1 маусымнан бастап Қазақстан қалалары арасындағы барлық блокпост алынып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Тайжанов мәлім еткен еді.
— Ведомствоаралық комиссияның 1 маусымнан қалалар арасында блокпостарды алып тастау шешіміне сәйкес, 5 маусымнан тасымалдау шараларын жандандыру бойынша жұмыстар іске асырылады, — деді Ж.Тайжанов.
Оның сөзіне қарағанда, автобуспен жолаушыларды тасымалдау кезінде тасымалдаушылардың тиісті жұмыс алгоритмі бас санитарлық дәрігер қаулысы талаптарын ескере отырып әзірленді. Осы орайда бағдардың соңғы пунктерінде автобустарды дезинфекциялау, көлік салонына тек медициналық бетпердеде отырғызу, сондай-ақ, басқа да қауіпсіздік талаптары ескерілген.
Осыған байланысты Елордада 1 маусымнан бастап қала периметрі бойынша орналасқан блокпостар алынды. Бұл жайында Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. «Тұрғындар санитарлық нормаларды қатаң сақтауы тиіс: бетперде тағу, антисептиктерді пайдалану, көпшілік орындарда қашықтықты сақтау. Қаланың өзінің бұрынғы ырғақты өміріне түсуі әр тұрғынға байланысты», — делінген әкімдіктің «Instagram» парақшасында жарияланған хабарламасында.
Сондай-ақ, Алматыда да қала бойынша орналасқан барлық блокпостар алынды. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Instagram» әлеуметтік парақшасында да мәлімдеді. Сондай-ақ, ол блокпостарда жұмыс істеген барлық қызметкерлерге алғыс айтты.
— 1 маусымға қараған түні қала аумағында орналасқан блокпостарды аламыз. Төтенше жағдай режимі кезінде бұл бекеттер қаладан шығу және қалаға кіруді шектеді. Бұл – коронавирустың таралуын тоқтату үшін қажетті шара болды. Барлық полиция, санитарлық қызмет, фито және ветбақылау қызметкерлеріне, аудандық әкімдіктер мен Ұлттық гвардия, Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілеріне алғысымды білдіремін, — деді Б.Сағынтаев.
Оның айтуынша, елде, соның ішінде Алматыда жағдайдың тұрақтануына байланысты шектеу алынады. Бақытжан Сағынтаев барлық кәсіпорындар мен ұйымдар санитарлық қауіпсіздіктің күшейтілген шаралары негізінде жұмыс істейтінін еске салды. Үйлерді, аула алаңдары мен көшелерді дезинфекциялау жұмыстары жүргізіле береді. «Белгіленген тәртіпке бағынып, санитарлық гигиена мен әлеуметтік қашықтықты сақтап, қорғаныс бетперделерін киіп жүруге шақырамын. Бұл қазіргі өмірдің қалыпты нормасына айналуы тиіс. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!» — деп жазды Алматы қаласының әкімі.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





