Қазақтың дәстүрлі ән өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған дарынды әнші-композитор, Халық әртісі Дәнеш Рақышевтің есімі Жетісу жұртшылығына ғана емес, күллі қазақ өнеріне жақсы таныс. Оның әуезді үні, орындаушылық ерекшелігі мен әншілік мұрасы – ұлт руханиятының асыл қазынасы. Биыл өнер иесінің туғанына 100 жыл толып отыр. Ғасырлық мерейтой – әншінің шығармашылық жолын қайта зерделеп, артында қалған мол мұрасын жас ұрпаққа танытатын маңызды кезең. Өнер адамдарының ғұмыры өзгеше. Олар өмірден өтсе де үні халықпен бірге жасайды. Әндері арқылы дәуірдің тынысын жеткізіп, ұрпақ санасында қайта жаңғырады. Дәнеш Рақышевтің де өнер жолы, осындай мәңгілікпен жалғасқан ғұмыр.
Дәнеш Рақышевтің шығармашылық жолын сөз еткенде, оның әншілік қырымен қатар композиторлық еңбегін де атап өткен жөн. Дара дарын иесінің туған жерге, елге, адам сезіміне арналған әндері қаншама?! Оның «Шаттық толқыны», «Мақтанышты елім бар», «Жер сұлуы Жетісу», «Саясында алманың», «Туған жер», «Жеңеше», «Жетісу», «Талдықорған жастарының маршы», т.б. әндері халықтың жүрегінен орын алды.
Әнші мұрасын бағалағанда, тек шығармалардың санын емес, олардың халық жадында сақталу ерекшелігін де ескерген абзал. Өйткені дәстүрлі әннің өміршеңдігі оның әуенінде ғана емес, орындаушының оны келесі ұрпаққа қалай жеткізгенінде жатыр. Дегенмен Дәнештің отбасылық өмірі туралы деректерді толықтыруда қызы Гүлнәрдің өз аузынан айтылған естеліктердің орны бөлек. Оның әкесі туралы әңгімелері, отбасында сақталған суреттері мен құжаттары өнер иесінің өмір жолын зерттеуге тың мәлімет қосуы мүмкін. Осы орайда, Гүлнәр Дәнешқызымен болған әсерлі әңгімені оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
– Дәнеш атамыз Жетісу жерінде туып, кейіндері Қытай асқан. Осы жөнінде баян етіңізші.
– Әкем 1926 жылдың 1 мамырында Панфилов ауданына қарасты Талды ауылында дүниеге келген. Алты жасында анасы Тәжіханнан айырылған. Отызыншы жылғы ойран кезінде Рақыш атамыз түнделетіп Қытайға өтіп кетеді. Содан Шығыс Түркістан жеріне тұрақтап, Жарсу, Қарасу мектебінде 3 класс оқиды, кейін Жаңашәрі ауылындағы орта мектепті бітіреді. Алғашқы ұстазы – Мырзахан Жақыбайұлы. Әкесі Рақыш Қанайұлы домбырашы болған, анасы екеуі халықтың ортасында айтыскерлігімен елге танылған екен. Сол кісілердің асыл қасиеті қанмен дарыса керек. Әкесінің жанында жүріп, Мәмет, Қадырихан, Қайыпбек сынды ақын-әншілермен танысып, өнерлерін бойына сіңіреді. Әсет Найманбайұлының әндерін жаңғыртады, ел ішінен табады, жинақтайды. Әсет әндерінің күрделі мақамын, кең тынысты әуенін, сөз бен саздың тұтастығын меңгеру үлкен қабілетті талап етеді. Әкемнің осы дәстүрді бойына сіңіріп қана қоймай, оны өзіндік орындаушылық мәнерімен байытты. Оның ән айтуындағы табиғилық, әуенді еркін игеруі мен сөз мағынасына терең бойлауы тыңдарманын баурайтын.
1946 жылы Құлжа қаласындағы ұйғыр-қазақ драма театрында өнерін өрістете жүріп, Б. Майлиннің «Шұға» пьесасындағы Әбдірахман, М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» спектакіліндегі Жапал мен Қалқаман ролдерін сомдаған. 1948 жылы «Іле қазақ облыстық театры» қайта құрылып, әкем осы ұжымды басқарады.
