Соғыс кезінің балалары. Осы екі сөздің мағынасына терең бойлар болсақ, балалықтары ұрланып, еркеліктері жоғалған, қамсыз шақтарынан айырылған жасөспірімдер көз алдымызға келе қалады. Шындығы да солай. Еркелеп, көшенің шаңын жұтып, шапқылап жүретін кездері олар қабырғаларының қатаймағандығына қарамастан аналарына қолғабыс етіп, әкелерінің жоқтығын білдірмеді. Сондықтан да оларды соғыс кезінің балалары дейміз-ау.
Жеңістің 75 жылдығында ауданымызда саусақпен санарлықтай ғана соғыс ардагерлері қалса, тылда еңбек етіп жеңісті жақындатуға үлес қосқандардың да көбі кетіп, азы қалып бара жатқандығы тағы шындық. Солардың бірі – Сұңқар ауылының тұрғыны, бүгінде 90 жастың төбесіне шығып отырған кейуана Әуезхан Тәшкенбайқызы.
Ол кісіні жақсы танымағандықтан кездесуге бара жатып санам сан жаққа, ойым он жаққа бөлінді. Бір ғасырға таяп қалған әженің әңгіме айтуға шамасы бар ма, өмірдің ащысын татқан адамның қартайған шақта жады жоғалып, сөйлесуге құлқы бола ма, болмай ма деген сұрақтармен Әуезхан әженің үйіне қалай келгенімді де сезбей қалдым. Әйтсе де ауылдық жердің қазақи мінезіне салып, сыртқы есікті емін-еркін аштым. Бірден дәмді сорпаның иісі мұрнымды қапты. Әрі қарай жүріп, асүйге бас сұққанда сәнді киініп қамыр жайып тұрған апаны көзім шалды.
Шынын айтайын, өзім іздеп келген Әуезхан әже осы деп ойламадым. Сырттан естілген тықырға елеңдеп, басын көтерген әже кім екенімді сұрады. Осы сәтте, неге екенін өзім де білмеймін, әжені бұрыннан танитындай құшақтап, бетінен сүйдім. Ол кісі де еміреніп жатыр. Жан-жағында басқа ешкім көрінбеді. Сосын келгендегі мақсатымды айттым.
Әжемнің нан жайып тұрған кейпіне таңдана қарап тұрмын. «Сорпасы кішкене қайнай түссін, сосын саған кеспе беремін», – деді ол. Өзімнің де осындай кеңпейіл, дарқан көңіл, жеп-жеңіл қимылдайтын анамның болғандығын есіме алып, бір керемет сезім бойымды билеп, кейіпкерімді сөзге тарттым.
Әуезхан әжей 1930 жылы Кепебұлақ ауылының Сарбұлақ учаскесінде дүниеге келіпті. Соғыс басталмай тұрып анасынан айрылған қыз сіңлісі Күләтай екеуі әкесі Тәшкенбайдың тәрбиесінде болады.
Тура өзімнің анамның тағдыры секілді. Ол кісі де сіңлісі дүниеге келгенде анасынан айырылып, әке тәрбиесімен өскен-ді.
Әжейдің әңгімесі қазіргі біздікі сияқты «есімде жоқ, ұмытып қалыппын» деген сөздерден мүлдем ада. Сөзі анық, ойы тиянақты, жадынан еш жаңылмаған.
Әкесі соғысқа аттанарда құрдасы Құдайбергенге екі қызын табыстайды. Досы уәдесіне берік болып, екі қызға мүмкіндігінше көмектесіп тұрады. Сонда да болса анадан өлідей айырылып, әкеден тірідей алыстаған екі қыздың көргендері өлместің күніне айналады. Ауылдағы кәрі-құртаң, қыз-қырқын шөп жинаса солардың жанынан қалмай шөмеле салысып, бау байлайды. Сол кезде небары 11 жастағы қыз сіңлім аштан өлмесін деп, үлкендер қандай жұмысқа жұмсаса да жүгіре береді екен.
