонда ғой… екі жақтың да жыр жолдарынан мін табылмады. Өйткені, олардың екеуі де жыр алыбы Жамбылдың төте ұрпағы, тіні бір жерден!
Иә… Біреу ағаштан түйін түйеді, біреу зергерлікпен айналысады. Сөйтіп аттары тарихта қалып жатады. Ал Нұрманбет аға Қизатұлы сол тарихты ерекше кәсіппен өрнектеп қолмен жасаған, халықтың арасында ілуде бір ғана кездесетін азаматтардың санатында. Ол – фототілші! Ол – ел мен жердің, бейнетқор халықтың жарқын бейнесін қас қағым сәттік көріністермен көркемдеген, «инемен құдық қазғанынан» ләззат алып, шығармашылық бейнетімен, қиындығымен алпыс жыл бойы «алысқан», шыдас берген… әрі ол үшін еңбегін ешқашан пұлдамаған хас шебер!.. Нағыз өнер адамы! Bravo, Нұраға!..
Талғат СҮЙІНБАЙ
Алматы





