Күнделікті өмірде смартфондар мен түрлі гаджеттерді қуаттау әдеттегі әрекетке айналған, алайда электр құрылғыларын қараусыз қалдыру соңы қайғылы жағдайларға әкеп соқтыруы ықтимал, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Құрылғыны қуаттауға қойып, бірнеше сағат бойы қараусыз қалдыру тұрғындар арасында кең тараған. Төтенше жағдайлар мамандарының айтуынша, осындай сәттерде техниканың шамадан тыс қызып кету қаупі жоғарылайды. Зақымдалған кабель, ақаулы зарядтағыш немесе істен шыққан аккумулятор қысқа тұйықталуға әкеліп, өрттің тұтануына себеп болады. Әсіресе гаджеттерді төсекке, диванға, жастыққа немесе көрпенің астына қойып зарядтау өте қауіпті саналады. Жұмсақ беттер жылудың табиғи таралуына кедергі келтіріп, оның қызуын 20-30 пайызға арттырады. Осы орайда электр қауіпсіздігі ережелерін сақтау арқылы отбасы амандығын қамтамасыз етуге болады.
Қауіптің алғашқы белгілерін дер кезінде байқау үлкен апаттың алдын алады. Құрылғы әдеттен тыс қатты қызса, жағымсыз иіс шықса, түтін байқалса, сықырлаған дыбыс естілсе немесе корпусы деформацияланса, қуаттау процесін дереу тоқтату қажет. Ақауы бар техниканы қайта пайдалануға немесе оны өздігінен жөндеуге әрекет жасамаған абзал. Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес, зарядтағыш құрылғыны немесе розетканы пайдаланып болған соң оны электр желісінен ажыратып отыру ұсынылады. Аталған қарапайым әдеттер тұрғын үйлердегі өрт оқиғаларының жиілігін едәуір азайтады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі егер де құрылғы тұтанып кетсе, азаматтар өз өмірлеріне қатер төндірмей, сабыр сақтауы тиіс екенін ескертті. Қауіпсіз жерге шығып, оқиға туралы 101 немесе 112 нөмірлеріне жедел хабарласқан жөн. Алғашқы өрт сөндіру шаралары тек қауіпсіз жағдайда ғана жүзеге асырылуы керек. Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға түнгі уақытта құрылғыларды зарядтауға қалдырмауды, сымдар мен розеткалардың жарамдылығын тұрақты тексеріп отыруды қатаң ескертеді. Тұрмыстық техниканы дұрыс пайдалану мен цифрлық сауаттылықты арттыру өңірдегі қауіпсіз ортаны қалыптастырудың негізгі кепілі болып табылады.





