Әкейдің шығармаларының саны аз емес.
Таралымына да өкпе айтудың жөні жоқ.
Ол кісі әдебиетке көзсіз берілген жан еді,
сондықтан күн демей, түн демей еңбек етті.
Басқа жазушылармен салыстырғанда
жеке мүдделерін насихаттаумен айналыспады,
сөйте тұра, барлық шығармаларында өмір шындығы
мен көркем шындық астасып, кірігіп,
жақсы жарасым тапқанын оны
жақтырмағандардың өзі мойындайды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Көз жеткісіз Кәлпенің жазығында уілдеп жылы жел соғып тұр. Анадайдан мұнартып алып тұлғаның бейнесі көрінеді. Бері қарап, риза кейіпте басын шұлғып, кері бұрылып көз ұшынан ғайып болды. Сөйтсе де атамекеніне кіндігі байланып, асқақ рухымен шуақтандырып тұрған секілді-ау! Құтты өңірде ақ дүние есігін ашып, арлы ғұмырының алғашқы қадамын жасаған Алаштың арда перзенті, қазақ әдебиетіндегі ерекше жанрдың негізін қалаушы қаламгер — Кемел Тоқаев биыл 95 жаста!
ӨЗ ҚОҒАМЫНЫҢ АЙНАСЫ
Кемел Тоқаев – қазақ әдебиетіне шытырман оқиғалы детектив жанрын алғаш алып келген қарымды қаламгер. Мәткерім Әкімжанов: «Кемел Тоқаев өзі өмір сүрген қоғамның қасіреті болған жат тірлікті шытырман оқиғаларға желі етіп, сабақ алар, салмақты мұра қалдырған дарын иесі. Оның қаламынан туған еңбектерінде отаншылдық рух, ұлттық партоизм тайға таңба басқандай көрініп тұрады», дейді. Рас, шығармашылығының шырайы, кейіпкер шынайылығы, тілінің оралымдылығы арқылы оқырмандарын баурап алды. Өмірдің өзінен алынған оқиғалар көркемдікпен астасып, қоспасыз шынайы айтылатындықтан қарапайым халық тарапынан үлкен қызығушылық туғызды. Кейіпкерлері күнделікті тірліктегі адамдардан алыстамайды, оқырманға барынша түсінікті. Жазушы өзінің қаһармандарын күн сайын біздің жанымызда жүргендей етіп, боямасыз ашық суреттейді. Әсіресе милиция қызметкерлері мен чекистер бейнесі жан-жақты көрініс тапқан. Кемел Тоқаевтың көбіне ұлттық қауіпсіздік, құқық қорғау, шекара қызметі сынды сынақты сала жайлы жазылатын детективтегі өзіндік қолтаңбасы ерекше. Кейіпкерлерін асыра мақтап, жарқырата жаза бермей, кәдімгі еңбек адамдарын, өзінің мамандығын сүйетін достық пен жолдастыққа, мемлекеттік іс пен қоғамдық мүддеге адал адамдарды, олардың өзара қарым-қатынасы, психологиясы арқылы шындықтың шырайын қашырмай көрсете біледі. Жазушы шығармалары жинақы, сюжеті қызық, композициясы шебер қиыстырылған. Шымыр, ширақ композициясы оқырманын сыр мен сезімнің тереңіне тартып әкетеді. Қай шығармасын оқысаңыз да тілі таза, дәл, өткір, икемді, ұғынықты әрі аса бай. Туындыларында белгілі бір шытырман оқиғаны баяндай бермейді, шұрайлы тілімен барлығын көз алдыңа елестетеді. Кейіпкерлері дараланып, тұлғаланып, жан-жақты танылар жанды бейне ретінде көрінеді. Кесек бітімді, күрделі бейне, тақырып пен идея, композициямен сюжетте, тіл мен стильде бәрі үйлесіп жоғары деңгейде көрініп тұр.
Айталық, Кемел Тоқаевтың «Соңғы соққы» деп аталатын туындысы совет чекистері жөнінде жазылған роман. Тек осы тақырыпқа арналған жазушының оннан астам кітабы қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. Сонымен бірге «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?» және «Сиқырлы сырлар» деп аталатын оқиғасы шиеленіскен, тартымды пьесалардың да авторы.
Жазушы он сегіз жасында Ұлы Отан соғысына аттанып, 226-шы атқыштар дивизиясында, кейін 7-ші гаврдиялық танк полкінің құрамында Сталинград, Белоруссия, Украина жерлерін азат етуге қатысты. Кемел Тоқаев Екінші дүниежүізілік соғыстың І және ІІ дәрежелі ордендерімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медальмен және басқа көптеген СССР медальдармен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамоталарымен, СССР Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасымен және омырауға тағатын арнаулы төсбелгісімен марапатталған.
Қаламгердің «Солдат соғысқа кетті» романында сұрапыл соғыс кезеңі айқын суреттеліп, әр деталь нақты берілген. Шығарманың құндылығы – оны тек майдан кешкен солдаттың емес, майданның қақ ортасынан шыққан адамның жазуында болса керек. 1943 жылы жазда болған оқиғаны жазушы өз романында былай суреттейді: «Біздің гвардия танк полкі Оңтүстік майданнан оралды. Көп жолдастар оралмады. Ұрыс алаңында қаза тапты. Сондағы күндерді ойлап отырып, өзіңнің тозақ отынан қалай шыққаныңа, аман қалғаныңа таңғаласың. Төңірегіңдегілер жапырылып қырылып жатты, ал сен тірі қалдың. Тіпті мүмкін емес сияқты. Бірақ шындық солай».
Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ ССР Ішкі істер министрлігі милиция мен чекистерге арналған таңдаулы шығармалар байқауын жариялағанда, Кемел Тоқаевтың 1956, 1972, 1977 және 1980 жылдары бас бәйгені алып, төрт мәрте лауреат атануы хас шебер екендігін көрсетеді емес пе?!
Кемел Тоқаев роман, повесть, әңгімелерінде қатыгез қылмыскерлердің шынайы бейнесін, портретін, сөйлеу мәнерін, диалог құруын жан-жақты берген. Қазақ әдебиетіндегі детектив, криминалдық бағыттың бастаушысы және негізін қалаған жазушы.
Кемел Тоқаевтың жеке мұрағатынан және МҚК-нің құпия материалдарынан жазылып алынған деректерді кездестірдім. Құжаттар казактардың соғыс тұтқындарына және бейбіт халыққа көрсеткен қисапсыз қорлығын айғақтайды. Қанды ізін атаман Дутов бастаған Орынбор армиясы және атаман Анненковтің Жетісу армиясы қалдырған. Олардың Қызыл Армия әскерлеріне және қарапайым шаруа отбасыларына жасаған қиянаттарын жабайы жыртқыштық демей, не дерсіз?! Күндерінің тақағанын сезген казактар мыңдаған адамдардың өмірін қиды.
«Соңғы соққы» көркем шығарма болғандықтан қаламгер тарихи жайттарды төпелей бермейді. Романда сол замандағы саясаттың бет-бейнесі, халық өмірі, әлеуметтік жағдай ерекшеліктері бар бітім-бояуымен көрінеді.
Рас, аталған роман жарыққа шыққан тұста социалистік реализм әдісінің айдарынан жел есіп, айтқаны өтіп тұрған. Сол себепті көптеген жазушыларымыз өз кейіпкерлерін кәдімгі өмірдегі адам келбетінен ажыратып, олардың тағдырын социалистік кезеңдегі әлеуметтік-тарихи тенденцияның жалаң бейнесіне айналдырып жібергенін көпшілік біледі. Ал Кемел Тоқаев болса сақшылар мен чекистердің ауыр еңбегі жайында әңгімелей отырып, олардың партия нұсқауларын емес, өз қызметтерін адал атқарғанын жазады, кітаптарында социалистік құрылысты дәріптеу кездеспейді.
