Алматы облысында полицейлер «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясын өткізіп жатыр. Бұл туралы «Жетісу» газеті полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Акция ағымдағы жылдың 25 қарашасы мен 10 желтоқсаны аралығын қамтиды.
— Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы Конвенция ережесіне сәйкес, жыл сайын 25 қарашада «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясын өткізе отырып, халықаралық зорлық-зомбылық көрсетуді жою күні атап өтіледі. Осыған орай Қазақстанның барлық аумағында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы күшіне енеді. Оның шеңберінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты ескерту және жолын кесу, ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасының рөлін нығайтуға бағытталған қабылданып жатқан шаралармен халықты таныстыру жүргізіледі, — деп айтып өтті Алматы облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бағдат Әшімов.
Акция аясында отбасылық құндылықтарды насихаттау, құқық бұзушыларға қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар ету, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдардың іс-қимыл алгоритмі тақырыбына бағытталған іс-шаралар өткізіледі. Бұл іс-шараға полицияның қоғамдық көмекшілері, жастар бірлестіктері де қатысады.
— Барлық жерде қолайсыз отбасылардың тұрғылықты жері бойынша тексерулер жүргізілетін болады. Осыған орай, қандай да бір зорлық-зомбылық әрекеттерінен зардап шеккен азаматтар болса, Талдықорған қаласындағы Дағдарыс орталығының базасы аясында құрылған «Жедел желіге» (13-01) 8(72-82-28-00-05) хабарласуларын сұраймыз, — деді полиция полковнигі.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»
Сурет — ғаламтордан





