Қазақ балалар әдебиетінің бастауында Ілияс Жансүгіров тұрды. Бұл жайында алғашқы мақала жазып, оны зерттеудің негізін қалаған да Ілияс Жансүгіров болды. Мысал ретінде оның «Мектеп» пьесасын атасақ та жеткілікті. Осы тұрғыдан келгенде ол әлемге әйгілі Д. Свифт, Х.К. Андерсен, А.С. Пушкиндердің қатарында тұр.
Ол балалар әдебиеті сөз өнерінің аса маңызды саласы екенін «Балалар кітабын жазу жеңіл емес. Өзгеше тіл, өзгеше шеберлік керек. Балаларға жырлайтын өлең, ән, ойнайтын пьеса, оқитын әңгіме керек», – деп атап көрсеткен. Балалар әдебиетінің жалпы сөз өнерінің асылы екенін ерте сезіп, шығармалар, зерттеу мақалалар жазып, осы әдебиеттің дамуына үлкен үлес қосты.
Қазақтың классик ақыны сөз өнерінің балалардың адамгершілік және эстетикалық талғамын өсіріп, тәрбиесіне ықпал ететінін уақытында танып, осы саланың қалыптасуына көп күш салды. Ақынның балаларға арналған бірнеше кітабының жарық көруі сондықтан.
Балалар әдебиетінің жанашыры 1931 жылы ҚазАПП-тың VI жылдығында сөйлеген сөзінде былай деді: «…Бізде балалар әдебиеті жасалмаған әдебиет. Сондықтан менің бір ойым осы әдебиеттің бізде жасалуына көмектесу. Бұл туралы біраз еңбектерім бар: «Балаларға тарту», «Балаларға базарлық», «Малта», «Шаушеннің шәркейі», «Жұмбақ», «Одақ», тағы басқалар. Балалар әдебиеті бізде жоққа тән, әсіресе техника, өнер туралы жоқ, енді бұл кетікке кірпіш қалауымыз керек деймін». Балаларға арналған сөз өнері жауһарлары туралы тағы бірде ол: «Елдегі балалар сөзін баспа бетіне шығардым «Балаларға тарту». Осы балалардан басқыштап ел әдебиетін сала-саласымен жиып, шығарып отырмақ едім. Мүмкіндік, жағдай таба алмай келем, тек «Арыз», «Өтірікшіні» ғана шығаруға мүмкіндік болды, ел әдебиетін жиюға, тыңдауға, зерттеуге, тексеруге қатты құмармын…» деген болатын.
Қазақстан Жазушылар одағының алғашқы төрағасы қызметінде жүрген Ілияс Жансүгіров 1934 жылдың мамыр айында Алматы қаласында өткен Қазақстан жазушыларының бірінші сьезінде «Қазақ әдебиетінің қазіргі күйі, алдағы міндеттер» тақырыбында баяндама жасайды. Бұл баяндама бірнеше бағыттағы бөлімдерден тұрады. Солардың ішінде балалар әдебиетіне де аса үлкен мән бере отырып, осы аса өзекті тақырыпты биік мінберде: «Біздің олқы жеріміз – балалар әдебиеті. Балалар кітапсыз өсіп келеді. Балаларға керекті кітап жазылған жоқ. Қолдағы бар деген кітаптар балалардың мың тілегінің біріне де жарамайды», – деп түйіндеген.
Осылайша ақын аса өзекті мәселені өткір көтере білген. Әрдайым сөз өнеріне жанашырлық танытып отыратын Ілияс Жансүгіров балалар әдебиетін ешқашан назарынан тыс қалдырмаған.
Ағартушылық қызметін 1916 жылы 2-3 бала оқытудан бастаған Ілияс Жансүгіров 1920 жылы Алматы, кейіннен Ташкент қаласындағы Қазақ институтының жанындағы оқытушылар даярлайтын екі жылдық курстарда білім алады. 1921 жылы туған ауылына оралып, сол кездегі Қапал уезінің Гаврилов ауданындағы мұсылман мектебінде нұсқаушы жұмысын атқарды. 1922 жылы Ақсу ауданындағы Белтоған мектебінде меңгеруші және Абай атындағы балалар үйінде мұғалім болды. 1924 жылы Қазақ ағарту институтында (ҚазПИ құрамына кірген) оқытушы болып істеп, кейіннен аталған институттың директоры болып тағайындалды. 1925 жылы Жетісу губерниялық халық ағарту комиссариатының инспекторы қызметінде жүрген Ілияс Жансүгіров сол жылдың күзінде білімін ары қарай жетілдіру мақсатында Мәскеудегі Журналистика институтына оқуға аттанады. Қарап отырсаңыз, қаламгердің қызметі тікелей балаларға білім нәрін себумен, ағартушылықпен байланысты болған.
Ілияс Мәскеу қаласында оқи жүріп Қазақстан Оқу комиссариатының жанындағы Қазақ Білім комиссиясына 1925 жылдың 2 қазан күні («Жинаушыдан». Балалар сөзінің жинағына) мына мәтінде хат жолдайды: «Менің бұл жинағым қазақ балаларының жаңа тілі шығып болғанға шейінгі дәуірдегі айтқан, айтылған сөздері. Бұл жинақтың ішінде жұбатқанда, мұқатқанда, ойнағанда, басқа жаралысты, айуанды еліктегенде, кекегенде, күлкісі келгенде, әйтеуір қандай да болса бала қоғамының жас өмірінде жатталып айтылып, шашылып кеткен біздің ел әдебиетінің бір түрі. Мен мұны – ең нәзік, ең қымбаттысы деймін. Себебі: баланың ой мөлшері, ұғым-санасына қарай сөз түрі, жан азығы, әдебиет тууы керек. Бұл біздің болашақ ұлт мектебінің дөңгелегі. Бұл әдебиет бізде әлі туған жоқ. Балалар әдебиетін туғызып, негізін салу енді кешеуілді күтпейтін міндет. Ендігі туатын әдебиеттің – жан азығының ішкі мәнісі, түпкі сөз соққысы қазіргі әлеуметшіл, қоғамшыл тәрбиеге қабыса тууы керек». (І. Ж. Құжаттар, күнделіктер, дала хикаяттары). Осылайша ірі қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің классигі ХХ ғасырдың басында балалар әдебиетінің аса маңызды мәселе екенін көтерген.
Ілияс Жансүгіров 1928 жылы Мәскеуден қайтып оралған соң әдебиет жұмысына бүтіндей беріледі. Сол жылы «Казиздаттың» меңгерушісі Ф. Оликовтің Ілияс Жансүгіровке жазған хаты да мұрағатта сақталған. Хатта: «Казиздат обращается к Вам с просьбой, не можете ли Вы написать детские книги-пьесы для детей младшего, среднего возраста и юношества из казахской жизни, особенно из эпизодов пастушеской жизни (эксплуатация байством детского труда), школьной жизни, из эпизодов гражданской войны и т.д. Если Вы изъявите свое согласие, не откажитесь ответить, чтобы мы могли заключить с Вами договор» (153 бет), – делінген.
Ілияс Жансүгіров 1928-1934 жылдар аралығында балалар әдебиетінің қалыптасуына ерекше күш салған. Көзі тірісінде балаларға арналып шыққан кітаптарын 1935 жылы 15 қарашадағы өмірбаянында жазып келтірген: «Помимо моей основной работы в печати, занимался творческой работой. Писал стихи, рассказы, фельетоны, статьи в казахских журналах и газетах и выпускал отдельно книги стихов, рассказов, пьес, которые перечислены ниже… Из детской литературы вышли в свет следующие произведения:
1. «Подарок» – Казиздат,
1928 г.
2. «Сыр» – Казиздат, 1928 г.
3. «Шаркей» – Казиздат,
1928 г.
4. «Загадка» – Казиздат,
1928 г.
5. «Одак» – Казиздат, 1929 г.
6. «Маяк» – Казиздат, 1931 г.
7. «С места в карьер» – пьесы. КИХЛ, 1933 г.
8. «Школа» – КИХЛ, 1934 г.
Ақын балаларды ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеу мақсатында халық арасында көп тараған жұмбақтар, өтірік өлеңдер мен ертегілер құрастырды. 1927 жылы жарық көрген «Өтірік» атты кітабы осы жылдардағы бағалы кітаптардың бірі болды. «Бұл жинаққа ел әдебиетінің белгілі түрлері өтірік өлең, өтірік ертегі, өтірік айтыс, өтірік мақтан, тағысын-тағылар енген. Ел әдебиетінің бұл түрі – осы күнге дейін жиналып, басылып, жарыққа шықпай жатқан қазына. Бұл жинақ – үлкендерден гөрі балалардікі, балалар әдебиетіне жатады». Ілияс. Мәскеу. 1926 жыл, 14 қаңтар» деп алғысөз жазған.
