Қазақстанда ауылшаруашылығы саласына соны серпін беріп келе жатқан «Байсерке-Агро» көпсалалы агрохолдингінің жыл сайынғы жеткен жетістіктері мен толағай табыстары айрықша аталып келеді. Агрохолдинг мамандарының еліміздің маңдайалды ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесіп, жылдар бойы жаңа инновациялық технологиялар негізінде жұмыс жасаулары оң нәтижесін беріп қана қоймай, отандық өнім өндіруде рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізуде.
Егіс даласындағы комбайн гүрілінен құлақ тұнады. Алып техниканың көмегімен орылып жатқан «Виктория» қытай бұршағының әр гектарынан осы күнде орта есеппен 4 – 4,5 тонна, ал бітік шыққан тұсынан 7 тоннаға дейін өнім алынып, оны «дүниеге әкелген» ғалымдар мен шаруашылық иегерлерінің мерейін тасытуда. Бұл өндірісті ғылыммен ұштастырған «Байсерке-Агроның» дәнді дақылдар өсірудегі алғашқы жетістіктері емес.
Бұған дейін де тамшылатып суару технологиясын пайдалану арқылы «Ласточка» қытай бұршағының және жүгерінің «Пионер LG» сортының, сондай-ақ, бидайдың «Стекловидная-24» сортының әр гектарынан рекордтық өнім жинап, ауылшаруашылығы саласында ТМД мен Еуропа елдерінде болмаған көрсеткішке қол жеткізгендігін атап айту орынды.
Бітік шыққан асбұршақ алқабына «Байсерке-Агро» көпсалалы агрохолдингтің президенті Темірхан Досмұхамбетов, академик Абай Сағитов, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Мақсұт Жапаров және басқа да жауапты мамандар арнайы ат басын бұрып, рекордық өнімнің өсірілу технологиясымен танысты.
– Біз биотехнологияны пайдаланудан көп жылға артта қалып қойдық. Бұл салада дүниежүзі, Еуропа елдері көп алға кетті. Ауылшаруашылығын өркендетуде жаңа технологияның пайдасы қыруар. Қазіргі кезде шетелдіктер жерді жыртпайды, біз де сол тәсілді пайдаланып, бұршақ тұқымын септік. «Виктория» деп аталған қытай бұршағының жаңа сортын жасаған шәкіртім Андрей Агеенкомен бұл жұмысты 8 жыл бұрын бастаған болатынбыз. Оның студент шағы болатын. Агрокешенді жұмыстың, жаңа технологияның нәтижесінде өнімділігі жағынан әлемде теңдессіз тұқым алып отырмыз, – дейді ауылшаруашылық саласының көрнекті ғалымы, академик Абай Сағитов. – Америка елдері, жалпы әлем халқы органикалық азық-түлік өнімдерін өндіруге бетбұрыс жасауда. Бұл да «Байсерке-Агро» агрохолдингімен осы бағытта жұмыс жасап жатқанымыздың жемісі.
– Өсімдік өскенде сабақтары бір-біріне кедергі келтірмейді. Әр сабағының потенциалдық мүмкіндігі мол. Соның арқасында осындай мол өнім алынуда. Біздің алқапта «Виктория» сортымен қоса өзге де тұқымдар пайдаланылады. Алғаш рет өнім беріп отырған аталған сорттың өзіндік ерекшеліктері бар. Келешекте әр гектарынан 10 тоннаға дейін өнім алуға биологиялық қабілеті жеткілікті, – деген жаңа сорттың авторы, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Андрей Агеенко осындай өнімділіктің нәтижесінде Жетісу жерін ғана емес, еліміздегі барлық шаруашылықтарын қытай бұршағының жоғары сортты тұқымымен қамтамасыз етуге қабілетті екендіктерін атап айтты. Солтүстіктен бастап оңтүстікке дейінгі аралықтағы барлық фермердің мол өнім алуына керекті кез келген тұқыммен, оған қажет минералдармен қамтамасыз етуге болатындығын ортаға салды.
