Премьер-Министр Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен Үкімет отырысында екі мәселе – жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелері және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды.
Алғашқы тақырыпқа байланысты ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, жаңартылатын энергия нарығымен өзара іс-қимыл туралы «KEGOC» электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев, ЖЭК нысандарының экологияға әсері туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндама жасап, елімізде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесімен таныстырды. Атап айтқанда, Қазақстанда белгіленген қуаттылығы 936,8 МВт. болатын жаңартылатын энергия көздерінің 83 нысанының 18-і жел, 27-сі күн, 35-і су электрстансысы және 3-і – био электрстансысы. Олардың ішінде биыл қуаттылығы 405,17 МВт. болатын 15 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қуаттылығы 104,8 МВт. болатын тағы 4 ЖЭК нысанын пайдалануға беру көзделген. Олар Солтүстік Қазақстан облысындағы 1 жел электр- стансысы, Қызылорда облысындағы 2 күн электрстансысы және Шығыс Қазақстан облысындағы 1 су электр стансысы.
Бұл нысандардың жалпы қуаттылығы былтырғы көрсеткіштен 2 есеге артады. Алдағы 2025 жылға қарай еліміздегі жаңартылатын энергия көздерінің нысандары ең аз дегенде 3000 МВт. белгіленген қуаттылықпен жұмыс істейтін болады. Тақырыпқа байланысты түсініктеме берген Үкімет басшысы Асқар Мамин:
– Бүгінгі таңда әлемдік тәжірибеге сәйкес баламалы энергия көздерін дамыту – бұл инвестицияларды тарту және экологияны жақсарту бойынша маңызды трендке айналып отыр. Соңғы он жылда жаңартылатын энергия көздерінің әлемдік қуаты төрт есе – 414 ГВт.-дан 1 650 ГВт.-ға дейін ұлғайды. Осы кезеңдегі жаһандық инвестициялар көп ұзамай 2,6 триллион долларға жетеді. Елімізде биыл жыл соңына қарай қуаты 1042 МВт. болатын жаңартылатын энергия көздерінің 87 нысаны жұмыс істейтін болады. Инвестициялардың көлемі 406 миллиард теңгені құрады, – деп елімізде межеленген жоспар көрсеткішін таныстырып өтті.
Қазақстанда белгіленген қуаты шамамен 3 мың МВт. болатын жаңартылатын энергия көздерінің жобаларын сату үшін халықаралық аукциондық сауда-саттық өткенін, оған әлемнің 12 елінен 138 компания қатысқанына тоқталған Премьер-Министр бүгінгі күні жел және күн энергиясы бағасының арзандап тұрғанын тілге тиек етті. Соған байланысты жаңартылатын энергия көздері жобаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін Энергетика министрлігіне халықаралық тәжірибені ескере отырып, қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді тапсырған Премьер-Министр өңірлер арасында жаңартылатын энергия көздерінің саны бойынша Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының көш бастап тұрғанын және Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында бірде-бір жаңартылатын энергетика нысаны жоқ екенін атап өтті.
Тақырыпқа орай Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов есеп беріп, осы өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін таныстырды. Үкімет отырысында қаралған бірінші тақырыпқа орай Асқар Мамин Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Париж келісіміне сәйкес міндеттемелердің орындалуын және қоршаған ортаға шығарындыларды азайту бойынша мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Екінші тақырып «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндама жасап, ел экономикасындағы жоспарлы құрылымдық қайта құрулардың еңбек нарығына және кәсіпкерліктің дамуына әсері туралы өз ойын жеткізді. Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов, Ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаров, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов және Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов тақырыпқа байланысты есеп беріп, атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндады.
Атап айтқанда, соңғы 3 жылда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 1,7 миллион адам қатысып, биылғы жыл басынан бері 23,7 мыңнан астам адам қысқамерзімді оқудан өткен. Сонымен қатар, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 45,4 мың адам оқытылып, 11,6 мың адамға шағын несие берілді. Осы бағдарлама бойынша 1,3 миллион адам жұмысқа орналасып, 51 мың адам жеке бизнесін ашса, 248 мың адам біліктілігін арттырып, 53 мың жас алғашқы кәсіптерін игерген.
Осындай көрсеткіштерге байланысты Премьер-Министр Асқар Мамин жыл соңына дейін еңбек нарығын 2025 жылға дейін кешенді дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді, сондай-ақ, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының әрекет етіп тұрған тетіктерін жетілдіруді тапсырып, жастардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше тоқталды. Әсіресе, елімізде қолға алынып жатқан «Жас кәсіпкер», «Жас маман» жобаларын жалғастыру қажеттігін ескертіп, жастарды жұмыспен қамту бойынша жеке блокты енгізуді тапсырды. Үкімет басшысы тұрақты жұмыс орындарын құру әкімдер мен салалық министрліктер жұмысының негізгі басымдығы болып қала беретінін атап өтті.
Мәди АЛЖАНБАЙ





