Дүниеге келген әр пенде бақытқа жету жолында күресіп, қиындықтарға тойтарыс беруі керек дейміз негізінде. Иә, әркім өз өмірінің басты кейіпкері. Оны қалай сүрсе де, қалай көрсе де ықтиярында. Тіпті, әр сәтінің жақсы болуы, шаттыққа толуы да қос қолында секілді. Бірақ әсте бұған кереғар дүние де жетерлік. Бақытты боламын дегеннің бәрі қалауына жетсе мына ғалам да қызықсыз болар, бәлкім?! Бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған өмірдің сын сағаттарынан сүрініп, құлап, ұрпағы үшін қайта тұратын жандар да қатігез күндердің қашан бітерін нақты білмейді. Бастарына бір емес, екі емес, сан мәрте үймелеген үрей мен тағдырдың ауыр сынағынан бір серпіле алмай келеді. Тіршілігі тиянақты болмай, түйткілді мәселесі көбейген, соған қарамастан қабырғасы кеңейген бір әулеттің түйіні тарқатылса нұр үстіне нұр еді.
Жер бетінде түрлі тағдыр бар. Қоғамның қиындығына барынша төтеп беріп жүргенімен, тірлігінде жұбанып күлгенімен, жаны жаралылар қаншама?! Солардың бірі – Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылының тұрғындары Ерлан Нұрдинов пен Ирина Зеленинаның отбасы. Иә, бүгінде бірінің көңілі алаң, бірінің көзі жас. Бірақ бұл кейіпкерлер о бастан тағдырдың тауқыметін тартып, сонда да түңілмей болашаққа сенім артып келеді. Бір-бірін ұнатқан жандар көп ұзамай бас қосып, шаңырақ көтерген. Сырбаз тіршіліктен біраз сыр ұғып қалған ғашықтарға қандай сынның күтіп тұрғаны ол шақта белгісіз еді. Бүгінгі күннің шындығына мойымай, кез келген мәселені күрделендірмеспіз деген жандар қатыгез қайсыбір сағаттардың боларын да сезбеген. Араласары аз, томаға-тұйық жандар емес, бірақ оларды құрметтеп, ерекше сый-ықыласын ұсынатындардың қатары кем секілді. Оны бүгінгі қал-ахуалдарынан аңғардық. Осындайда ағайын-туыс, бауырлардың бірлігі керек-ақ, әттең. Дегенмен бұл әзірге арманға ғана айналып тұр. Тіршіліктің кейбір сәттеріне үңіліп мән бере бермейміз, сондықтан да көпшіліктің жан әлемінен бейхабармыз. Ал бір-бірін құрметтеген, адалдық жолын кірлетпеген жұптардың бүгінгі түйткілі жан тебірентпей қоймады. Басында бәрі берекелі болғанымен кейіннен түскен тағдыр тосыны бұларды біраз қажытып жіберген. Қанша қиналса да жан жарасын жасырып бағып, әлем қанша күрделі болса да оны жақсы жағынан танып жүргенімен жүрекке түскен салмақ түбінде шыдас бермеді. Жанарларына толған мұңды жасыруға дәрменсіз жандар бізге бәрін жайып салды. Бұлардың қиындығының жанында алған айлығы шайлығынан артылмай, іштей налып жүргендердің мәселесі тіпті жеңіл көрінеді. Тағдыр түрлі жағынан сынап, өмірлеріне небір шешімі жоқ сұрақтарды суша боратқан.
