Балқаш ауданында Ләтіп Нұртаевты білмейтін жан кемде-кем. Ол өзінің алған бетінен қайтпайтын, адалдықты ту етіп ұстап келе жатқан ардың адамы. Саналы ғұмырында әділдіктің ақ жолынан ауытқымаған қайсар жан десек қателеспейміз. «Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ» деп Абай атамыз айтқандай, ол жан дүниесіндегі өз шындығын жалаулатып келе жатқандығымен де көпке сыйлы азамат.
1940 жылғы сәуірдің 19 жұлдызында Балқаш ауданының «Куйбышев» колхозында дүние есігін ашқан Ләтіп аға бүгінгі таңда 80 жастың төріне шыққан жайы бар. Жүріп өткен жолдарына қараса, ол ұялатындай дүние жоқ екен. Елге, жерге шама-шарқынша адал қызмет етіп, алдыңғы сапта жүрді. Нені айтса да жалтақтауды, жалтаруды білмепті. Кемшілік көрсе, төзбеді. Сын айтса да нық айтты. Лауазымына қарамай тік айтатын мінезінің біреулерге ұнамағаны да рас.
Бақанас орта мектебін 1958 жылы бітіргеннен кейін Еңбекшіқазақ ауданының Куйбышев ауылында радист болып еңбек жолын бастайды. 1964 жылы Алматы байланыс техникумын бітірген соң Еңбекшіқазақ ауданының байланыс торабына аға электрик-механик болып орналасады. Келесі жылы Балқаш аудандық байланыс торабына аға электрик-механик болып қызметін ауыстырады. Ол кезде жігерлі жас маман алдында қыруар жұмыс тұрғанын болжамаған да еді.
1967 жылы АЭТУС-тің Балқаш аудан бойынша техникалық бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалғанда ауданда байланыс саласы енді ғана жандана бастаған болатын. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қолдау, көмегімен ауданның екінші тынысы ашылып, жол салынып, көптеген құрылыстар бой көтере бастады. Міне, дәл осы кезеңде аудандық байланыс бөлімі елді мекендерді радиоландыру, телефондандыру жұмыстарын қолға алды.
Аудан шаруашылықтарының ешбірінде АТС жоқ болғандықтан, радиобайланысын пайдаланатын. Телефон желілері толықтай тартылмаған кез. Осы жағдайды толықтай қағаз бетіне түсіріп, Балқаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әниятулла Ахметовтің қолына тапсырды. Аудан басшысы оны бір сәті түскенде Д. Қонаевқа жеткізеді. Көп ұзамай Дінмұхамед Ахметұлы Қазақ КСР Байланыс министрі Әбдіразақ Елібаевқа алдағы бірнеше жыл аралығында ауданның барлық елді мекендеріне телефон тарту, совхоз орталықтарына АТС орнату, ауылдарды радиоландыруға тапсырма береді. Министр ауданға екі рет арнайы келіп, байланыстың жақсаруына тікелей басшылық жасайды. Соған орай аз уақыттың ішінде байланыс үйінің құрылысы аяқталып, 500 нөмірлік АТС пайдалануға беріледі.
Уақыт өте келе бұл АТС-тің сыйымдылығы да аздық етіп, халықтың сұранысын толық қамтамасыз ете алмайтын дәрежеге жетті. Сол себептен байланыс торабына қосымша үй салу қажеттілігі туындайды. Бұл мәселе де Д. Қонаевтың тікелей араласуымен өз шешімін тапты. «Главриссовхозстрой» тресі ауданға көмек ретінде қосымша үй салып, жаңа типті 800 нөмірлік АТС қойып береді.
Л. Нұртаев 1972 жылы Балқаш аудандық байланыс торабының бастығы қызметіне тағайындалғанда Алматы-Бақанас аралығындағы телефон арналарын көбейту мақсаты күн тәртібіне қойылды. Сол кезде 12 телефон арнасы ғана жұмыс істейтін. Аудан жұртшылығы теледидарды да тамашалай алмайтын. Халықтың сұрауы бойынша Бақанасқа телестанция салынып, 1979 жылы аудан халқы теледидар хабарларын тамашалауға қол жеткізді. Алматы-Бақанас аралығында телефон жүйесі 48 арнаға көбейіп, телефон байланысы анағұрлым жақсара түсті.
Тынымсыз еңбек ете жүріп, білімін жетілдіруді де ұмытпаған Л. Нұртаев 1981 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітіріп, экономист мамандығын алады.
Туған жеріне ту тіккен азаматтың еңбек жолына қарап отырсақ, ауданның байланыс және телекоммуникация бөлімдерінде 47 жыл еңбек етіпті. Соның 38 жылын Балқаш ауданының байланыс торабы мен телекоммуникация бөліміне басшылық қызметке арнаған екен. Ұзақ жылдар бір мекемеге басшылық ету әр адамның қолынан келе бермейтінін, басқалардың айтқанымен ғана жүретін адамның ешбір жағдайда жақсы басшы бола алмайтындығын сөзімен де, ісімен де дәлелдей білді. Байқаған кемшіліктерін де жасырып-жапқан жоқ. Ашық пікірін алқалы жиындарда бетің бар, жүзің бар демей айтып жүрді.
Ары таза болғандықтан адал, мәнді өмір сүрді. Жұмысқа деген талапшылдығы арқылы өзін де, өзгені де сыйлата білетіндігін көрсетті. Шындықты айту қаншалықты ауыр болса да одан тартынбау қажеттігін өз өнегесімен көрсетті. «Адал болу өтірік айтпау ғана емес, шындыққа қалтқысыз сену» деген тұжырымын ешкімнен жасқанбай айта жүрді.
