Ғасырдан-ғасырға ұласқан ата-бабаларымыздың арманын, алапат күресінің жемісін бүгінгі ұрпақ – біз көріп отырмыз. Бұл – тарихтың бізге берген баға жетпес қазынасы.
Суықсай ауылдық округі Ащыбұлақ ауылдық клубы кішкене мекеме болса да ұлттық сананы оятатын, ауқымы кең іс-шараларды үнемі өткізіп тұрады. Оған жуырда ғана өткен «Тіл – халық қазынасы» атты «дөңгелек үстел» дәлел. Болашақ ұрпаққа ата-бабамыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен елін, жерін қорғап, ана тілін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мирас қылып жеткізу солардың міндеті, парызы екенін ұғындыру мақсатында өткен шараға оқушылар белсене атсалысты.
Ұрпағын тəрбиелей алмаған ел ұлттық негізден айырылады. Ұлттық негіз тілмен шегеленеді. Сондықтан да тілге ерекше көңіл бөлуіміз керек.
Тəуелсіздік туы желбірегелі тіліміздің де өрісі кеңіп келеді. Тіл – қазақ халқының саф алтындай баға жетпес басты қазынасы екенін ешқашанда ұмытпауымыз керек.
Тіл – тәуелсіздіктің айғағы. Тіл мен егемендік егіз ұғым. Тілсіз тәуелсіздік, егемендіксіз тіл болмақ емес. Тіл – тәуелсіздіктің қуатты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. «Қазақтың болашағы – қазақ тілінде». Бұл – біз үшін ашылған айқын жол. Енді осы ұстанымды берік ұстап, жүзеге асыруға бар күш-жігерді аямай, еңбек етуіміз керек. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – қазақ жастары. Демек, бәріміздің міндетіміз – қазақ тілінің мәртебесін арттыру.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейді Қадыр ақын. Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақтың үлесі тисе деймін.
Фариза КҮЛЕТОВА,
Ащыбұлақ ауылдық клубының меңгерушісі
Ақсу ауданы