1929 жылы «Балаларға базарлық» кітапшасында ешкі, қой, түйе, сиыр, жылқы, төбет, қасқыр, қоян, түлкі, мысық, бақа, қарға, сауысқан, бөдене, көгершін, торғайларды сипаттаған. Бала кезімізде бәріміз жаттап өскен өлеңдер мен жұмбақтардың Ілияс Жансүгіровтікі екенін кім білген? Мысал келтірейін:
Түйе
Маң-маң, маң-маң,
маң басқан.
Шудаларын шаң басқан,
Екі өркешін қом басқан,
Төрт аяғын тең басқан…
немесе:
Бақа
Бақа-бақа, балпақ,
Басың неге жалпақ?
Көзің неге тостақ?
Бұтың неге талтақ?..
1929 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Шәркей» әңгімесінде Шәутен деген баланың шәркейінің жыртылып, оған баланың тікелей араласуымен апасының шәркей жасап беру еңбегі суреттеледі. Әңгіме қалай тартымды басталса, дәл солай өте қызықты аяқталған.
Бүлдіршіндердің ойын дамыту, жылдам шешім қабылдауға үйрету үшін тілашар ретінде жасырған жұмбақтары 1930 жылы «Қазақстан» баспасынан «Жұмбақ» тақырыбымен жарық көрген.
Ақын тағы да осындай қызықты, түрлі түсті суретке бай, балаларға оқуға жеңіл «Малта», «Одақ», «Балаларға тарту» атты бірнеше кітапшасын көпшілікке ұсынды. Өзінің туындыларына түсініктеме де беріп отырған. Мысалы: «Менің «Одақ» атты балаларға арналған кітабым Кеңес одағындағы елдердің одақтығын көрсетеді», – дейді. (І. Ж. Құжаттар, күнделіктер, дала хикаяттары) (185 бет).
Жазушыға жазықсыз жала жабылған жылдары репрессия құрбанының көптеген кітаптары жойылып кеткен. Алайда, Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойы аясында оның әдеби мұрасын түгендеу, жинау мақсатында ұйымдастырылған “Ілияс ізімен” атты халықаралық ғылыми-танымдық экспедиция барысында біздің кітапханаларда жоқ кейбір кітаптардың Ресейдің Мәскеу, Петербор қалаларының кітапханаларынан табылғанына қатты қуанғанымыз рас.
Ұлт болашағы – білімді ұрпақ. Сөз зергері өскелең ұрпаққа білім бере отырып, олардың рухани мәдениетін байытуға, туған елі мен жерін сүюге, ата-анасын сыйлауға, имандылыққа тәрбиелеуге аса көңіл бөлген. І. Жансүгіровтің жалпы балаларға арналған шығармалары жас ерекшелігіне байланысты мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына, орта (жас жеткіншек) буын оқушыларына, жоғары сынып оқушыларына арналған деп ойлаймын.
Балалар әдебиетіне үлесті Ілияс драмалық жанрда да қосты. Мазмұны ғибратты, бала тәрбиесіне негізделген «Мектеп» атты қуыршақ сахнасына лайықталған, балаларға арналған бір перделі пьесасы 1934 жылы кітап болып жарық көрген. Пьесаны қай жастағы бала болса да ойнауына болады. Қуыршақпен ойнауға да, балалардың өздерінің сахнада ойнауына да келе береді. Пьесада Ілияс қуыршақ арқылы ойын баласының мектепке баруына жол сілтейді.
Халқымыздың қадірлі перзенті Ілияс Жансүгіровтің балалар әдебиетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Балалардың ой-өрісін дамытып, таным-көкжиегін арттырып, мінез-құлқын танытатын, рухани дүниесін байыта түсуіне арналған тәрбиелік мәні зор мол мұра қалдырды.Қазақ балалар әдебиетін қалыптастырудағы орасан зор шығармашылық мұрасы мен ғылыми еңбектерінің арнайы да жүйелі зерттеуді қажет ететіні сөзсіз.
Салтанат Төлегенова,
Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің аға
ғылыми қызметкері