1959-1972 жыл аралығында Үшарал – Көктал халық театрларында көркемдік жетекші, басшы қызметін атқарады. Сол жылы Талдықорған қаласына көшіп келіп, облыстық филармонияда көркемдік жетекші болып еңбек етеді. Сонымен қатар І. Жансүгіров атындағы университетте дәстүрлі ән пәнінен сабақ берді және осы қаладағы мектеп-интернатта дәріс беріп, көптеген шәкірт тәрбиелейді.
Әкеме 1976 жылы 50 жасқа толуына орай, «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі» атағы берілді, ал 1986 жылы 60 жасқа толу құрметіне Қазақ КСР-нің Халық әртісі атанды. 1989-1992 жылдары Талдықорғанда филармония жанынан өз мектебін ашып, шәкірт тәрбиеледі. Ол Манарбек Ержанов пен Жүсіпбек Елебеков сияқты өнерпаздардың орындаушылық дәстүрін жалғастырып, кәсіби деңгейде дамытты. Қазақстанға оралғаннан кейін туған халқының мәдени өміріне белсене араласып, өнер жолындағы қызметін жалғастырды. Жетісу өңірінің әншілік өнерін дамытуға үлес қосып, сахнада ұлттық музыканың қадір-қасиетін танытты.
– Дәнеш атамыздың мінезі қандай еді?
– Ол кісі мейірімді, мінезі жұмсақ, ақкөңіл еді. Десек те мінезсіз адам болмайды. Жұмыс жүрмей жатса, жастар тілін алмай кетсе, ашуланып, көтеріліп, ұрысып та алатын кездері бар-тын. Сондай бір сәттерге куә болдым. Алайда, адамға жөнсіз тиісіп, зіркілдеп, ретсіз сөйлемейтін. Бәрін мәдениетті түрде шешетін.
Маған қатты сөйлемейтін. Қабағына қарайтынмын. Жай ғана көзін бір аударып қарағаны жеткілікті. Сөйлемесе де, не айтайын деп тұрғанын сезе қоятынмын да, үндемей теріс бұрылып кетіп қалатынмын. Кейде еркеліктің салдарынан қырғи қабақ танытып қалсақ, бетіме қарап тұрып ұрыса алмай мырс етіп күліп жіберетін асыл әкешім.
Әкеміз қарапайым болды, елдің барлығы сыйлайтын, құрмет тұтатын. Қолдан келсе, көмегін аямайтын. Көшеден бір кісілер амандасса танысын-танымасын үйге ертіп әкелетін. Сондай бір тамаша жан еді. Анамызға: «Лағманыңды дайында! Қонақ келе жатыр!» – дейтін. Сөйтіп қонағын хандай күтіп, жақсылап шығарып салып отыратын.
– Әкем мені Талдықорғандағы №1 мектеп-интератқа жетектеп апарған еді. Алғашқы қоңырауды соғып, газет бетіне шығып, қуанышым қойныма сыймай жаңалығымды әкеме жеткізуге жүгіргенім әлі есімде. Өзім мектепке кеш бардым. Өйткені, әке-шешеммен концерттік іссапарда жүргенде бірінші қырқүйек өтіп кететін. Анам Рахилям биші әрі конференсье. Мен мектепке барған соң ол жұмыстан шығуға мәжбүр болды. Сол жылдары әртістер концерттік сапарға екі-үш айлап кететін. Үлкендер жағы менен: «Үйлерің қайда?» деп сұраса, «үйіміз гостиница» деп жауап беретінмін. Шынында, біздің үйіміз – қонақүй еді. Артынып-тартынып киім-кешек, ыдыс-аяғымызды алып, ұзақ сапарға аттанатын отбасымыздың өмірі мейманханада өтетін. Филармонияның «Кубань» автокөлігі еншімізде еді. Дүниенің кең кезі. Халықтың көңілі жай, қай үйге бас сұқсақ та: «Дәнеш келіп қалыпты, мал сойылсын, ауылымызда той тойлансын», – деп үлкендер мәз болысып қалатын. Сүйікті әншілеріне таласып, қонақ қылып, төріне отырғызуға құмар еді.
