Елбасымыздың жыл басындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы халық тарапынан кең қолдауға ие болып, соның негізінде көптеген игі істер жүзеге асып жатыр.
Президентіміз оныншы міндетінде: «Ақылды қалалар» ақылды ұлт үшін», – деп атап өтті. Аядай ғана шаһар Талдықорғанның бүгінгі сәулетіне көз сүйсінеді. Күн санап, тіпті, сағат сайын дамып жатыр. Ардагерлер үйі елімізде ең алғаш болып біздің облысымызда, біздің қаламызда бой көтерді. Осының өзі келешекке жасалған нық қадам. Заман дамыған сайын мүмкіндік те көбейіп, талап та өсе түседі. Іргемізде бой көтерген Журналистер үйі, Жастар орталығы, Жастар спорт сарайы және Жастар паркі бүгінгі заманның талабына сай. Қаламызға қонақ болып келгендер де оң бағасын беріп, кереметтерге сүйсініп қайтады. Таңданыстарын жасырмайды. Демек, табиғаты тамылжыған Талдықорғанның болашағы зор, заман талабына сай өркендеген сұлу шаһар.
Өз сөзінде Президентіміз: «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады», – деді. Иә, Талдықорғанның дамуы – қасында шоғырланған аудандардың, ауылдардың да еңсе тіктеп, алға ұмтылуына себеп. Жолдаудан кейін облыс әкімі Амандық Баталов арнайы жиын өткізіп, Талдықорғанның «ақылды қалаға» айналуы үшін барлығын жасайтындығын айтып, арнайы азаматтарға тапсырма жүктеп, міндеттеді. «Талдықорған смарт сити» тұжырымдамасының авторы Талғат Абылаевтың істеп жатқан жұмысы да ерекше. Заманның талабына сай мобильді нұсқалар шығарып, оларды ретімен қолданысқа енгізу қолға алынды.
Биыл еліміз бас қала – Астананың 20 жылдық мерейтойын атап өтеді. Елбасымыз: «Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз. Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады. «Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет. Әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасты. Олар елді емес, жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін қаланы таңдайды», – деді. Өңірдегі қалалардың бәрі Астанаға қарап дамитыны айтпаса да түсінікті.
Талдықорған суы күміс Қараталдың бойында қанат жайса, Астана ерке Есілдің екі жағын алып жатыр. Әлемдік қалалардың арасында Астана да өз орнын алғаны – баршамыздың жетістігіміз. Күнделікті өзгеріске ұшырап отыратын технологиялар – бүгін шыққаны ертең жарамсыз, ертеңгісі бүрсігүні қолданыста жоқ болатын заманда ағыстан қалмау – басты міндет.
Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ,
облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы




