Семен Әбдіхалықов есімі Жетісу жұртшылығына жақсы таныс. Биыл сексеннің сеңгіріне қадам басқан ардагер кеңестік кезеңде туды, сол жүйеге қызмет етті. Қазір зейнеткер болса да тәуелсіз елдің түтіні түзу ұшуы үшін әлі күнге аттан түспей келеді. Жасы сексенге келсе де ақыл сұраған Алаш баласына қолғабыс жасап тұрады. Әйтеуір, қай кезде болмасын жеке көлігімен кез келген көзтаныстың шаруасын шешуге аттанып бара жатады.
Әлі күнге дейін Алматының қалың кептелісін елемей, көлік жүргізетіні таңғалдырады. Әрине, тағдырдың сан теперішін көрген адамға Алматының қарбаласы бұйым болып па?! Сонда да осыншалық жігерлі һәм қажырлы болу үшін қайтпек керек? Менің білуімше, бұл кісі елдің батасын көп алған адам. Талайды үйіне жетелеп әкеп, оқытып, жұмыс тауып берді. Алматыны былай қойып, алып шаһардың іргесіне қазақ кіргізбейтін тұста қаншама қаракөзді Талғар ауданына алып қалып, жолын ашты. Соның бәрінің өтеуі «рахмет» деген жалғыз ауыз сөз еді. Сол шынайы сөздің сауабына Құдай тағала Семен ақсақалдың күш-қайратын арттырып қойғандай көрінеді.
Мұндай адамның өмірбаянынан да тағылым алуға болады. Қазақтың бар қаймағы атылып, дала астаң-кестең болып жатқан 1938 жылдың 2 қазанында Райымбек ауданы, Сүмбе ауылында дүниеге келген Семен Әбдіхалықұлының әкесі Әбдіхалық Толғабайұлы алғаш ұжымшар құру ісіне белсене араласқан азамат еді. 1942 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, сол жылдың 23 қыркүйегінде Мәскеуді қорғау шайқасына қатысып, Серпухово қалашығында ерлікпен қаза тапты. Төрт жасар Семен мен бауыры Тілеужан екеуін Айтыхан шешеміз қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді.
1957 жылы Кеген орта мектебін жетім балалар пансионында оқып, өте жақсыға тамамдаған Семен Әбдіхалықұлы 1962 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын қызыл дипломмен бітіріп, сол жылы қызмет жолын Нарынқол ауданының Абай атындағы ұжымшарда бас мал дәрігеріліктен бастады. Елгезек жігіт аудандық партия комитетінің шақыруымен ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы болып орналасады. Одан соң 1963 жылы Сүмбе селолық Кеңесінің депутаты, 1967 жылдан 1971 жылға дейін Нарынқол аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі, аупарткомның жанындағы партия комиссиясының мүшесі болды. 1970 жылы В. Лениннің 100 жылдығы мерекелік медалімен, 1971 жылы аудандық партия комитетінде қызмет ете жүріп, КСРО жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «ВЛКСМ-нің 50 жылдығы» мерекелік медалімен, сондай-ақ «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Аудандық партия комитетінің жолдамасымен КПСС Орталық комитетінің Алматы жоғары партия мектебіне шақыртылып, 1973 жылы ол оқуын үздік белгімен (қызыл дипломмен) тамамдады. Жоғары партия мектебін аяқтаған соң, Талғар ауданының Калинин атындағы ұжымшарда партком хатшысы болып ұзақ жыл еңбек етті. 1984-1990 жылдар аралығында аудандық кеңестің атқару комитетінде мәдениет бөлімін, аудандық малдәрігерлік стансысын басқарды. Селолық кеңестің тұрақты депутаты, аудандық кеңестің 4 реткі шақырылымында депутат болып сайланды. Аудандық партия конференциясына 4 рет делегат, 4 рет аудандық партия комитетіне мүше болды. 1 рет Алматы облыстық партия конференциясының делегаты болып сайланды.
Облыстық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің ұйғарымымен Калинин атындағы ұжымшарды партия комитетінің үгіт-насихат жұмыстары және техникалық құралдарды пайдалану тәжірибесі жинақталып, облыс, республика партия ұйымдарына насихатталды. Осы жұмыстардың басы-қасында Семен Әбдіхалықұлы жүрді. Соның нәтижесінде саяси-ағарту кабинеті техникалық құралмен толық жабдықталып, автоматтандырылды. Облыстық саяси ағарту үйінің методикалық базасына айналды. Бұл саяси ағарту кабинеттен республиканың облыстарынан партия қызметкерлері, насихатшылары үлгі алды және Мәскеудегі КПСС орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімінің қызметкерлері танысып, басқа одақтас республикаларға үлгі ретінде ұсынылды. Бұл қазір ауызбен айтқанға ғана оңай жұмыс. Әйтпесе, кішкене ғана ауылда отырып, бүкіл одаққа үлгі болатындай іс тындыру екінің бірінің қолынан келмейді.
Семен Әбдіхалықұлы Калинин ұжымшарында басшылық жұмыс атқарған жылдары колхоз экономикасы артып, мәдениеті көтерілді, көптеген өндірістік, мәдени құрылыстары салынып, пайдалануға берілді. Селода 600 орынды Мәдениет үйі, 1226 балаға орта мектеп, емхана, монша салынды. Ұжымшардың Қызылту-4 бөлімшесінде 760 балаға орта мектеп, 120 орынды Мәдениет үйі, 800 және 1200 басқа арналған сүт өндіретін комплекс іске қосылды. Мұның бәрінде Семен ақсақалдың маңдай терінің табы қалды. Осындай еңбектері ескерілген Семен Әбдіхалықұлы Талғар ауданының Құрметті азаматы атанды. Әрине, еңбек демалысына шыққанға дейінгі Семен ақсақалдың ел мен жеріне атқарған еңбегін бір мақаланың аясында түгел айтып шығу мүмкін емес. Жан-жары Сәкен Әбдіраханова 40 жыл ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиеледі. Семен ақсақал мен Сәкен апамыз 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Үш баласы да жоғары білімді.
Семен Әбдіхалықұлының арғы бабасы Албанға аты мәлім – батыр Баяс. Бергі бабасы – Бұғыбай би. Семен ақсақалдың бабасы Бұғыбай Боташұлы 1886-1888 жылдардағы Айт болыстығында би болғаны, оның билік лауазымы Жетісу болысы әскери губернаторының №112 бұйрығымен бекігені архив деректерінен табылды. Баяс батыр мен Бұғыбай би туралы ел аузында аңыз-әңгіме көп. Оның бәрін тізіп жатуға пейілді емеспіз. Тек Семен ақсақалдың ел басқаруға араласуы арғы тегінен келе жатқанын ғана меңзегіміз келеді.
Осындай әйгілі тұлғалардың ұрпағы, асылдың сынығы Семен ақсақал биыл сексенге келді. Семенов-Тянь-Шанскийдің құрметіне Семен деген ат қойылғанымен, ақсақал ғалым болған жоқ. Ел-жұртына Семетай атанып, сексен жасында бүкіл елін жинап, арғы тарихтан сыр шертер шежіре кітап дайындауға мұрындық болды. Осыдан-ақ, бұл кісінің ойлағаны болашақтың қамы екенін аңғарамыз!
Қанат Бірлікұлы,
журналист-жазушы