Жаз шығысымен Жаркент өңіріндегі Әдепхан, Базархан Жақыбаев ағалардың қасында жүріп, «Белжайлаудың» тамаша табиғатына малынып, жеріміздің сұлулығына тамсанып, таудан аққан өзеннің зәм-зәм суынан дәм татып қайтатынбыз. Мұның да бар жақсылығын әкеміздің жан достары мен туыстары арқасында көретінбіз. Әрқайсысы бір-бір үй тігіп, сый-құрмет көрсетіп, көкпар тартып, той тойлап демалатынбыз. Жақын достар арасындағы кеңпейілдікке, ағайындылардың сыйластығына тәнті едік. Күнде ет асылады. Ол кезде біз кішкентаймыз «құрмет» дегенді қайдан білейік. «Еттен әбден жалықтық, неге біреулер манты, біреулер лағман жасамайды?» деп кәдімгідей ренжіп, тамақ ішпей қоятынбыз. Сонда әкем: «Әй, қырсықпаңдар, кесірленуге болмайды. «Тәубе» деңдер, осыған да зар болып қалмаңдар» деп басын шайқап қойып, «бала ғой, бұлар не біледі?», – деп қасындағыларға ақталып жататын.
Адам баласы өзін-өзі алға сүйремесе, ешкім біреу үшін еңбек етпейді. Біріншіден, көзімді ашқалы ата-анамның қасында жүріп, жақсылық пен жамандықты айыра білуді үйрендім. Тәрбие беріп өсірген әкем мен анамның рухының алдында басымды иіп, алғысымды айтамын. Олардан қалған мол мұра біздің, яғни соңынан ерген ұрпақтарының жеп отырған жемісі.
– Тағы бір жерден оқып-көріп қалып едік, ол кісі биге де жүйрік болған екен…
– Әкеміз жас кезінде мандолин, гармонь деген аспаптарда ойнаған. Ол кісі сан қырлы еді ғой. Актерлік өнерді де меңгерген. Бірақ, ол мамандықты арнайы оқымаған. Тума талант. Анамыз екеуі татарша, ұйғырша, қырғызша ән салып, гармонын тартып, сахнаға шығып, айналасын ду-думанға бөлеп жүретін. Ал Қытайдан бері өтіп, Отанына оралған соң Кеңес заманында қасиетті қара домбырасын қолынан тастаған емес. Мұхтар Әуезов атамыз ол кісімен жолыққан кезде: «Сен осы өнеріңді жалғастыра бер! Сенің дауысың ғажап. Әнің арқылы халыққа танылатын адамсың!», – деп ризашылығын айтып, батасын берген-ді. Мәскеуге аттанып бара жатқанда: «Сен Алматыда ән салуың керек! Орталықта жүргенің жөн! Өзім көмектесемін», – деген Әуезов. Сол жолы ол Мәскеуге кетіп қайтыс болды.
– Гүлнәр апай, өмір болған соң өкініш, күйініш те кездеседі. Сізді не өкіндіреді, «әттең-ай» деген кездеріңіз бар ма?
– Балалықпен көп нәрсенің қадірін жете түсінбейміз. Әсіресе, ата-ананың қадір-қасиетін жанымызда жүргенде сезінбейміз, дәріптемейміз. Енді өзіміз сол кісілердің орнын басқанда кеш түсініп, өкінеміз. Ол кісілер халыққа танымал, атақты болғанымен біздің ойымызда жай ғана ана, әке деп қабылдап, еркелейтінбіз. Мен өзім әртіс болуды армандайтынмын, мектеп қабырғасында-ақ түрлі сахналық қойылымдардың басы-қасында жүретінмін. Бірақ әкем қарсы болды, мені 8-сыныптан кейін Талдықорған қаласындағы Қанабек Байсейітов атындағы музыка колледжіне ұлт аспаптары бөліміне түсірді.
