Келесі жылдан бастап Талдықорғаннан еліміздегі ірі әуекомпанияларының бірі «FlyArystan» арнайы рейс ашады. Алғашқы бағыт – Астана-Талдықорған. Ал маусымдық кезеңде Үшаралды қосу жоспарланған. Компания келешекте Талдықорғаннан еліміздің оңтүстігі мен батыс аймақтарына да рейс ашуды көздейді. «FlyArystan» АҚ ресми өкілдері Марат Айнабеков, Дакен Шемет пен Жетісу облысы туризм басқармасы басшысының басшысы Ерсін Ибрашев ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бас қосуда арнайы сөз алған Марат Айнабеков: «Бүгінгі меморандум – «FlyArystan» пен Жетісу облысы әкімдігінің ортақ жұмысының бастауы. Біздің мақсатымыз – Жетісудың көркем табиғатын, бай мәдениеті мен қонақжай халқын мүмкіндігінше көп адам көруіне жағдай жасау», – деп атап өтті.
Туризимді дамыту үшін әуежайдың талапқа сай болуы маңызды. Бұл жөнінде Жетісу облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев:
– Облысымызда 2 әуежай орналасқан (Талдықорған және Үшарал қаласында). Әуежайлар маусымдық «Алматы-Үшарал-Алматы» («Scat»), «Астана-Үшарал-Астана» («Viet Jet»), сондай-ақ, жыл бойы «Астана-Талдықорған-Астана» («Viet Jet») бағыттарын қабылдайды. Осы жылдың 9 айында әуежайлар 45 652 жолаушыға қызмет көрсетіп, 326 рейс қабылдады. Өңірдегі туристік көптеп келуіне байланысты Үшарал қаласындағы әуежайды кеңейту жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленді. Оны іске асыру шеңберінде жаңа жолаушылар терминалын салу, әуе кемелеріне арналған перрон мен тұрақ орындарын кеңейту көзделген. Бұл әуежайдың өткізу қабілетін сағатына 50 жолаушыдан 125 жолаушыға дейін арттыруға мүмкіндік береді. 13 гектар жер учаскесі айқындалды. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде, – деді өз сөзінде.
Жолаушылардың өздері анықтайтын Лондондағы Skytrax бағлауы бойынша төртінші жыл қатарынан Орталық Азия мен ТМД-дағы ең үздік лоукостер атанған «FlyArystan» әуекомпаниясына ішкі әуе нарығындағы орындардың 40 пайызы тиесілі. Өткен жылы 4,5 миллион жолаушы ұшып, желі 69 маршрутқа жетті. Биыл Самарқанд пен Батуми, Ыстықкөл мен Стамбұл, Сиань мен Чунцин сынды 13 жаңа халықаралық бағыт ашылып, апталық рейс 5-тен 17-ге дейін өсті. Бүгінде «FlyArystan» Шыңжаңдағы ең ірі шетелдік авиакомпанияға айналды. Бүгінде еліміздегі тұрақты азаматтық авиацияның әр төртінші ұшағы «FlyArystan» компаниясына тиесілі.
«Жетісу-Ақпарат».