Кейіпкер жанының көп иірімдерін, мінез-құлқын көрсетуде деректі материалдарды молынан пайдаланып әрі көркемдік тәсілдердің бар мүмкіндіктерін, атап айтқанда, мінездеудің алуан түрлі жолдарын, диалог, монолог, портрет, психологиялық талдау, қанатты сөздер, троп, эпитет, т.б кеңінен қолдануы шығарманың шыншылдық қуатымен қоса көркемдік дәрежесін де биікке көтерген. Келешек ұрпаққа үлгі болатындай із кесушілер бейнесі мол. Мысалы, майор Кузьменко, майор Майлыбаев, полковник Дайыров, майор Бөгенбаев, подполковник Колпашников қызметтеріне, достықтарына адал бірін-бірі түсініп, жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей шытырман оқиғаларды бірлесе шешіп, көпшілік көңілінен шыққан жақсы жандар.
АҚИҚАТ ПЕН КӨРКЕМ ТІЛ
Жақсылықты көре білу, бағалай білу адал достарға тән қасиет. Жазушы солардың әрекеті, мінез-құлқы, сөйлеу мәнері арқылы өмір шындығын, оның алуан түрлі сырларын ғана ашып қоймайды, характерлерін шебер көрсетіп, солардың көзқарасы, ұғым-түсінігі арқылы өздерін толғандырған мәселелерді батыл көтеріп, дұрыс шешім қабылдай біледі. Жазушы өз кейіпкерлерінің болмысын неғұрлым ақтарыла ашатын мінез-құлықтары, жан қалтарыстары, ой-өрнектері жарқырай ашылатын қиын ситуацияларды араластырады. Жақсылық пен жамандық қатар жүреді. Жақсылықтың қашанда беті ашық, жүзі жарқын, еңсесі биік, оны ешкім де, ешнәрсе де көлегейлеп өшіре алмайды. Жамандықтың жүзі қара, алпыс айлалы, арты қуыс. Ол көбінде қылмысты жасырын, айла-шарғымен істейді. Үстіне адам жүзі түңілмес, танымастай таза киініп, көлгірсіп сөйлеп, жақсылық атаулыны қашанда тірсектен шалуға тырысады.
Өз міндетін орындауда халықтың мұң-мұқтажын түсінбейтін, қылмыскерлерге көмектесіп, адам өліміне дейін апаратын жағымсыз кейіпкерлерлер «Сарғабандағы оқиға» повесіндегі лейтенант Быстров пен дәрігер Цой бейнелері. Солар арқылы өмірде сондай адамдардың да болатынын бейнелей келе кейіпкерлерді өз деңгейіне жеткізеді.
Осы аталған повесте қара басының қамын ойлайтын аға лейтенант Быстров, күнәсіз Аида Глуховадан жауап алған кезде, өте дөрекілік танытып, күш те көрсетеді. Сырт көзге ұстамды, пысық көрінгенімен, ақылын амалға, айлаға айналдыра отырып өзінің бас пайдасын ойлайтындар бүгінде күнделікті өмірде кездесіп жатады. Медбике Гулхованың бар айыбы-қанішер қолынан қаза тапқан қойшы Рахымның соңғы сөзін өз құлағымен естіп, екі көзімен көруі. Көз алдында жантәсілім еткен Рахым үзілер сәтінде үзік-үзік әлсіз ғана өзін қоршап тұрған жақындарына «Цойға сенбеңіздер» деп айтады. Быстров өз кезегінде қызметін асыра сілтеп, жазықсызға жала жауып, аққа күйе жақпақ болды. Жиырмадағы Рахымды аяусыз пышақтап, тырнақтарын жұлып, өкпесіне шеге тығып өлтірген қылмыскер-жаратылысында қарапайым, жұртқа деген сенімі мен сүйіспеншілігі мол қызметіне адал, қысыл-таяң тұста қайраттанып жол таба білетін майор Ділдәбеков, капитан Майлыбаев, полковинк Дайыров сынды азаматтардың күшімен қолға түсті. Есімі аудан, облыс көлемінде мәшһүр, атағы жер жарған дәрігер Цойдың сан соқпақпен жүріп, артына із қалдырмай істеген қылмысы білікті мамандардың арқасында анықталып, өз кезегінде тиесілі жаза тағайындалды. «Сарғабандағы болған оқиға» повесінің оқиға желісі жалпы өмірде болған.