– АҚШ-та асбұршақ пен жүгері болмаса, онда сүт те, тауық та, ет те болмас еді. Олар осыны дүниежүзіне жеткізіп жатыр. Сол себепті, пайдасы көл-көсір өнімді өсіруге үкімет пен министрлік, облыс әкімі мен «Байсерке-Агроның» басшылығы жан-жақтылы көмектесіп жатыр. Интеграциясыз ештеңе болмайды. Қазақстандағы барлық ауылшаруашылық институттары бес саусақтай бірігіп, жұдырықтай жұмылып еңбек етсе, алынбайтын қамал, бағындырмайтын белес жоқ. Ғалымдар бірлесіп осындай дәрежеде жұмыс істесе, 200 млн. адамды табиғи өніммен еш қиындықсыз қамтамасыз етуге болады, – дейді Абай Сағитов. – Себебі, бұршақтың бұл жаңа сортының құнарлылығы өте жоғары, 48 пайыз белок, 26 пайыз майдан тұрады. Ең бастысы, дүниежүзінің әскері осымен тамақтанады. «Виктория» сортын өсірген менің шәкіртім. Сегіз жыл болды осымен айналысқалы. «Агропарктегі» де көрсеткіш бірдей. Екі-үш жылда осыны көбейтіп, еліміздің бар аймағын сапалы тұқыммен қамтамасыз етіп, осыны енгізетін боламыз.
Бұрын қамыс басып жатқан сортаң жерді тазалап, органикалық тыңайтқыштардың көмегімен ешбір химиялық қоспасыз табиғи таза әрі сапалы өнімге қол жеткізгендіктерін тілге тиек еткен «Байсерке-Агро» агрохолдингінің президенті Темірхан Мыңайдарұлы бұдан бұрын егілген «Жансая» сортының әр гектарынан алынған өнім көлемі де 72 центнерге дейін жеткендігін сөз етті. Ал 8 жыл күтіп-бапталған бұл жаңа сорттың әр гектарынан 7-8 тоннадан өнім алу рекордтық көрсеткіш және еліміз бойынша тұңғыш жетістік екендігін ерекше атады. 2012 жылдан бері ауылшаруашылық институттарының ғалымдарымен, ізденімпаз шәкірттерімен бірлесе тынымсыз еңбек еткеннің нәтижесінде агрохолдингтің егіс алқабындағы әр өсімдіктен мол өнім алудың жолын тауып, жетістікке жету ерен еңбектің жемісі екендігіне баса тоқталды.
Ауылшаруашылығының тасын өрге домалатып жүрген ғалымдар Кеңес одағының кезінде жүгері мен бұршақтың әр гектарынан 2-2,5 тоннадан артық өнім алынбағандығын айтып, инновацияның арқасында жүзеге асып отырған бұл рекордтық көрсеткіш кешенді жұмыстың жемісі екендігіне назар аудартты.
Жиылған өнімнің жартысы агрохолдингтің қарамағындағы малды азықтандыруға жұмсалса, жартысы сатылымға шығарылмақ. Осы тұста тоқталар болсақ, «Байсерке-Агрода» ірі қара саны 7 мыңға жуықтаса, 12 мың бас қой, 1,5 мың бас жылқы өсірілуде. Жем түрінде берілетін бұршақтың малдың өсіміне, ет-сүт өнімінің құнарлы болуына тигізер пайдасы орасан зор. Сол себепті, «қытай бұршағының 4 тоннасы 12 тонна арпаға пара-пар» дегенді айтады мамандар.
– Биыл облыста 107,6 мың гектар жерге бұршақ егілді. Орташа өнім 23,2 центнер. Осыған дейін 43 мың гектар алқап шабылды. Бүгін «Байсерке-Агрода» қытай бұршағының әр гектарынан 7 тоннаға дейін өнім алуға болатындығын көріп отырмыз. Бұл өте үлкен көрсеткіш, Қазақстан бойынша мұндай жетістікке жеткен шаруашылық жоқ. Бұл «Байсерке – Агроның» ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдарымен бірлесіп жұмыс жасауының нәтижесі. Жаңа сорттар шығып, егілуде. Талдықорған өңірінен осындай жоғары өнімділікке қол жеткізу үшін Талдықорған қаласының маңайынан 40 гектар «Агропарк» зерттеу-өндірістік орталығы ашылып жатыр. Биылғы бюджеттен 109 млн. теңге қаржы бөлініп, Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп жұмыс жасауда. Сонымен бірге, оқу орталығын ашып, фермерлерге кеңестер берілуде, – дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Мақсұт Жапаров.
Бұдан кейін жүгері алқабын аралаған мамандар кеңес үкіметі кезінде гектарына 6-8 тонна өнім алу жоғары көрсеткіш боп саналған болса, ғылым мен өндірістің бірлесе әрекет етуінің арқасында бүгінде ол үш есеге артып отырғанын мақтан етті. Аталған шаруашалықтың 800 гектар жеріне егілген жүгерінің жартысы жиылып, сүрлем дайындалған. Осылайша, ғылымға ден қойып, өндірісі өркен жайған «Байсерке – Агроның» егіс алқаптарындағы күзгі жиын-терін жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы





