Алатаудың іргесінде, алып шаһар Алматының етегінде қанат жайып келе жатқан Іле ауданы Жетісу жерінің киелі де қазыналы мекені. Бұл өңір қол бастар батыры, сөз бастар биі, қасиет дарыған әулиесі, ақыны мен жыршысы көп қасиетті аймақ. Іле топырағы жанына сұлу өнерді серік еткен талай дүлдүлді дүниеге әкелген. Жоңғарға қарсы шапқан жаужүрек баһадүр Өтеген батыр мен күй перісі Нұрғиса Тілендиев, қоғам қайраткері Асқар Тоқпанов, Мұхаметжан Түймебаев, Заманбек Батталханов сияқты марғасқалардың есімдерімен даңқты. Айта берсе, ауданнан шығып, осы өңірде қызмет істеп, елдің мақтанышына айналған перзенттері жетерлік. Көрнекті актер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Әнуар Молдабеков, Қазақстанның Халық әртістері, сахна сардары Торғын Тасыбекова, «Гүлдер» ансамблінің негізін қалаған Гүлжихан Қалиева, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, білікті басшылар Тоқаш Бокин, Жұбаныш Бәрібаев, Жексембек Құдайбергенов және Атымтай Қисанов, Тұрғанбек Қатаев, Қазтай Ұлтарақов, Серік Үмбетов, Сәт Тоқпақбаев, Қанат Саудабаев, Асқар Құлыбаев, Қалмұханбет Қасымов, Серікбай Нұрғисаевтардың өнегелі істері ел жадында. Ірі қаланың іргесінде өнеркәсібін өркендеткен ілеліктер облыс экономикасына сүбелі үлес қосып жатқанымен де белгілі. Осындай іргелі ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында басшылыққа келген іскер азамат Бағдат ҚАРАСАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Бағдат Әбілмәжінұлы, әрбір қазақтың баласы үшін, Қазақстандай қасиетті елдің перзенті үшін Отанның отбасынан басталатыны белгілі. Ендеше, әңгімені өзіңіздің қай жерде туып, қандай орта мен отбасында өсіп-жетілгеніңіз жайында бастасақ?
– Дана халқымызда «Әркімнің туған жері Мысыр шаһары» деген қанатты сөз бар. Қазақстан деген тұтас елдің өркені екеніміз анық. Десе де туған жер, өскен ортаның да адамның түрлі қасиеттерді бойына тереңдей сіңіруге септігі болмай қалмайды. Кіндік қаным тамған жер жұрт тілімен «Жерұйық мекен» атанған Жетісу өңірі. Соның бір шетін алып жатқан айдыны шалқар Алакөл ауданының Тоқжайлау ауылы.
Жетісу Алатауында іргелес жатқан Тоқжайлау, Ойжайлау деп аталатын көркіне көз сүйінетін таулы өңір бар. Сол таулардың арасынан ағып өтетін үш Тентек өзені Алакөлге құяды. Сол мөлдір судан таңдай жібітіп өскендіктен туған жерімді бар қымбатымнан артық бағалаймын. Мен үшін де ұшарға қанат, шабарға талап берген ең бірінші байлығым – ауылым. Ауасын аңсап, даласын сағынып тұрамын. Қайта оралмас қызықты балалық шақтарымыздың куәсі болған құт мекеннен алыстаған емеспін. Қызмет бабымен алыста жүрсем де ауылдан қол үзбедім. Қазір де ғасыр жасаған анам, бауырым, туыс-туғандарым, достарым сол мекенде тұрады. Бүгінде үш мыңдай халқы бар үлкен ауыл. Мешіті, мектебі, дәрігерлік амбулаториясы бар.«Араздасып ағайын қалар еді, бір қария болмаса бір ауылда» деп Мұқағали ағамыз айтпақшы, анам Мәрияш бір ғана отбасының ұйытқысы емес, бір әулеттің, ауылдың берекесі. Ұлымен өрісті, қызымен көрікті, келінімен келісті болып, үлкен шаңырақтың құт-берекесі болып отыр. Отбасында тай-құлындай тебісіп бес бала өстік. Бүгінде әрбіріміз өз арманымыздың жетегімен әр салада еңбек етіп жүрміз. Бәріміз ат жалын тартып мініп, ел тізгінін ұстап жүрсек те әулетімізге қатысты салмақты шешім қабылдар сәтте анамызға жүгінеміз. Міне, осындай анаға деген шексіз құрмет ауылыма жиі жетелеп апарады. Бұл – әрбір қазақ баласының бойында бар тамаша, мөлдір сезім деп есептеймін.
Отбасымда екі қызым, бір ұлым, үш немерем бар. Олар да ұлағатты елдің ұстанымын жақсы біледі, қазақы құндылықты бойына сіңірген, ауылға жиі барып, аунап-қунап қайтады.
– Еңбек жолыңызды әуел баста ұстаздық қызметтен бастаған екенсіз. Ұстаз болу қандай жауапкершілікті талап етеді? Қазір жауапкершілігі ауыр жұмысты арқалап жүрсіз. Сол күндеріңізді қалай бағалайсыз?
– Ауылдағы орта мектепті бітірген соң Алматыдағы М. Тынышпаев атындағы көлік және коммуникация академиясына инженер мамандығы бойынша оқуға түсіп, сол оқу орнын бітірдім. Жамбыл облысындағы Отар стансысында әскери борышымды өтеп келген соң ауылға оралдым. Кәсіптік-техникалық училищеде бір жыл сабақ беріп, аталған оқу орнында бес жыл оқу-тәрбие ісінің орынбасары болып, қалған 7 жылымды директорлық қызметке арнадым. Әрине, таза педагогпын деп айта алмаймын. Бірақ инженерлік мамандығы бойынша көптеген шәкірттің бойына қызығушылық нәрін сепкенім анық. Барлық мамандық иесі, ол ғалым, әкім, дәрігер, тіпті ғарышкер болсын, ұстаздың алдынан өтеді ғой. Менің пайымымша, ұстаздық – әлемдегі ең қастерлі мамандық. Балаға бағыт беріп, талабын ұштап, біліммен қуаттап, болашағына сеніммен аттандыратын ұстаз болу да бақыт. Бұдан артық абырой мен құрмет жоқ. Себебі, менің бір-бірімен жалғасқан қызметтерім осы ұстаздықтан басталды. Бұдан кейін де бірқатар басшылық қызметтер атқардым. 2004 жылы Үшарал қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалып, артынша сол жылдың аяғында Алакөл ауданының әкімі болып қызметімді жалғастырдым.
Әрине, аудан тізгінін ұстау айта салғанға оңай болғанымен оның жауапкершілі өте ауыр. Осы жылдары көп сыннан өттім, біліктілігімді шыңдауға тырыстым. Сонымен 2011 жылы облыс әкімі аппаратының басшысы болып, 2014 жылы Президент Әкімшілігіне мемлекеттік инспектор қызметіне ауысқанша осы орында қызмет атқардым. Ал 2015 жылы Талдықорған қаласына басшылыққа келіп, өткен жылдың қыркүйек айында Іле ауданының әкімі қызметіне ауыстым.
Өткен өмір жолымды саралап көрсем, мемлекеттік қызметте жүргеніме жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. Ол тұстағы көрген-білген, жүрген-тұрған, қол жеткізген табыстарды екшей берсек, біраз әңгімеге жүк болады. Оның бәрін қайыра тұрып, дәл қазіргі таңда облысымыздағы іргелі аудандардың бірі – Іле ауданының келешегі үшін азды-көпті тер төгіп жатқанымның өзі де сіздің көкейіңіздегі талай сұраққа тұшымды жауап тауып береді деген ойдамын. Аудандағы халық саны бүгінгі күні 208 мыңнан асып кетті. Олар 10 округ, 31 елді мекеннің құрамында еліміздің өркендеуіне барынша еңбек етіп жатыр. Сондай-ақ, аудан көп ұлт пен ұлыстардың қоныстанған мекені. Сондықтан көптің көңілінен шығып, береке-бірлікті, ынтымақты бекем ұстау үшін күн-түн қатып жұмыс істеу қажет. Алдымызда тұрған үлкен міндеттердің бірі осы деп ойлаймын.
– Бүгінгі Іле ауданындағы табысты істер көз алдымызда атқарылып жатыр. Оны барлық ел көріп, біліп отыр, ризашылықпен қабылдауда. Сонымен қатар, іргелі ауданның мерей беделін асырып, туған жер, өскен мекенінің әлеуетін көтеріп жатқан азаматтар да бар. Осы қатарға кімдерді қосасыз және қандай ізгілікті істерді атқарып жатқанын айта кетсеңіз?
– Дана бабаларымыз: «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп көптің қолдауымен атқарылған істің берекелі болатынын бізге ұғындырып кетті. Аудан әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан істерді санап тұрып айтып беруге болады. Сол қатарда туған жерін түлету үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар бізде де баршылық. Аудан экономикасының өсуінде солардың да үлесі басым. Айта кетсек, бүгінде өңірде 250-ге тарта азамат ірі кәсіпкерлікті тізгіндеп, өңір дамуына қомақты үлес қосып жатыр. Олар өзім болдым, толдым демей-ақ қайырымдылық шараларына ынта-ықыласымен атсалысады. Бұл өңірдің тумасы болмаса да елдің жарқын болашағы үшін қолында бар мүмкіндігін пайдаланып, көпке қол ұшын беріп жүргендер де бар. Сол қатарда кәсіпкер-меценат Жақсылық Үшкемпіров ағамызды айрықша атап кетуге болады. Өткен де ғана өз қаржысымен Жетіген ауылына газ жүйесін қосып, аудандық мешітке, аз қамтылған отбасылардың үйіне тегін газ тартып берді. Бұл іске, әрине, көз қуанып, көңіл сүйсінді. Сонымен қатар, жақында ғана ауданымыздың кіреберісіне қойылған Өтеген батыр ескерткішінің тұғырға қонуына қолдау танытқан азаматтарға да алғыс айта кеткен жөн. Алматы – Талдықорған күрежолынан ары-бері өткен жолаушылардың назарын бірден аударатын еңселі ескерткіш батыр ұрпақтарының, өңір кәсіпкерлерінің жеке қаржысының есебімен салынып, елдің қуанышына айналды. Жұмылған жұдырықтай бірліктің арқасында көптің тілегі көл болып, батыр баба рухы ардақталды. Қолына бала ұстаған батыр бейнесі жарқын өмірдің, кемел келешектің белгісіндей болып рухымызды көтеріп тастады. Мұны Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласындағы тапсырмалардың жемісті де, жеңісті орындалуы деуге де болады. Осы ретте батыр ескерткішін қою ауданның 90 жылдық мерейтойы аясында жоспарға енгізілген игілікті істердің бірі екенін айта кеткен жөн.
– Осы тойдың қарсаңында ғана ауданға басшы болып келдіңіз. Бұл тойдың дүрілдеп өткені көптің көңілінде қалды. Сіздің ойыңызша қай жағынан ұттыңыздар, кемшін тұстары болды ма?
– Иә, осы қызметке келе сала маған үлкен жауапкершілік жүктелді. Тойдың жоба-жоспары менен бұрынғы басшылардың алдынан өтті. Талай рет пысықталып, кеңесілген дүниенің көп кемшілігі бола қойған жоқ. Бірақ «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, жағдайға, уақытқа, ауыл ақсақалдарының ұсыныс-тілегіне, жұрттың талабына қарай жаңа шешімдер қабылдауға тура келді. Осы өңірден шыққан беделді азаматтар мен бүгінде ауылдың берекесі болып отырған ақсақалдардың ұсыныстарына ден қойылды. Осындай көптің бастамасымен қолға алынған жұмыс ел көңілінен шығатын деңгейде дүркіреп өтті. Ең алдымен, Іле ауданы жайлы танымдық кітаптың жарыққа шыққанына қуандық. Осылайша ел іші қазынаға, абыройлы азаматтарға бай екенін тағы бір көрсетті. Дайындық жұмыстары кезінде өңірдің рухани өмірін одан ары байыта түсу үшін әлі де атқаруға тиісті шаруалардың шаш етектен екенін сезіндік.
Сол түйгендерімізді пысықтай келіп, кәсіпкер азаматтарды ынталандырып, аудан орталығында, ауылдық елді мекендерде спорт, балалар алаңын салу жөнінде 50-ге тарта жоба ойластырдық. Оның ішінде қайырымдылық шаралары да бар. Аудан аумағы үлкен, тұрғындар саны көп болғандықтан мұнда қолдауға тиісті соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, көмекке мұқтаж 200-ден астам жағдайы төмен отбасы тұрады. Олар осыншама бай өлкеде қиналып, қысылып-қымтырылып өмір сүрмеуі керек. Оның үстіне біздің қызмет жауапкершілігіміз де Елбасының: «Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табысы артады. Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құра аламыз» деген тапсырмасы тұр. Міне, осы бағытта жұмыс істеу ендігі атқарар шаруамыздың абыройлысы болмақ.
– Қай қырынан келсек те облысымыздың экономикалық даму көшін Іле ауданы бастап тұр. Алдағы уақытта да осылай бола береді деп сенеміз. Осы жеткен жетістіктерді жетілдіріп, алға ілгерілету үшін қалай жұмыс істеу керек деп ойлайсыз?
– Бұл жерде Іле ауданындағы барлық жетістік менің біліктілігімнің арқасында жүзеге асты деп айта алмаймын. Бұл жетістіктердің басында менен бұрын да осы ауданның тізгінін ұстаған басшылардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі тұр. Аудан әкімі болып келгенде менде осы жетістіктерді әлсіретіп алмасам деген ой болды. Сол жауапкершілікпен жұмысқа белсене кірістім. Бүгінгі таңдағы көрсеткішке қарап отырсам, өткен жылды табысты тиянақтаған екенбіз.
Бүгінде облыстың бюджеттік түсімдерінің 56,8 пайызы Іле ауданының еншісінде. Басқасын айтпағанның өзінде, өткен жылы 15-ке жуық жаңа өндіріс орны ашылды. Жаңадан 21 кәсіпорын құрылып, 550 адам жұмыспен қамтылды. Өңірде 258 орташа, ірі және шағын кәсіпорын бар. Кәсіпкерлік саласында 32 мыңнан астам халық жұмыс істейді. Ауданның өнеркәсіп саласы өткен жылы 298 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Бұл облыс көрсеткішінің 33,3 пайызын құрады. Соның арқасында қазынаға 114 миллиард теңге құйылды.
Айта берсек, толайым табыстарымыз көп. Өткен жылы ауданға 70 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, сол барыста Ресейдің «Лукойл» мұнай компаниясының мотор майын шығаратын зауыты, «Даму» индустриялдық аймағында «Фуд таун» компаниясының кәсіп- орны, Wilo атты немістің ұлттық концернінің зауыты іске қосылды. Мұның өзі үлкен көрсеткіш. Әлемге танымал мұндай ірі инвесторлардың Іле ауданына инвестиция құюы да тегін емес. Өйткені, шетелдік инвесторлармен селбесе жұмыс істеудің жан-жақты механизмі бізде бар. Олар соған сенеді. Алдағы уақытта тағы да 6-7 кәсіпорынды кеңейту, 14 жаңа кәсіпорынды, көптеген жұмыс орнын ашуды жоспарлап қойдық. Былтыр өнеркәсіп саласымен қатар ауылшар- уашылығы 74 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, ел ырысын тасытты. Бұл көрсеткіштің биылғы жылы да еселене түсеріне сенімдіміз.