Әдетте Кемел Тоқаев қаһармандарының адамгершілігі биік, табиғатынан зиялы, мінездері тұрақты, халқына адал, кең жүректі жандар. Мысалы, «Сарғабанда болған оқиға» повесінде полковник М. Дайыров, милиция бөлімінің бастығы майор Ә. Ділдәбеков, капитан Т. Майлыбаев, т.б құқық қорғаушы милиция басшыларының адалдық пен әділдікті жақтауын, батылдығы мен тапқырлығын жан-жақты ашқан. Кемел Тоқаев шығармаларының басты ерекшелігі – жаңа типтегі адамды, оның озық адамгершілігін, жан жарқылын, парасатын, идеялық байлығын бар шындығымен көрсете білуінде. Оқырмандарына өміршең кейіпкерді, өшпес қаһарман, жағымды бейнелерді шынайы көрсетті. Қай шығармасын оқысаңызда қиялдан тумаған өмірдің өзінен алынған нағыз кейіпкерлер, парасатты адамдар. Қаламгер шығармаларының көркемдік ерекшелігі, композициялық құрылымы терең.
Қазіргі кезде өмірде жиі кездесетін, бір-бірімен өлердей өш жақсылық пен жамандық та жазушы шығармаларында жиі бой көрсетіп, қаламгер осы екі дүниенің бітіспес күресін әр қырынан бере білді. Қай шығармасын алсаңызда адалдық пен арамдықтың, жақсылық пен жамандықтың айқасына куә боламыз.
Кейіпкердің кескін-келбетін, сырт бітімі, түр-тұлғасын, жүріс-тұрысын суреттей отырып, мінез-құлқы, ой-пікір, адамдармен қарым-қатынасы, сөйлеу әдебі, ішкі болмысы, дүниеге көзқарасы арқылы қызметіне немқұрайлы, жан тыныштығын ойлайтын адам образын «Көшкен үйдің қонысы қайда?» повесіндегі лейтенант Бочкин бейнесі арқылы көрсетеді және сол арқылы оқырмандарды жирендіреді. «Тұла бойы тоңазып қалтыраған Агафоновна екі көзі шарасынан шығып бажырайып қалған. Тілі күрмелгендей. Басы қалтылдай береді. Жұмырықтай ешкі басы құныстай кеудесіне қадалған зор иықты, жуан қолды бұл адамды бұрын-соңды көрмеген тәрізді. Еңгезердей денесі бұтақсыз келте жуан томардай үйге симай тұр. Өткір көзін қалқалаған доғал біткен қошқар мұрны да танымал емес. Қорқынышты сол кеште бұл адамның әзірейілдей кәзіргі пішінін аңғармаған еді. Ешкі терісін жамылған сияқты көрінген. Бажырайған екі көзі, қалтылдаған басы, күрмелген тілінің өзі-ақ көп нәрсені аңғартып тұр. Жазушы шеберлігін теңеу, эпитет, шендестіруді шебер қолдана білуінен айқын аңғаруға болады.
Қаламгердің «Замандас сыры» деректі повесінің оқырмандар сүйіспеншілігіне ие болуы, абыройға кенелуі кейіпкерлерінің құдіреттілігінде ғана емес, соны көрсете білген жазушының шеберлігінде екенін еш уақытта ұмытпау керек. Патриотизм, отандық сезім секілді психологиялық–әлеуметтік құбылыс та ұлт рухы деңгейінің айнасы, өлшемі, өресі, болмыс-бітімі деңгейінде біздің рухымызды тағы бір көтеріп тастаған Қасым Қайсенов бейнесі – өте сәтті шыққан. Патриоттық, интернационалдық туды жоғары ұстай білген партизан Қасым Қайсеновті қиыстыра да, келістіре де суреттегенде қазақ елінің мәртебесі көтеріліп, ұлттық мақтаныш сезімі оянады. Қазақ деген қаһарман халықтың батыр ұлының бейнесін нақты мысалдармен суреттеп, айқын көрсете білді.
Надежда, Лена, Ирина сияқты, т.б қыздар ер-азаматтармен бірдей көрген қиндықтар, ерлікке толы күндері арқылы асқақ рухының биіктігін көрсете білген. Бір мақсат, бір тілектегі әр ұлт өкілдері ауыр соғыс, қиыншылықта ауыз бірлік, достықтың тамаша үлгісін паш етті. Д.Яковец, Қ.Қайсенов, И.Примак, Н.Попов, А.Крячек, т.б арқылы партизан майдангерлер дәстүрін берік ұстап дамыта білді. Әр ұлт өкілдерінің отаншылдық сезімдері жоғары, рухани өмірі бай, моральдық сапасы жақсы, ер жүрек адамдардың жауды жеңетініне сенесің. Азаматтық парыз бен қарызды биік тұтып, адамгершілікті мақсат еткен адамдарды көріп риза боласың.
Кеңес жауынгерлерінің арасында да мінезі мен құлқы керағар, қайшылықты тағдыр иелері барын, қанқұйлы соғыс пен екі түрлі қарама-қарсы күштердің соқтығысы ғана емес, сансыз да сан алуан тағдырларды табанға салып таптайтын дүлей күш екенін алға тартады. Соғыс сияқты тарихи-саяси зұлматтың қарапайым адамды да, халықты да шындығына келгенде қорлау екені таным-түсінігі әр түрлі образ-мінездер арқылы кескіндейді. Өз кезегінде бұл повесть майданды, одан тыс тыл өмірін суреттеген үздік шығарма есебінде бағаланды, әдебиетке қосылған сүбелі үлес болды. Бейбіт күннің қадірін білу үшін, сол бір зұлмат жылдарды деректермен, әдеби тілмен көркемдеген шығармалар арқылы оқып-білеміз, түсінеміз. Майдандағы асқан ерліктер, қыршын кеткен боздақтар, тылдағы ерен еңбек, күнәсіз қырылған адамдар бейнесі адамзат атаулыны толғандырар қатпарлы ой-тұжырымдарға жетелейді.
ҚАНША ДАУЫЛ СОҚСА ДА…
Кемел Тоқаев өмірді терең білумен қатар шұрайлы сөз байлығын асқан талғампаздықпен қолдана білген. Қай шығармасын алсаңыз да өмірдің өзінде болып жатқан оқиғаларды кемел идеяға апарар терең білім, биік мәдениет арқылы өрістетеді.
Осылайша шебер тіл шығармалары ХХ ғасырдағы криминалдық тақырып әдебиетінде құқық қорғаушылар, чекистер мен партизандар бейнелерінің ұлттық болмысын барынша ашты. Әлемдік әдебиеттің талғам-тілектеріне толық жауап бере алатын классикалық шығармалар түзді. Жазушы еңбектерінің ең басты құндылығы – өмірдің өзекті мәселелерін негізгі сюжеттік желіге арқау етуі, сол арқылы адамды тануы, оның қоғаммен ара-қатынасын шебер суреттеуі. Сюжет құрау мен тілдік көркемдік ерекше кейіпкер диалогының көп қатпарлығы, ішкі монолог байлығы, өзіндік көркемдік жинақтау, батыл, тың, тосын қаламгерлік ізденістер арқылы кемелдене түскен.
Қаһармандарға қойылатын үлкен талап тұрғысынан қарағанда, соғыс тақырыбындағы роман, повесть, әңгімелерінде басты кейіпкер болсын немесе майдандас жолдастары болсын өздерінің адами қасиеттерін ұдайы ұрыс даласында, жау тылында, бейбіт өмір кезеңінде ұстамды мінез-құлық, айшықты іс-әрекетімен айқын көрсетеді. Кемел Тоқаев шығармасындағы кейіпкерлердің бәрі – тірі. Қағаздан жасалмаған, сиядан құйылмаған. Оқып отырғанда жаныңда жүргендей әсер қалдырады. Нағыз детектив жанрына тән, қарама-қайшылыққа толы жандар. Оқи отырып көз алдыңа елестете аласың, дені өмірде болған, қазір де болып жатқан жағдайлар.