Ел таныған Ләтіп Нұртайұлының түсінігін өз сөзімен баяндайтын болсам: «Шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік, жалған сөйлейтіндер мен суайттарды жек көру керек, жаны таза жандардың ар-намысын ардақтау қажет. Әділетсіздік пен пасықтық атаулыға рақымсыз болу шарт, өзі дұрыс деп тапқан істі жүзеге асырғанша тыншымаған жөн. Бұл ретте қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек».
Ләтіп Нұртайұлы Кеңес одағы кезінде халық депутаттары Балқаш аудандық Советінің бірнеше дүркін депутаты болып сайланса, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін аудандық мәслихаттың төрт шақырылымының депутаты атанды.
Балқаш ауданында 1994 жылы тұңғыш рет өткізілген мәслихат сайлауында аудан әкімдігіндегі топ оны депутаттыққа өткізбеуге тырысып, барлық айла-амалдарды қарастырып бақты. «Аққа Құдай жақ» демекші, сайлаушылардың 78%-ы Л. Нұртаевты жақтап дауыс беріп, басымдықпен жеңіске жетті. Өз кезегінде депутат та сайлаушыларының аманатын жерде қалдырмады. Орындауға бар күш-жігерін салды.
Сондай шақтардың бірінде аудан басшыларымен текетіреске түсіп, орын алған бейберекетсіздікті, кадр тағайындаудағы жүйесіздікті сессия мінберінен жайып салды. Оның соңы ұзын-сонар талас-тартысқа ұласқан. Бұл әңгіме ұлғая келе республикалық «Халық кеңесі» газетінде «Депутатқа тіл тигізу – қылмыс», «Асауға қашан тұсау салынады?» деген мақалалардың жарық көруіне себепкер болды. Жеңісбек Досқараев, Сайлаубек Байдүйсенов, Шерхан Қазығұлов тәрізді мансаптан ар-ұятты биік қоятын азаматтар Ләтіп Нұртайұлын барынша қолдап, ауданда көпе-көрнеу орын алған қиянаттың жолын кесуге тырысты. Мұның соңы аудандық партия комитетінің кезектен тыс пленумының шақырылуымен және біраз тоңмойын лауазым иелерінің бюро, пленум мүшелігінен шығарылуымен аяқталған еді. Оның тағылым-тәрбиесі ауданға кейін тағайындалған әкімдерге сабақ болды.
Қазақтың дана да дара перзенті, ұлы тұлға Дінмұхамед Қонаевтың 90 жылдық мерейтойын ауданда лайықты атап өту мақсатымен 2002 жылы ұйымдастыру комиссиясы құрылған еді. Комиссия құрамында болған Ләтіп ағамыз Димекеңнің ғасырлық мерейтойының да салтанатты жағдайда аталып өтілуіне белсене атсалысты. Д. Қонаев қорының төрағасы ретінде Ләтіп Нұртаев, төрағаның орынбасары Әбдіжаппар Қыстаубаев, мүшелері Тұрланғазы Есімқұлов, Балапан Әділханова, Айнакүл Бейсенбаева, Айтжан Есімов, Бекберген Елубаев, Серікбала Жылгелдина, Айдар Әліпбаев, Жеңіс Жұмаділовтер елеулі істер атқарды. Балқаштықтар Ләтіп ағаның ұйытқы болуымен күні бүгінге дейін кемеңгер Қонаевтың рухын асқақтатумен келеді.
Ләтіп ағаның басшы азаматтар жайында осыдан отыз жыл бұрын айтқан пікірлерінің осы күнгі өмір талабымен қаншалықты үндесіп жатқанын байқағанда еріксіз таңданасың. Өйткені ол – талассыз ақиқат. Өз жұмысын жақсы білетін білімді әрі адал басшыларға қазіргі қоғамның зәрулігін көргенде «Болашағымыздың жарқын болуы үшін шындықты сүйетін осындай адал басшылар көп болса екен» деп іштей тілек айтасың.
Балқаш ауданының Құрметті азаматы Ләтіп Нұртаевтың ел алдындағы еңбегі «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек ардагері», Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10, 20 жылдығы мерейтойлық медальдерімен, «ҚР Байланыс министрлігінің құрметті байланысшысы» төсбелгісімен атап өтілді.
Барша жұртқа қадірі мен құрметі артқан Ләтіп аға қашанда: «Өтірік айтпа, шындықты айт. Өзіңе өзің әділетті болмай, басқадан әділеттілікті талап етпе. Осылай өссең, ешкімнен де кем болмайсың» деген сөзді қайталаудан шаршаған емес. Оған қоса «Сын пікір айтылғанша өзіңдікі, айтқан соң шындық және жалған болып екіге бөлінеді. Себебі, сені жақтаушы үшін – шындық, жақтамайтындар үшін – жалған. Шындық қашанда жалғыз!» деп санаңды қағып-сілкіп қоятыны тағы бар.
Ләтіп аға Нұртаев сексен жастың төріне шаршамай-шалдықпай, еңсегей бойын тік ұстаған қалпы шығып отыр. Бұл да Алла Тағаланың екінің біріне бұйыртпаған бақыты. Шындықтың шырақшысының осыған дейін жүріп өткен ғибратты ғұмырын жас ұрпаққа жұғысты етсін деп тілейік.
Зарыққан ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ,
Қазақ журналистикасының қайраткері





