Ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып, сананы жаңғырту және білімділікке ұмтылу Елбасы мақаласына алтын арқау болып өрілгені сөзсіз. Елбасымыздың елге деген сенімін іске асыру мақсатында №15 орта мектептің директоры Л. Кертаева басқарған ұжым жаңа оқу жылына жоспарланған жұмыс жүйесінің орындалуына баса назар аударып, жұмыла еңбек етуде.
Мектебіміздің жұмыс жоспарында тіл мәртебесін көтеру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мектеп директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Г. Нұрсалимованың жетекшілігімен «Қазақ тілі» қоғамы өз жұмысын ұйымдастырып отырады. «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» қазақ тілінің мұғалімі К. Сүйгенбаева әр аптаның сәрсенбі күні дәріс береді.
Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы «Латын әліпбиіне көшу заман талабы ма?» тақырыбында 10-сынып оқушылары арасында дебат өтті. «Қазақ тілінің қоғамдағы рөлі» тақырыбында 9-сынып оқушыларына қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ә. Үкібаева «дөңгелек үстел» ұйымдастырса, мектебіміздің кітапханашысы Т. Құрсабаеваның жетекшілігімен Рухани жаңғыру тақырыбында көрме ұйымдастырылып, қызықты бейнебаян көрсетілді. Сондай-ақ, 9-11-сынып оқушылары арасында «Мемлекеттік тілдің бүгіні мен ертеңі» атты ғылыми-конференция ұйымдастырылып, өзге ұлт балалары қазақша әндер мен өлеңдер оқыды.
Араға аз уақыт салып, жақсылықтың жаршысы болғандай мектебімізде тағы бір іс-шара өтті. Бұған дәлел қазақ тілі пәнінің мұғалімі Н. Қалиевтің «Ұлтын жақсы көрген ұлы адам» атты Тұрсынбек Кәкішевтің туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырған ғылыми-конференция сабағы. Ұлыларды ұлықтау, олардың ерлік ісін ұмытпау мақсатында «Ел жеңілмес, ері бар» атты тақырыпта Сырым Датұлының туғанына 275жыл толуына орай Н. Мырзабекованың ерлік сабағы оқушылар жадында сақталары анық. Бұл атаулы білім ордасында өтіп жатқан әр іс-шара болашағымыздың дамуына және жаңа деңгейге көтерілуіне өз септігін тигізер игі істің бастауы іспеттес.
Д. ҚОЙҒАРИНА,
№15 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Талдықорған




