Қазақ театр өнері туралы сөз еткенде Қазақстанның Халық әртісі Қасым Жәкібаевқа тоқталмай өте алмаймыз. Ол кісінің бейнесі көз алдымызға келеді. Актер болмысының бөлек, шеберлігінің ерен екеніне дәлелдер жеткілікті. Аға өнегесін көрген әріптестері бұл жайындағы әңгімелерді әлі күнге дейін ауыздарынан тастамайды. Жәкібаев қалыптастырған мектептің тағылымына тамсанып, оған сүйінеді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Қасекең жайнап тұрған жалын, лапылдаған от болатын. Тәртіпті әрі тәкаппар кісі еді. Актерлердің ішінде оқыған-тоқығаны мол, парасат-пайымы биік, көп білетін адам еді. Барлығынан дара тұратын. Ізденуінде шек жоқ. Образ жасағанда режиссердің ғана айтқанына сүйенбейтін. Өз түсінігімен, өзінің рөлге авторлығының арқасында кейіпкерді керемет етіп бейнелейтін» деген екен.
Осы тіркестегі теңеулерге зейін қойсаңыз көп нәрсені аңғартады. Қасым Әбекұлы жер жаннаты Жетісудың тумасы. 1929 жылы Алматы қаласына іргелес Жамбыл ауданына қарайтын Шолаққарғалы ауылында дүниеге келіпті. Заңғар Алатаудың аясында өсіп, ержетті. Айналасын қоршаған сұлу табиғаттың әсеріне бөленді. Әкесі Әбек пен анасы Сарқыт қарапайым еңбек адамдары болған. Ұрпақтарын ата жолына меңзеген. Балалардың тәлім алған ортасы, алғашқы мектебі – ата-анасының тәрбиесі. Осында тазалық пен еңбексүйгіштікті үйренді.
Қасымның мектептегі ұстаздары да ерекше адамдар болған. Мәселен, орыс тілінен сабақ берген Анна Герасимованы алайықшы. Бұл кісі Қазақстанның Халық әртісі Қапан Бадыровтың зайыбы. Оны бүгін біреу білсе, біреу білмейді. Үлкен адамға серік болған мұғалім сабақ арасында оқушыларға театр мен актерлер туралы әңгімелер айтпады дейсіз бе, әрине, айтты. Сөйтіп бала жүректерді сахна өнеріне о бастан-ақ қызықтырған шығар деп ойлаймыз. Ал, математикадан дәріс берген мұғалімі кім дейсіз ғой? Ол – Бақытжан Байқадамов! Кәдімгі әсем әндері күллі елдің есінде қалған қазақтың атақты композиторы. Міне, белгілі адамдардың әсері мен ықпалы бала бойындағы талант көзінің ашылуына септігін тигізді деуге толық негіз бар.
Өмірді өртке ораған Екінші дүниежүзілік соғыстың алапаты байтақ елді шарпыды. Оның қасіретін айтудың өзі қиын. Солай десек те бұл оқиға көптеген жайларға себеп болды. «Мосфильм», «Ленфильм» киностудиялары кеңестік орталықтан Қазақстан астанасы Алматыға көшірілді. Соғыс кезінің өзінде тынымсыз жұмыс істеп жатты. Есімдері мен еңбектері бүкіл одаққа әйгілі актерлер мен режиссерлер Алатаудың етегіне шоғырланды. Өздерімен бірге осында үлкен мәдениетті де ала келді.
Бір күні Қасым ағаның жолдасы Жанай Оспанов жағымды жаңалықты қуана хабарлайды.
– Мен театр көркемөнер училищесіне оқуға түстім. Талапкерлерді қабылдау біткен жоқ, әлі жалғасып жатыр. Тілек білдірушілердің қатарында қыздар көп екен, ұлдар аз. Сен де барып бағыңды сынап көрсең қайтеді? Адамдардың сан түрлі қылықтарын бейнелеп бізді күлдіргенде алдыңа жан салмайсың. Сірә, бойыңда әртістік қасиет бар шығар, – дейді ол.
Жолдасының сөзі Қасымның құлағына майдай жағады. Көктен іздегені жерден табылғандай керемет қуанады. Екі көзі шоқтай жанып еш ойланбастан сынақ тапсырушылардың қатарына қосылады.
Ленинградтан келген КСРО Халық әртісі Виктор мен оның әйелі Любовь Дьяковтардың назары бірден қазақтың жігерлі де өжет қара баласы Қасымға ауады. Сөйтіп театр көркемсурет училищесіне қабылданған бозбала он сегіз жасында оқуын бітіріп, әртіс атанады.
Қасым Жәкібаев өнердің ұзақ жолының жарты ғасырлық үлкен бөлігін Алматыдағы республикалық балалар мен жасөспірімдер театрына арнады. Он жылдан астам «Қазақфильмде» жемісті еңбек етті. Ұлттық өнеріміздің өсіп, өркендеуіне зор үлесін қосты.
