Газеттің жүзжылдық тарихына үңілсеңіз, өмірлік қосағын редакциядан тауып, атадан қалған дәстүрді жалғап, үлгілі шаңырақ құрып, отбасылық сыйластық пен ізетті қалыптастыра білген, айналасындағыларға да шуағын төккен жандар баршылық. Сондай өнегелі отбасылар қатарында кезінде Талдықорған облыстық «Сталиншіл» газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметін атқарған Елжас Бейсенбек пен корректорлық жұмыс істеген Сара Кәденқызын даралап айтуға болады.
Елжас ағаға бала жастан газет жұмысы таңсық емес еді. Өйткені, арабшаға да, латыншаға да сауатты анасы Перзана Исаева осы облыстық «Социалистік жол» газетінде хат, газет тасушы болып еңбек етеді. 4-сыныптан бастап анасының орнына жұмысқа араласқан Елжас аға да газетті бала көңілімен бақылап жүреді. Оның басқа мамандықты таңдамай, дәл осы журналистік жолға қадам басуына бала кезден жүрегінде жатталып, өзіне етене ыстық болып қалған осы көріністер себеп болса керек.
Ал Сара апамыз жастайынан ән-жырға құмар болып өсті. Әкесі өнер жолын қууына қарсы болғандықтан одан кейінгі жанына жақын газет жұмысынан медет іздеп, рухани ортаға келіп қосылды.
– 1956 жылдың қазан айында Талдықорған облыстық газетіне жұмысқа қабылдандым. Ол кезде газет «Сталиншіл» деп аталатын, бас редактор Хабир ағай деген кісі болатын, – деп еске алады ол күндерді Сара апай. – Таңды-таңға ұрып, күнді-күнге созып, еңбек етуші едік. Түнімен газеттің қатесін түзетумен жүреміз. Кейде жарық сөніп қалады. Онда тіпті қиын. Таңға дейін жүріп, бетті тазалап болған соң кезекші редактор қол қояды. Содан соң басуға баспаханаға тапсырамыз. Біздерге, корректор көмекшілеріне (подчитчик) гранка оқытады. Соны тексереміз, қатесін түзетеміз. Содан соң ғана беттейді. Кеңестік саясат қиын болатын. Цензура дегеніңіздің қылышынан қан тамып тұрған кезі. Бір сөзден қате жіберсең, басыңмен жауап бересің. Қате кетіп қалмасын деп жүз оқып, мың тексеріп, газетті шығарамыз.
Мен жұмысқа келгенде редакцияда сүрбойдақтар көп екен. Жаңа келген қыздарды шетінен қағып, әкетіп жатты. 1957 жылдың ақпан айында кезек маған да келді. Сөйтіп Елекең екеуміз шаңырақ көтердік, – деді.
Ол кезде Елжас аға партия тұрмысы бөлімінің әдеби қызметкері болды. Жазда жайлауға, қыста қыстауға барып мал шаруашылығы, қант қызылшасы, бидай өнімі, егін шаруашылығы жайында мақалалар жазды.
1959 жылы облыс орталығы Алматыға ауысып, облыстық газеттің жабылуына орай Елжас аға мен Сара апа Жаркенттегі «Жаңалық жаршысы» газетіне жіберіледі. Онда Елжас аға жауапты хатшы, кейіннен редактордың орынбасары, бас редакторлық қызметтер атқарды. Өнерге біртабан жақын Сара апа корректорлық жұмыспен қатар кешке қарай аудандық радиода хабар жүргізіп, балаларға хор үйретіп, эфирден беріп жүреді.
Басылымнан бақытын тапқан жарасымды жұп 1973 жылы Талдықорған облысы қайта құрылғанда облыстық газетке қызметке шақырылады. Ол кезде басылым Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газеті деп аталады. Елжас аға ұзақ жыл газеттің бас редакторының бірінші орынбасары қызметін атқарады. Осы тұста жазуға кабілетті, талантты жастарды маңайына жинап, оларды мамандық алуға бағыттап, газет жұмысына тартып, біршама қолдау көрсетеді.
Елжас ағаның мінезі тік, бетің бар, жүзің бар демей, тура айтатын, адамның қателігін дөп басатын қасиеті болды. Кемшілігі бар адам еш бұлтара алмай, қателігін мойнына алып жататын. Солай бола тұра өте қайырымды жан еді. Адамның көңіліне де қарай білетін. Айналасындағы жандарға өте қамқор болды. Әсіресе, болашағынан мол үміт күттіретін жастардың оқуға түсіп, жұмысқа тұруына жәрдемдесіп, бағыт-бағдар беріп, көмектесіп отыратын. Журналистік жұмысын жан-тәнімен сүйді, сондықтан да басқа ешбір қызметке ауыспастан басылымда табан аудармай еңбек етті. Редакцияның үлкен жүгін арқалады. Газеттің жұмысымен көзін тырнап ашып, бар саналы ғұмырын осы іске арнады.
Сара апамыз біраз жыл газетте жұмыс істеп, кейіннен «Жетісу» телеарнасына ауысып, онда терімші, оператор, диктор, дыбыс қорының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Өмірінің ең шуақты 22 жылында газетте, 15 жыл телеарнада қызмет етіп, 1993 жылы зейнеткерлікке шығады. Елжас ағамыз да мүгедектігіне байланысты 55 жасында құрметті демалысқа шығып, редакцияның күн сайынғы қарбалас жұмысынан қолы босаған соң кітап жаза бастайды. Осылайша «Ерте есейгендер», одан кейін ашаршылықтың 60 жылдығында «Мешін жылы» кітаптары жарыққа шығады. 2003 жылы Елжас аға өмірден өткен соң ІІ томдық «Кек» романының басылып шығуына Сара апамыз зор еңбек сіңірді.
Елжас ағадан бес бала сүйіп, өсіріп, өрбіткен Сара Кәденқызы бүгінде немере-шөберелерінің бар қылығын тамашалап, «Ардагер әжелер» анасамблінде ұлттық ән-жырымызды, салт-дәстүрімізді насихаттап жүрген ұлағатты әже.
P.S. Міне, осылайша басылымда отбасымен қызмет етіп, сыйластық пен ізеттіліктің үлгісін көрсеткен жандар қатарында қарымды қаламгерлер Қастек Баянбаев пен Гүлшат Баянбаева, Серік Жортанов пен терімші Қарлығаш Жортанова, Рахметәлі Асылбеков пен Айгүл Асылбекова, бүгінде газетіміздің бас редакторының орынбасары болып еңбек ететін Жұматай Әміреев пен корректор Лаура Арыстанбек, редакцияның бөлім меңгерушісі Қуаныш Түнғатар мен тілші Меруерт Молдағалиева, корректор Ақтоты Жолдасбаева мен жүргізуші Дәурен Нұрмұханбетовты атап айтсақ болады. «Жетісудағы» осы ізгі жол жалғаса береріне сенім мол.
Алма Есенбаева





