Махаббат – ақыл-ойы терең, адамгершілігі жоғары сатыдағы пенделерге таңдап қонатын бақыт екен. Ұлы Абай атамыз: «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» демейтін бе еді! Міне, мен де махаббаттың тәтті сезім екенін Нұрланыммен танысқан сәттен бастап білдім. Екеуміз көгілдір көктемнің жанға жайлы бір кешінде танысып, табысқанбыз. Сол сәттен бастап көктем ең жақын әрі жақсы көретін мезгіліме айналды. Өміріме үлкен өзгеріс пен қуаныш сыйлады. Алайда қаһарлы қыс ұлы сезімнің жібін мәңгілікке үзіп кетті. Желтоқсанның ызғарлы аязы Нұрланымды бауырына басып, мәңгілік мекеніне алып кеткеніне сенгіміз келмесе де көнуге мәжбүрміз. Өмірдің сынағы осы.
Құдай қосқан қосағыммен бірге өткен бақытты кездерім, алаңсыз күндерім мәңгі жүрегімде. Мұндай керемет сезімді бұрын-соңды бастан кешіп көрмеген мен алғашында азаматымның көзіне тіке қарап, сөйлеуге қысылғаным рас. Ер-азаматқа тән қасиеті мен азаматтығы оны үнемі биікке жетелеп тұратын. Айтқан уәдесін орындау, алға қойған мақсатына жету, жан баласына қиянат жасамау оның басты қағидасы еді. Ол үшін ОТБАСЫ бәрінен де қымбат болатын. Шағын ғана мемлекет оның басты БАЙЛЫҒЫ еді. Осындай бақытты күндер енді ешқашан қайталанбайтынын ойласам, жүрегім ауырады. Мұндай сәтті ұмыту мүмкін емес екен.
Таныстығымыздың соңы махаббатқа ұласқан соң Нұрланды ата-анаммен таныстырдым. Анам Қарлығаш өмірін оқу-ағарту саласына арнаған ұлағатты ұстаз болғандықтан адамды бір көргеннен кім екенін айыра білетін. «Нұрлан жақсы бала. Оны өміріңе серік етсең еш қателеспейсің» деп бірден оң көзқарасын білдіргені менің ер-азаматыма деген сыйластығымды одан ары асыра білді. Анам айтқандай, Нұрлан жас та болса бас бола білетін, өмірден көргені, көкейге түйгені мол, адамгершілік қасиеті жоғары азамат болып шықты. Мендей жас әрі ерке өскен қызғалдақтың білгенінен білмегені көп екенін отбасылы болғанда түсіндім. Отағасымнан көп дүние үйреніп, жақсыларды ойыма тоқыдым. Қысқасы, Құдай қосқан қосағым өмірімнің басты бағдаршамына айналды.
Біраз уақыттан кейін қазіргі менің ата-анам қазақтың ата салтымен құда түсіп, сырға салу дәстүрін салтанатты түрде өткізді. Сөйтіп, 2016 жылдың желтоқсан айының 17 жұлдызында екеуміз жаңа өмірге қадам бастық. Ағайын-туыс жиналып, неке тойы өтті. Қасиетті қара шаңырақтың алтын босағасын аттап, ақ жаулықты келін атандым. Көпті көрген, бала-шағасы үшін жанын қиюға дайын тұратын ӘКЕМ мен АНАМ «Бақытты өмірлеріңнің бастауы болсын» деп Нұрлан екеумізді шетелге қыдырып қайтуға жіберді. Мейірімі мол қос бәйтерегім мені келін емес, туған қызындай көріп, алақандарында аялап ұстады. Күні бүгінге дейін ол кісілердің құрметі өзгерген жоқ. Өмірімнің соңына дейін асыл да аяулы жандарға қарыздармын.
Екі жақтың да ата-анасы бірін-бірі ерекше құрметтейді. ҚҰДА-ҚҰДАҒИЛАРДЫҢ сөздері де, істері де жарасып, мың жылдық сыйластық орнату ауанында араласады. Әлі де осы сыйластықтары жоғары деңгейде. Ләйім солай болғай.
Нұрлан екеуміз болашаққа құрған жоспарға, асқақ арманға қол ұстасып, бірге ұмтылдық. Араға жыл сала адал әрі пәк махаббатымыздың белгісіндей Жаратқан иеміз Аида атты жұпар исті сүйкімді сәбиді тарту етті. Берекелі шаңырағымыз шаттыққа толып, қуанышымыз еселене түсті. Осылайша бақытты күндеріміз айға, жылға жалғаса берді. Алайда өмірімнің бағдаршамы кенеттен мәңгіге сөніп қалады деп еш ойламаппын. Арда азаматымнан айырылып, айрандай ұйып отырған әулетімізге, шаттықты шаңырағымызға желтоқсанның ызғырығы қатты тиді. Төбемізден жай түскендей күй кештік. Қайғылы жағдай бізге қатты әсер етті. Әкем мен анамның көздерінің қарашығындай аялаған алтын асықтай ұлы, ұрпағының жалғасы болған жалғызы, менің шағын мемлекетімнің тірегі, шын жүректен сүйген адал да аяулы жарым, перзентімнің асқар таудай әкесі Нұрланымыз аяқасты оралмас сапарға аттанғаны бәрімізді есеңгіретіп кетті.