Қазақстанның Халық әртісі Роза Әшірбекқызының Қасым Жәкібаев туралы «ол образ жасаудың хас шебері еді. Ел-жұрттың жадына қорғасындай құйылып қалушы еді. Ол тек қана өнермен өмір сүретін кісі еді» дегені актерге берілген жоғары бағаның бірі.
Қасым ағаның алғашқы рөлі А.Толстойдың «Алтын кілт» ертегісіндегі мысық Базилио екен. Кішкентай көрермендерді сендіру, оларды өзіне ілестіріп күлдіру қиынның-қиыны. Жас актер сол міндетті ойдағыдай орындап, өмірдің бірінші сынағынан сүрінбей өтіпті.
Актер бейнелеген кейіпкерлер ерекшелігімен елдің назарын аударатын. В. Шекспирдің «Гамлетіндегі» Полони, Ф.Шиллердің «Зұлым мен махаббатындағы» Вурле, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатындағы» Қайрақбай, Ғ. Мүсірепов пен Қ. Ысқақтың «Ұлпан – Есенейіндегі» Тоқай, Ш. Айтматов пен М. Шахановтың «Миғұла терісі үстіндегі сот» спектакліндегі Шыңғысхан – осылай тізе беретін болсақ кейіпкерлер шоғыры бір-біріне жалғасады. Қасым сомдаған рөлдерге көрерменнің бейжай қарамайтыны да сондықтан. Содан кейін де залдағы жұрт актермен бірге күліп, актермен бірге мұңайған.
Қазақстанның Халық әртісі Есмұхан Обаевтың «Жақсыдан сөз қалсын» деген естелігін оқып отырсаңыз көп жайларға қанығасыз. «Жалпы, Қасым аға жылап-сықтап, көз жасын төге беретін рөлді де, шығарманы да онша ұната бермеуші еді. «Өзі де жылап жүрген елді одан сайын несіне жылатамыз?» деп отыратын.
Сондықтан болар, трагедияға қарағанда комедиялық рөлдерді ойнағанды жаны сүйетін… Қалтай Мұхамеджановтың әйгілі «Өзіме де сол керек» комедиясындағы Қайдарбек сияқты алаяқтың рөлін, әй, бір құйқылжытып ойнайтын. Бұл шығарма сахнадан түспей, жиырма жылдай жүрді», – деп жазады ол.
«Дерсу Узала», «Қан мен тер», «Үшеу», «Дәнекер», «Отырар», «Махаббат бекеті», «Тоғысқан тағдырлар» секілді фильмдердегі рөлі кино өнері шежіресінде мәңгіге қалды. Актер қандай міндетті арқаласа да оны жеріне жеткізіп отырған. Жұртты күлдіріп ғана қоймай, халықтық қасіретті көрсету арқылы да жүректерді сыздатқан. Осылайша кеңестік кезеңдегі қазақтың көрген құқайын тұспалмен баяндайды. Сормаңдай тағдырларды алдыға тосады. Оның ақтаңдақ болып ұмытылмауын қалайды.
Ол 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен бұрын-ақ ақиқатты іздеген үнін жалпақ жұртқа естіртті. Қазақтың аяқ-қолын қызыл империяның тырп еткізбей бұғаулап отырғанын тайсалмай айтты. Бәлкім, әке көкірегіндегі сыртқа шыға алмай бұлқынған ыза-кек баласына ауысқан шығар деп ойлаймыз.
Актердің зайыбы Нұртай апа баласы Азамат туралы айтқанда:
– «Түбі ақталамын, көзіңе жас алмашы», – деп мені жігерлендіретін еді, жарығым, – деп жанарынан жас сорғалайды.
Азамат Қасымұлы коммунистік қоғамның екіжүзділігін, оны билеушілердің жауыздығын әшкерелеп, үнпарақтар таратқан. Кеңес өкіметі ондай жанды аясын ба, сау адамды жындыханаға тығып жазалаған. Сол жерде «өзіне-өзі қол жұмсады» деген сылтаумен ұлтшыл жастың көзін жояды.
Алайда, олар бәрібір ақиқатты өлтіре алмады. Азамат Қасымұлы ел Тәуелсіздігінің арқасында 1993 жылы Жоғарғы Соттың шешімімен толық ақталды. Бірақ актер кейіпкерінің қасіреті актердің өз қасіретімен ұштасып жатқаны әулетіне ғана аян еді. «Немере сүйе алмадым-ау!» деген әкелік арманы ақталмаған күйінде мәңгіліктің сағымына сүңгіді…
Еңбек еш кеткен жоқ. Қазақстанның Халық әртісі Қасым Жәкібаев Отанының, елінің қошеметіне бөленді. «Парасат» орденімен марапатталды. Бүгінгі ұрпақ оның ошағында жанып тұрған от секілді. Тоқсан жылдығы өнер тойына айналды. Халқымен бірге жасау да үлкен бақыт!
Болат МӘЖИТ