«Қазақ әдебиеті» газетінде (2008 жылғы 22 тамыздағы саны) жазушы-журналист Рахметәлі Асылбектің «Қазақ детективі қай деңгейде?» деп аталған қызықты мақаласы жарық көрді. Мақалада жазушы Мағрипа Қожахметова былай деп еске алады: «Қазақ детективі дегенде ең алдымен Кемел Тоқаев есімі ойға оралады. Қалай құмартып оқитын едік, шіркін!». Бұл кісінің айтуынша, Кемел Тоқаевтың шығармалары нақтылы тағдыр, қым-қиғаш мазмұн, қайран қалдырарлықтай оқыс шешімімен баурайтын. Адам жанының жылуы асқақтығымен астасып, ерекше әсер қалдыратын. Ал, ардагер журналист Әтина Жәкетова: «Қазақ детективін қалыптастыруда Кемел Тоқаевтың көп еңбектенгенін білемін. Шығармаларын қызыға оқығанбыз. Қаламгердің бір қасиеті – шыншыл, турашыл адам еді» деп атап өтеді. Қазіргі жас буынның өкілі, Өнер институтының студенті Салтанат Жарқынбекова мынадай пікір білдіріпті: «Әрине, кітапты жиі оқимын. Маған, әсіресе тарихи тақырыпта жазылған көркем шығармалар ұнайды. Детективтерді де оқығанмын. Бірақ Кемел Тоқаевтан басқа бұл тақырыпқа арнайы қалам тартқан қазақ жазушысын білмеймін. Қазақ тілінде жазылған мұндай шығармалар жоқ сияқты».
Мақала авторы Рахметәлі Асылбек қазақтың детективті әдебиетінің қазіргі жағдайын шетелдік әдебиетпен салыстыра талдай келіп, тап Кемел Тоқаев біздің әдебиетімізде осындай танымал жанрдың бар екенін бүкіл әлемге паш етті деп тоқталады. Жазушының кең танылған туындысы «Сарғабанда болған оқиға» негізінде мақала иесі шырғалаңды оқиғаның шешімі милиция тергеушілерінің жоғары кәсіби жұмысымен сәтті үйлесім тапқанын баяндай отырып, Кемел Тоқаев шығармашылығын аты аңызға айналған Шерлок Холмс туралы кітаптың авторы Конан Дойлдан ешбір кем емес деген тұжырым жасайды.
Осы орайда ақын Рафаэль Ниязбеков:
– Озғандарға жүгірдің жүлде беріп,
Сен бар жерде қалатын ірге кеңіп.
Азаматтың бірі едің, Кемел аға,
Арыстандар қасына жүрген еріп.
Кеудесінде көк бөрі ұлып жатқан,
Ерге ғана қазақтың мұңы батқан.
Жетісудың сен едің ойлы өзені,
Қанша дауыл соқса да тұнып аққан, – деген орамды ойдан, сағыныштан туған өлеңі ойға келеді. Бұл классик қаламгерге берілген үлкен әрі лайықты баға!
Сөз түйініне келсек, Кемел Тоқаев қазақ әдебиетіндегі шытырман оқиғалы, детектив жанрының негізін қалап, өмірінің соңғы күндеріне дейін осы салада адал қызмет етті. Қазақ прозасындағы қайталанбас кейіпкерлері біздің бүгінгі ұлттық тәуелсіздігімізді баянды етіп, Қазақстанның гүлденіп, өркендеуіне ықпал етер жас буынға тағылым, тәрбие берер асыл көркем мұра болып қашанда қала бермек!
Ол туған халқының мақсат-мұраты үшін, ертеңгі нұрлы болашағы үшін адал еңбек етті. Уақыттың талап-тілегін азаматтықпен адал атқарды. Ел мүддесін, Отан мүддесін майданда қарумен, бейбіт күнде қаламмен қорғады. Өзінің 63 жылдық ғұмырында адамгершілік атты ұлы құндылыққа дақ түсірмей, өз Отанының шын патриоты бола білді.
Серік ҚАНТАЙ.