Айналдырған екеуі болса бір сәрі, бес бірдей баланың ата-аналары ұрпақ үшін шарасыздықтан өмір сүретіндей болып қана көрінді. Ал өз бастары болса баяғыда өмір ағынына қосыла алмай, басқа бір жолдан табылып, тіршілігінен жалығып, біржола жабығып қалар ма еді. Сәл ертерек тұрып тірлік етпесе, жетеуіне бірдей жұт келердей жанталасып жүгіретін ананың жігері мұқалмасын дедік. Күн өткен сайын бойларын қорқыныш пен үрей билеген балапандар да тұрақты жұмысы болмаса да нәпақа тауып, күнелтумен күнін өткізер әкелерінің жолын күтеді. Сәл кешіксе қатаймаған қанаттарын қағып, тәй-тәйлап мазасызданады. Дегенмен, бәрі бауырмал. Ал шеше… шешенің жөні бір бөлек. Оның қолынан келері шаршамастан шаһар шарлаған жарына сеніммен қарап, қолдан келгенше көмек беру. Бірақ ауыр жұмыс пен қиын талаптарға бойы шыдас бермейді. Оның да өз себебі бар. Соны ойға алған сайын әке жаны қиналып, жүрегі ауырады.
Екі бөлмелі жалдамалы үйді күнелткендердің көңілі жаралы. Көңіл дегенің ештеңе емес қой тәйірі. Иә, олардың тәні де ауырады. Қаршадай ғана балалардың қиын жағдайы жаныңды ауыртып, жүрегіңді сыздатады. Бас-аяғы жеті адам тұратын үйдің төрт тұрғыны өздігінен тіршілігін жасай алмайды. Ұлдардың ең үлкені Роман 22 жаста. Ол екінші топ мүгедегі. Ал оның ізін жалғаған 20 жасар Илья мен 4 жастағы Жәнібек те жарымжан. Үш бірдей баласының қиын жағдайға жеткеніне ата-ананың жүрегі ауырып, еңсесі түседі. Ал екі жасар қызы мен кәмелетке толмаған ардақтысының дені сау, ата-анасын бағып, бауырларым үшін есейгенде барымды салсам деген арманы да бар.
Отағасы Ерлан Нұрдинов 1970 жылы Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында туған. Бүгінгі таңда Ынтымақ ауылында тіркелген ер адамның бала-шаға бағамын деп, тіршіліктің түйткілін табамын деп есі әбден шыққан. Тіпті тұңғиықтың тереңіне батқаны сонша, өзі де сырқаттанып қалған, сонда да тыным таппай жалдамалы жұмыстарға жегіліп жүр. Ал балдырғандардың анасы Ирина жұмысқа тіпті жарамайды. Уайым жұтып, қант диабетінің ең ауыр түріне шалдыққан. Бүгінгі таңда денсаулығы тым нашар. Отбасының мемлекетке айтар алғысы да шексіз. Балаларға тиесілі көмекақылар уақытылы төленіп отырады екен. Соның нәтижесінде бала-шағаның дәрі-дәрмегі мен шай-тамағы табылып отырған көрінеді. Бірақ бұлардың жанына бататын басты мәселе – баспанасыз босып жүргендіктері. Иә, жарымжан балаларымен тек отағасының жолына қарап отырғандарды кейде тіпті пәтер иелері де жақтырмайтын көрінеді. Әрине, кей сәттері пәтерақы уақытылы төленбей де қалады.
Міне, сондықтан осы жандар үшін бұл бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе болып отыр. Мемлекет тарапынан көмек сұраған ата-ана мүгедек балаларыма баспана берсе болды дейді. Ары қарай алақан жайып сұрамайтындай күн кешіп, аяқтан нық тұруға да болар еді. Үкіметтен баспана алудың әртүрлі бағдарламаларын да білеміз дейді. Аналық ақ жүрегімен өтіне сұраған сөздің далада қалмауына біз де тілекшіміз. Ел болып, жұрт болып жәрдемдессек нұр үстіне нұр болар еді. Жетімін жылатпаған жұрт емеспіз бе, жарымжан балаларымен жаны қиналып жүрген жандарға әкімдік тарапынан көмек болып, тіршілігі таласқа толы жандардың түйткілді мәселесінің түйіні тарқатылса нағыз игілік емес пе?!
Құралбек СӘБИТОВ





