Қазіргі таңда жас жеткіншектер компьютер не ұялы телефон арқылы ойын ойнауға әуес. Бос уақыттары бола қалса соның қызығына батқысы келеді. Кейбір ойындардың қаншалықты қауіпті екенін де ескере бермейді. Сондай ойындардың бірі – жарыққа шыққанына көп болмаса да жастардың ішінде ерекше танымалдылыққа ие болған Among Us.
Соңғы уақытта қазақстандық желі пайдаланушылары WhatsApp және Telegram мессенджерлерінде Among Us танымал ойынының қауіптілігі туралы дыбыстық хабарламалар таратуда. Хабарлама авторы ата-аналардан бұл ойын балалардың телефондарында орнатылған ба, жоқ па, соны тексеруін сұрайды. Олар «қорқынышты тапсырмалар береді» және «өзін-өзі өлтіруге әкеледі» деп мәлімдейді. Дәлел ретінде бір оқушы қыздың осы ойын салдарынан асылып қалғанын айтады. Өйткені, біраз ойын кезеңдерінен өткеннен кейін оған осындай тапсырма берілген. Әзірге бұл хабардың рас, өтірік екендігі ресми түрде дәлелденбеді.
Бұл ойын жайында айтар болсам, ол телефонға Play Market және App Store қосымшасы арқылы жүктеледі. Ойын барысында хабарламалар ойынның чаты арқылы жіберіледі немесе дыбыстық хабарламалар алмасу арқылы қауымдастықтарда сөйлесуге мүмкіндік беретін Discord қосымшасы негізінде байланысады. Барлық хат-хабар ойынның өзінде пайдаланушылар арасында жүргізіледі, басқа қатысушыларға қолжетімді емес.
Ақпарат көздеріне сүйенсек, Among Us – бұл InnerSloth компаниясының әлеуметтік шегеруіне бағытталған (ойлау әдісі) көп ойыншы ойнай алатын компьютерлік ойын. Ол 2018 жылы жарыққа шыққан. Ойын ғарыштық стильде орындалады. Онда қатысушылар экипаж мүшелері және сатқындар болып кездейсоқ екі командаға бөлінеді. Соның ішінде сатқын барлық кейіпкерді өлтіреді. Ал кейіпкерлер сатқынды табуы қажет.
Among Us ойыны расында жасөспірімдерді өлімге жетелей ме? Мұны анықтау мақсатында министрлік тарапынан арнайы зерттеу жүргізіліп жатқандығы туралы ақпарат бар. Бүгінгі таңда мектеп ұстаздары да ойынның қауіптілігін айтып дабыл қағуда. «Жел тұрмаса шөптің басы қозғалмайтынын», «сақтықта қорлық жоқ» екенін ескеріп, аталмыш ойынды ойнаудан аулақ болайық дегім келеді.
Айгерім ЕСІМХАН,
№12 орта мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы
Талдықорған қаласы