Әкем тума талант еді ғой, өзі нота білмейтін, музыкалық білімі жоқ болса да жүзге тарта ән шығарып, белгілі ақындардың өлеңіне ән жазды. Кейін барып дүниеден өткенде ойландым «мені домбыраға бекер бермеген екен ғой, қызымның нотадан сауаты жоғары болсын, менің әндерімді нотаға түсіріп халыққа жеткізеді» деген үлкен үмітпен оқытқан екен.
Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияда атақты күйші, композитор К. Күмісбеков, М. Әубәкіров, Т. Мергалиев сынды өнер майталмандарының алдында емтихан тапсырып, оқуға қабылдандым. Шертпе-күйдің шебері, күйші Б. Ысқақовтан білім алып жүргенімде әкем дүниеден озып, жалғыз қалған анамды ойлап, оқуымды сырттай бөлімге ауыстырып Талдықорғанға қайттым. Кейіннен Ілияс Жансүгіров атындағы университеттің музыка факультетін тамамдадым.
Еңбек жолымды Талдықорған қаласындағы өзім білім алған №1 мектеп-интернатында музыка пәнінің мұғалімі болудан бастадым. Қазіргі таңда бұл мектеп Дәнеш Рақышев атындағы №3 мектеп-интернат деп аталады. Сол жылдардан бастап облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның М. Төлебаев атындағы оркестрінде күйші, домбырашы әрі конференсье қызметін атқарып, «Арай» телеарнасында «Сөз әлемі» хабарын жүргіздім. Талды ауылындағы Мәдениет үйінде филиал басшысы, Панфилов аудандық Мәдениет үйінде директор болдым. 2015-2023 жылдар аралығында Өнер мектебі мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында директорлық қызмет атқардым.
– Жалпы Жетісу әншілік мектебінің дәстүрін жалғастырушы, Дәнеш Рақышевтің орындаушылық мәнерін берік сақтаған, мұраларын халыққа жеткізген өнерпаз шәкірттері жайлы айтып өтсеңіз.
– Әкемнің әнін ұлықтап, халыққа жеткізген шәкірттерінің бірі – інісіндей болған ҚР халық әртісі, марқұм Мырзахмет Мұқаманов ағамыз, қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің өкілі, шебер орындаушы, талантты әнші Жақсылық Мырқаев, әнші-сазгер, Қазақ- станның халық әртісі, әкемнің ең алғашқы төл шәкірті Зарықбек Рақыжанов сынды ағаларымызды ауыз толтыра айта аламын. Өкінішке қарай, ән дүлдүлдері бүгінде өмірде жоқ.
Талдықорған қаласында Дәнеш Рақышев атындағы ән класын ашқан, әкемнің жолын жалғастырып жүрген, жанында сырлас, сапарлас болған шәкірті, белгілі әнші Абылайхан Қармысов ағамыз бар. Сонымен қатар, ұстаз, өнертанушы, халық әндерін шебер орындаушы Серікбол Шыныбаев ағамыз, кенже шәкірті, бір жыл ғана әкемнен білім алған ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Нұржан Жанпейісов ініміз, әкемнен қалған қасиетті әннің қаймағын бұзбай, сырлы сазын кейінгі ұрпаққа жеткізген өнер жалғастырушылары.
Әкеміз қайтыс болған соң анамыз Нұржанға: «Мына деректерді халыққа танытуың керек!» – деп зор үміт артты. Нұржанның дауысы керемет қой, бір жағынан әкемізге де ұқсайды. Әкеміздің әндерін грампластинкаға, кассетаға жазып алып қалғанбыз. Сол күйтабақтағы әндерді тыңдау арқылы Рамазан Стамғазы, күйші Мұрат Әбуғазы ағаларымыз Нұржан үшеуі бірігіп кітаптарын, дисктерін шығарып жатыр. Алғысым шексіз.
– Өзіңіздей асылдың сынығы барда дүлдүл әншінің есімі ел жадында жаңғыра беретініне сенімдіміз. Әңгімеңізге көп рахмет!
Әңгімелескен
Салтанат БАКЕЕВА,
журналист,
Әлібек БАЙБОЛ,
жазушы, алаштанушы