Тағдырдың кейде тіпті қатаң болып кететіні бар ғой, әкесі соғыстан қайтып оралмайды. Соғыс аяқталғанда Әуезхан әжей 15 жастағы бойжеткенге айналады. Жұмыстың ауыр, жеңілін бірдей атқарып, сіңлісінің қамын көбірек ойлайды.
Әкесінің қарындасы болып келетін туысы бұларға жаны ашып, сіңлісін Жамбыл ауданына алып кетеді. Нағыз бұлаңдап бойжеткен кезінде ауылдың қой қырқымына араласады. Бұл ер-азаматтардың жұмысы болса да қаршадай қыз-жігіттерден бір сәт те қалыспайды. Оның ептілігі мен жігері айналасындағыларға дем беретін жағдайға жетеді.
Ол кезде кез келген жұмыс нәтижесі жарыспен бағаланатын. Қой қырқу бойынша ауданда өткен жарысқа қатысып, жігіттердің бәрін шаң қаптырып, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» деген вымпельді жеңіп алады. Сөйтіп ауылының мәртебесін көтереді.
Жарыста ала-құла қырқу, қой терісін кесіп кету дегенге жол берілмейді. Әуезхан әженің әр ісіне мұқияттылығынан, қаршадайынан еңбекпен шыңдалғандығынан да болар, ол сапа жағынан да, қырқылған қой саны жағынан да әрдайым жеңімпаз атанып отырды.
Ол кездегі адамдардың бойында өз ісіне деген адалдық, шынайылық сезімі басым еді ғой. Ол үшін атақ сұрап, марапат тілемейтін. Соғыс кезінде еңбегім сіңіп еді деп ешкімнің алдына барып кеуде қаққан емес. Мемлекеттік архивтен Сталиннің қолы қойылған «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» медалінің де лайықты табыс етілмегендігін әңгіме арасында ұқтық. Ұлы Бақытбай оның куәлігін тауып, анасының сол замандардағы өзіне тиеселі сыйын қайта табыстайды. Тыл ардагері Ұлы Жеңістің 50, 60, 70 жылдығына орай медальдармен марапатталған. Ең бастысы, бұл наградалар да емес, бастысы, әжейдің әлі күнге еңбектен қол үзбегендігі. Мені қуантқан да осы жайт еді.
Қой қырқымда жүріп Бердібек Бірімқұл деген азаматпен танысып, 1956 жылы шаңырақ құрады. Өнегелі отбасының отанасы атанады. Дүниеге ұл мен қыз әкеліп, оларды да еңбекпен шыңдап, бүгінде сол ұрпағының қызығын көріп отырған бақытты әже екендігіне куә болдық. «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнетін көрейік» деп отыратын өз анамның сөзі тағы да есіме түсті.
Тоқсанға келген әжейдің балдай тәтті кеспесін ішіп отырып, оның әңгімесінің аяқталмауын тіледім. 90 жасында бақшалығындағы жеміс-жидектен пісірген тосабын ұсынып, оны қалай жасағандығын айтып берді. Өз қолымен шай құйды. Әжейдің басқа ешкім қайталамастай дәммен пісірген тамағын үстемелеп ішіп, анамның төрінде отырғандай мәз болдым.
Бұл шаңырақтан адалдық аңқып тұрды. Оның иісін бірден сездім. Бұл шаңырақтан еңбек иісі бұрқырады, соған елтідім. Бұл шаңырақтан бақыттың самалы есті, оған мәз болдым. Бұл шаңырақтан көптен жоғалтып алғандай боп жүрген керемет бір күйді таптым. Ненің құдіреті екенін бірден түсіне алмағам. Мұның, бүгінгі тілмен айтқанда, әжейдің позитивті энергиясы екенін үйден ұзап шыққан соң түсіндім.
Тоқсанның төрінде де қазанын оттан түсірмей, шаңырағының түтінін будақтатып отырған әжейдің жүзге келуін Жаратушыдан тіледім.
Баян МАМЫРБАЕВА
Сұңқар ауылы,
Ұйғыр ауданы





