«Тіл – ақылдың өлшемі, ұлттың жаны» деген қағидалы сөзге сүйенсек, мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Жастарымыздың басым бөлігі қазақ тілінде сөйлеуден қашқақтайтыны байқалады. Осындайда өзге тілде сөйлеп жүргеніміз болашақта еліміздің дамуына кері әсер етпей ме деген ойға қаласың. Өйткені адам қай тілде сөйлесе, сол ұлттың менталитетін, салт-дәстүрін, танымын, ұстанымын өзінің бойына сіңірері анық.
Қазақ тілінің бүгінгі хал-күйі, қолданыс аясы барлығымызды толғандыруға тиісті. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қолданыс аясын кеңейту заңдық тұрғыда қалай орындалуда, тілге байланысты заңдардың сақталуы және орындалуы қай деңгейде? Ана тіліміздің дамуы мен нығаюына бағытталған заңдар қабылданып, мемлекеттік бағдарламалар дайындалып, оларды жүзеге асыру іс-шаралары атқарылып келеді. Соған қарамастан қазіргі уақытта мемлекеттік тілдің айналасындағы айтыс-тартыстар мен пікірлер қайшылығы әлі күнге толастамауда. Тіл мәселесі – елімізде аса маңызды да ең өзекті мәселелердің бірі.
Қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында қолға алынған шаруалар жетерлік. «Қазақстан Республикасының тіл саясатының тұжырымдамасы туралы» Өкім, 1997 жылғы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы, көптеген мемлекеттік бағдарламалар және тағы басқаларды келтіруге болады. Осы орайда айта кетерлігі, Ата Заңның 7-бабы, 2-бөлімінде мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатындығы жазылған. Бұл – егер қажеттілік болған жағдайда ғана ресми түрде қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылады деген сөз. Заң қызметкерлері ғана емес, барлық жұрт Конституция талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті.
Одан бөлек, ҚР «Тіл туралы» Заңының 13-бабында: «Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі. Ал, қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады», – деп көрсетілген. Аталған Заңның 14-бабында әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы iстер мемлекеттiк тiлде, егер қажет деп табылса басқа да тiлдерде жүргiзiледi деп жазылған. Міне, көрдіңіз бе? Барлық жерде қажеттілік туындаса ғана деп тұр. Өкінішке қарай, мұны көпшілік басқаша түсініп, қазақ тілінің дәрежесін төмендетуде.
Қазіргі кезде барлық құжаттамалар мен сот ісі қазақ тілінде толтырылып, жүргізіледі. Кей жағдайларда сот ісін жүргізу тілін өзгерту қажет болса әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судья, лауазымды тұлғалар әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы iс бойынша іс жүргізу тілін өзгерту туралы қаулы шығарады. Бұл барлық әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы iстер мемлекеттiк тiлде жүргiзiлуге тиіс, егер қажет болған жағдайда уәжді қаулымен іс жүргізу тілі өзгертілетіндігін нақты көрсетеді. Ал бізде бәрі керісінше, заң да, басқа құжаттар да орыс тілінде әзірленіп, содан кейін барып қазақ тіліне аударылады.
Маңызы бар салалардың ісқағаздары, жалпы, құжат айналымы мемлекеттік тілде жүргізілгені жөн. Қоғамда, әсіресе, жастар арасында қазақ тіліне байланысты талап болмайынша, бұл мәселені де түбегейлі өзгерту қиын. Өйткені, жаһандану дәуірінде өзінің тарихының, мәдениеті мен тілінің қадіріне жететін халық қана табысты өркендей алады.
Қайрат ИМАНХАНОВ,
облыстық соттың судьясы





