Ауданымызда барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру кездесулері басталды. Індетке байланысты қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында ел алдындағы есеп онлайн түрде өткізілді. Жолбарыс батыр ауылдық округінің әкімі Сержан Андасбаев ауылдық округ тұрғындары алдында өткен жылы атқарған жұмыстары жайлы есеп беріп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму барысынан құлағдар етті.
Жер көлемі 8357 гектарды құрайтын округте Кәлпе, Қанабек, Қарашеңгел, Айдар ауылдары бар. Аталған елді мекендердегі 591 отбасында 2830 адам өмір сүруде.
– Елді мекендер бойынша абаттандыру әрлеу, әктеу жұмыстары атқарылды. 2020 жылы Кәлпе ауылындағы орталық көше бойындағы иесіз 150 метр жерге темірден, 150 метр жерге ағаш шарбақтардан қоршау қойылды. Қараша айында 4 нысан аумағына қылқан жапырақты 45 түп шырша ағашы егілді. Тұрғындар өз тарапынан әр аулаға жеміс ағаштарын егіп, үлестерін қосты, – деді есепті кездесу барысында округ әкімі Сержан Ерболғанұлы.
2020 жылы округ бойынша 51 жеке шаруа қожалығы, 2 ЖШС қант қызылшасын егіп, 25400 тонна өнім жинап, гектар берекелігі орта есеппен 400 центнерді құраған. Көксу қант зауытына 23400 тонна өнім өткізіліп, қалғаны мал азығы ретінде кәдеге асыпты. Бүгінде қант қызылшасының тұқымына 33 шаруа қожалығы 490 гектарға егілетін 582 тұқым бірлігіне сұраныс берген.
– Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 1 бағыты бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 97 адам тартылса, қоғамдық жұмысқа 62 адам тартылды. Сонымен қатар, атаулы бағдарлама негізінде бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа 5 азамат ие болып, 550 мың теңге көлемінде қаржыға қол жеткізді, – деді Сержан Андасбаев.
Халықпен онлайн кездесуде округ әкімі 2021 жылға жоспарланған жұмыстар туралы баяндады. Атап айтқанда, Кәлпе ауылында 200 орынды Мәдениет үйі құрылысын жүргізу, Кәлпе ауылында спорттық ойын алаңын салу, Кәлпе ауылындағы алты көшеге асфальт төсеу, демеушілер тарапынан балаларға арналған ойын алаңын салу, Қанабек ауылында спорттық ойын алаңын демеуші тарапынан салу және Қанабек ауылында демеушілер тарапынан ас беруге арналған қатымхана салу жоспарланған.
Жұрт кездесуде Кәлпе ауылының шығыс бөлігінде орналасқан, 2015 жылы қазылған 2 шақырым каналға көпір салу, Қанабек ауылы, Бестереков көшесіне қиыршық тас немесе асфальт төсеу, Қанабек ауылындағы Д. Сарынов көшесіне көше жарығын орнатуды сұрады. Сонымен бірге Қарашеңгел ауылында тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру, Қарашеңгел ауылындағы Жамбыл көшесіне асфальт төсеу, көше жарығын орнату жайлы өтініш білдірді.
Ауыл халқы округ әкімі Сержан Андасбаевтың өткен жылы атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.
А. ӨМІРБАЕВ
Қаратал ауданы