Отбасы болғанымызда желтоқсанның желді әрі ызғарлы суығы бақыттың ыстық құшағына оранған біздерді тоңдыруға қауқары жетпеген еді. Алайда, Нұрланымды түпсіз тұңғиығына тартып әкеткен 2018 жылдың желтоқсанның ызғары бәріміздің жүрегімізді қарып өтті. Сай-сүйегімізді сырқыратып, жанымызды тітіркентті. Дүние төңкеріліп түскендей жүрегім астан-кестен күй кешіп, жанымызды қоярға жер таппай қатты қиналдық. Әкем мен шешем де қайғының ауыр шапанын жамылды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдық. Кеудемізде жан болғасын бір-бірімізге қолдау көрсетіп, сүйеу болуға тырысып келеміз. Сендей перзентті өмірге алып келген асыл жандарға сенің жоқтығыңды сездіртпеймін, аманатыңа ешқашан да қиянат жасамаймын деп сөз беремін. Қос бәйтерегіме бас иіп, рахметімді айтамын.
Нұрланым өмірден өткенде Тәңірдің әулетке дайындаған ерекше сыйы бар еді. Құрсағыма біткен шарана да асқар тауының шағылғанын сезгендей күй кешіп, әбден тыпыршыған еді. Ендігі аналық тілеу – сол аманатты аман-есен өмірге алып келу еді. Қол жайып тілеген дұғам қабыл болып, өмірге шекесі торсықтай ұлымыз келді. Өмірден өзі кетсе де өзінен аумай туған ұрпағының қалғанына қуанып, шүкір дегеннен басқа біз бейбақтың қолынан не келе қойсын? Бәріне көндік. Кішкентай қамшы ұстар Әлімнің күлкісі отбасымызға жылулық сыйлап, өшкен отымызды жағып, үзілген үмітімізді қайта жалғағандай болды. Осылайша сенің кішкентай ғана ізбасарың, өміріңнің жалғасы болған ұлың бізге таудан да биік бақыт алып келді. Бірақ сенің орныңды ешкім толтыра алмады. Бір өзің бір төбе едің ғой, асыл азаматым. Қайтейін?! Бұл сынаққа көнбеске басқа амал жоқ…
Әкем мен анам қиналып, сені сағынып, құлазып жүргенін маған сездірмеуге тырысады. Бірақ бәрін көріп те, сезіп те жүрмін. Аида мен Әлімді бауырына басып, еркелетіп, балаша ойнағандарына қарап «Алланың берген осы нығметіне де шүкір» деп қоямын. Шаңырағымның жайқалған қос бәйтерегіне әкелік қамқорлығы мен аналық махаббаттары үшін алғыстан басқа ештеңе айта алмаймын. Қиналған сәтімде демеу, құлағанымда сүйеу болған жандарды мен ешқашанда жалғызсыратпаймын. Жалғыз ұлы Нұрлантайының көзіндей болып, тәтті қылықтарымен жаралы жүректеріндегі дертін жаза білген қос немересінің қасында аман-сау жүріп, қызығын көруді бір Құдайдан тілеп жүремін.
Нұрланым ата-анасын, қос қарлығашын маған аманат етіп қалдырғандай. Жарық дүниедегі маған қымбат жандарға қамқор болуды өзіме артылған жауапкершілік деп білемін әрі соны сезінемін. Кеудемнен жаным шыққанша асыл ерімнің сеніміне селкеу түсірмей, аманатына қиянат жасамай, үмітін ақтаймын.
Әкем мен анамның жүрегінің дүрсілі, асыл перзенті, ұлықты ұлы, менің асыл азаматым, өмірімнің басты кейіпкері, қос перзентімнің асқар таудай әкесінің бұл жарық дүниеде жоқ екеніне әлі де сенгім келмейді. Нұрланымның асыл бейнесін ойлап, суретімен сырласып, елесімен таң атырамын. Санам сан, ойым он жаққа кетіп, ішкі әлемімнің аласапыран күй кешкеніне де, міне, бір жыл. Бірақ осы бір жыл бізге ғасырға пара-пар болды емес пе?! Әттең, басқа амал жоқ. Қолдан келер шара қайсы? Басқа салған бұл сынаққа да көнеміз. Төземіз. Осы сынақтың соңынан Жаратқан бізге үлкен нығметін дайындайтын шығар деген үміт жібін үзбейміз. Ол үлкен нығмет – ата-анам мен балаларымның саулығы болсыншы деп тілеймін.
Ендігі бар байлығым да, қуанышым да, арқасүйер асылдарым да ата-енем, Нұрлантайымның қара қанаттанып өсіп келе жатқан сүйкімді қос қарлығашы. Жаныма жақын жақсыларымның амандығын аналық жүрегіммен тілеймін.
Нұрлантайым, топырағың торқа, иманың жолдас болып, пейіште нұрың шалқысыншы. Енді ешқашан- да қайталанбайтын бақытты күндерім үшін өзіңе мың алғыс айтамын. Сендей асыл да аяулы жанды маған бергені үшін Аллама мың да бір шүкір. Өзіңе деген ақ, пәк махаббатым жүрегімде мәңгі сақталады. БАҚҰЛ БОЛ, АРДА АЗАМАТ. ҰЛАҒАТТЫ ҰРПАҚ. АДАЛ ПЕРЗЕНТ. АЯУЛЫ ЖАР. АСЫЛ ӘКЕ.
Айнұр АЙДАРХАНОВА





