Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, экономиканы жаңғырту, халықты әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері қаралған.
Президент бұған дейін де еліміздегі кейбір мәселелерге қатысты заңнамаларға өзгерістер енетінін айтқан еді. Ең бастысы, халықтың талабын естіп, ескеретін, тыңдай білетін мемлекет тұжырымдамасын іске асыруды тапсырды. Экономикалық дамудың жан-жақты өрлеуін қарастырған жүйеде ең алдымен халықтың әл-ауқатына, денсаулығы мен мүмкіндіктеріне жол ашу басты назарға алынғаны қуантады. Әсіресе, ел ертеңі саналатын жастардың жағдайын жасау, болашағына сеніммен қарап, сапалы еңбек етуіне мүмкіндік беру маңызды.
Мемлекет басшысы аталған Жолдауында: «Біз тәуелсіздік жылдары көп жұмыс атқардық. Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік. Бұл – біздің үлкен байлығымыз. Сапалы әрі тарихи маңызы зор құрылымдық конституциялық және саяси реформалар жүргіздік. Қазақстанның халықаралық беделінің артуына, оның өңірдегі геосаяси рөлін жоғарылату үшін көп жұмыс істедік», – деді.
Мұның бәрі аз шаруа емес. Жылдардың тоғысында қиын да сындарлы кезеңдерден өтіп, тұрақтылық пен келісімнің арқасында өркениетке ұмтылдық. Қоғамдық келісім мен тіл тазалығын сақтау, белсенді азаматтық қоғамды құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажет екенін баса айтты.
Іле ауданы облыстағы іргелі өңір әрі Алматы қаласына жақын орналасқандықтан мұнда халық өте көп тұрады. Одан бөлек, тұрғындар тоқтаусыз көшіп келуде. Мұнда жекеменшік серіктестіктер, зауыттар, шағын және орта бизнес қарқынды дамуда, соның арқасында халық жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр. Бала саны артқан соң жылда жаңа мектептер бой көтеруде. Бұл жерде Президент ерекше мән берген мәселенің оңынан шешіліп, жүйелі түрде іске асырылып жатқанын баса айтқым келеді.
Көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту жөнінде де бағдарлама қаралып, қаншама үйсіз-күйсіз жүрген тұрғындар жеңілдіктермен баспанаға қол жеткізуде. Мәселен, «Бақытты отбасы» бағдарламасының жүзеге асуы. Қарызы төленіп, берешегінен құтылған жандар қаншама?! Алғыс айтқан әкелер мен аналардың жүздерінен қуаныш еседі. Мұның бәрі Президентіміз тапсырған маңызды жұмыстардың нәтижесі. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қазақстан – ортақ шаңырағымыз! Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім білдіремін», – деді. Бұл – әрбір азаматтың патриоттық ой-санасын шыңдау, күш-жігерін жану деген сөз. Біз де елін кемелдендірер Президент бастамасына сенеміз әрі қолдаймыз!
Роза Абилова,
Іле аудандық мәслихат хатшысы