– Ауданда тұрғын үй құрылысының қарқыны қандай?
– Иә, халық саны бізде барған сайын көбейе түсуде. Бұл қуанышты жағдай тың мәселелерді де туындатады. Баспанаға сұранысты арттырып, мектептердің, балабақшалардың жетіспеушілігіне әкеліп соғады.
Баспанаға келетін болсақ, өткен жылы 132,4 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 4,2 мың шаршы метр болатын несиелік 50 пәтерлік тұрғын үй кезек күткен тұрғындардың қиыншылығын шешті. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 130 мың шаршы метрлік тұрғын үй салынып жатыр.
Өткен жылы үй құрылысына 26 миллиардтан астам қаржы жұмсалды. Сонымен қатар, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 110 пәтерлі 2 үй өткіздік. Ал биылғы жоспардағы 60 пәтерлік жалға берілетін үй сараптамадан өтуге дайын.
Алдымызға қойған ең үлкен мақсатымыз – Елбасы тапсырмасы бойынша «7-20-25» бағдарламасының орындалуын жеделдету. Статистикаға сүйенсек, бүгінде ауданда 2700-дей адам үй кезегінде тұр. Оның 680-і бюджеттік мекеме қызметкерлері, мұғалімдер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері, тағы басқалар. Аталған бағдарлама бойынша банкке 127 үміткердің тізімін бердік. Осы мақсатта Қоянқұста, Боралдай кентінде, Өтеген батыр елді мекенінде жаңа үйлер салынбақшы.
– Тұрғындар санының көптігіне, оның үстіне жыл сайын ауданға көшіп келіп, қоныстанатындар санының артуына орай ауданда үшауысымды мектеп мәселесі сақталуда. Жыл сайын жаңа мектептер салынып жатқанымен бұл мәселенің түйіні тарқамай тұр ғой.
– Мүмкіндігінше бұл мәселенің түйінін шешуге тырысып жатырмыз. Соңғы бір-екі жылда ауданда тоғыз жаңа мектеп ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Соның өзінде үшауысымдылықтан арыла алмай отырмыз. Қазір осы мәселені шешу үшін ауданда үлкен жоспар жасалды. Ол атқарылып та жатыр. Айта кетсек, бүгінде Боралдай кентінде, Жәпек, Қосөзен, Қараой ауылдарында салынатын 6 мектептің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен бірге Жетіген ауылындағы №34, Түймебаев ауылындағы №19 орта мектептеріне 300 балаға арналған жапсаржай салу жоспарлануда.
– Жақсы басшы болу үшін адамға қандай қасиеттер керек?
– Кез келген адамға керек қасиет – ол адамгершілік. Ал, басшыға адамгершілікпен ұштасқан басқарушылық қабілет керек. Басшыға қойылар басты талап – парасаттылық. Ой оңды болмайынша іс оңға баспайды. Адалдық, адалдығыңа сай әділдік, көрегенділік, іскерлік, қапылыста сөз, қапияда жол таба білетін ұтқырлық керек. Әр қызметте жүріп, өзіме тікелей басшылық жасаған азаматтардан үлгі алып, сол кісілердің ақылымен, жолымен өрісімді кеңейтіп отырдым. Адам баласына үйрену ешқашан кеш болмайды. Өмірдің өзі – үлкен мектеп.
– Қандай сыйлық жасағанды жақсы көресіз?
– Жалпы қазақта: «Сыйға сый, сыбағаға бал» деген сөз бар ғой. Сыйлы болу да үлкен өнер. Сыйлық беру де – көрегенділіктің белгісі. Мен үшін ең үлкен сыйлық – кітап. Кітапты алғанды, сыйлағанды ұнатамын. Жақында қолыма жаңа форматта шыққан «Көшпенділер» трилогиясы түсті. Уақыт тауып, тағы бір рет оқып шыққым келді. Біз жастанып кітап оқыған ұрпақпыз. Жақсы кітап қашанда оқылады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Мақпал МЫСА





