Кеген ауданы туризмді дамытуға әбден қолайлы өлке. Ауасы тұнық, суы мөлдір, табиғаты таңғажайып өңірдің асты да, үсті де тұнған байлық. Жан-жануарлар мен өсімдіктерге тұнып тұрған бұл өлкеде көрікті Көлсай көлі, Шарын өзені, тарихи құндылығына толы Қарқара жайлауы бар. Емдік қасиеті мол Шөладыр секілді жерлері де жетіп-артылады. Соңғы екі жылдан бері Көлсай көліне баратын жол жасалуда. Бюджеттен қомақты қаражат бөлінген республикалық маңызы бар жол биыл толықтай бітуі тиіс.
Кеген ауданының орталығында 2 қонақүй, Көлсай көлінің аймағында 18 қонақүй жұмыс істейді. Әсіресе, Көлсайға келуші қонақтарға «Көлсай көлдері» ҰТП арқылы бірнеше маршрут бойынша қызмет көрсетілуде. Көгілдір көктем, жаз маусымы басталғалы ауданға 15 мың турист келді. Сол арқылы аудан бюджетіне 15 миллион теңге қаражат түсті.
Аудандағы Қарқара ауылдық округіне қарасты таулы өңірлер де демалуға қолайлы жер. Осындағы Мыңжылқы жайлауына «Джади Вилли» туристік демалыс орны салынған. Онда қонақтарды күтетін заманауи бөлмелер, асхана, ойын залдары, шағын футбол алаңы, талапқа сай монша жұмыс істейді. Айналасын әдемі таулар, әсем қарағайлар, мөлдір сулар көмкерген бұл демалыс орнына келушілер қатары артып келеді.
Аудандағы Жіңішке өзенінің бойынан “Елдос” атты жеке кәсіпкерлік құрылымның иесі 40 адам қабылдайтын демалыс орнын ашты. Онда балық аулауға, атпен серуендеуге болады. Қалаған жандар уақытылы саумал ішіп, денсаулықтарын күтеді. Мұнда бассейн бар, басқа да қызмет түрлері көрсетіледі. Жылына 5-6 мың адам мәнді де мағыналы демалып қайтатын демалыс орнында 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоғары жағында «Мойнақ» су электр стансысы салынған Шарын өзенінің бойынан «Park Canyon» ЖШС-і жобалық құны 500 миллион теңге болатын ойын-сауық паркін салуды жоспарлап отыр. Көрікті Көлсайға баратын жолдағы Саты ауылынан туристік мұражай ашу да ойластырылуда.
Өңірде туризмді дамытуға арналған мұндай игілікті жоба-жоспарлар аз емес. «Жамбаев Жүсіп» атты жеке кәсіпкерлігі Күрметі ауылының маңына биылғы жылы Ресейдің Алтай өлкесінен 100 бас марал алып келуді жоспарлауда. Олар 2021 жылға дейін маралдың басын 500 басқа жеткізуді межелеп отыр. Жалпы, бұл құрылым ауданға 300 миллион теңге инвестиция тартады. Бұл кәсіпкердің негізгі мақсаты – демалыс орнын аша отырып туристерге заманауи қызмет көрсету. Олар Күрметі ауылынан қонақүй салады, тау өзенінен рафтинг ұйымдастырады, зоопарк ашады. Пантамен емдейді, бал арасы мен форель өсіру шаруашылығын дамытады. Осы арқылы 25 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Аудандағы Жалаңаш ауылынан Көлсай көліне дейін көптеген азық-түлік дүкендері, қымызханалар, қоғамдық тамақтандыру орындары, жанар-жағармай бекеттері жұмыс істейді. Туризм саласы күрежол бойындағы Жалаңаш, Ақай, Қарабұлақ, Саты ауылдары тұрғындарына оңды әсерін тигізуде. Ауылдың сүт тағамдары, қымызы үлкен сұранысқа ие.
Кеген ауданында Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында көптеген жұмыстар жалғасын табуда. Мектеп оқушылары, сырттан келген қонақтар Ереуіл ауылы маңындағы ұлт-азаттық көтерілісіне арналып орнатылған ескерткішке, Қарабұлақ ауылындағы Таңбалы тас тарихи орнына туристік саяхаттар жасауда. Биылғы жылы Саты ауылында облыстық туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Туризм ауылдық өңірлерді дамытудың жолы» атты тақырыпта қолөнерімен, кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдеріп жүрген жергілікті тұрғындарға оқу өткізіліп, қолдарына сертификат тапсырылды.
Адамға қуаныш сыйлайтын, жанын жадыратып, көңілін албырата түсетін табиғат тамашасына толы таулы өлкеде туризмді дамыту – іргелі мақсаттардың бірі болып қала береді. Бұл бағытта аудан әкімдігі, кәсіпкерлік бөлімі арқылы қолға алынып жатқан іс-шаралар аз емес.
Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы





