Көктем лебі білініп, күннің күрт жылынуы салдарынан еріген қар суы жерге сіңіп үлгермей сай-саланы қуалай ағып, бірқатар елді мекендердің шеткі көшелері мен үйлеріне кіріп кеткені белгілі. Салдарынан таулы аудандардың, нақты атап айтсақ Талғар, Қарасай, Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандарындағы кейбір ауылдардың жағдайы күрделене түскен-ді.
Ақпанның аяғында арнасынан асқан қызылсуды «ауыздықтау» мүмкін болмады. Сөйтіп, таудан құлай аққан судың жиынтығы Тұздыбастау ауылының етегіндегі екі көшеге әп-сәтте толып кетті. Бастапқыда аулаға жинала бастаған суды өз күштерімен тоқтатпаққа ниеттенген көше тұрғындары жағдайдың ушығып бара жатқанын айтып, арнайы мекемеге дабыл қақты.
Лезде белуардан келген қызылсу кей үйлердің ауласы мен жертөлесіне дейін толып кеткен еді. Шұғыл көмекке келген аудандық әкімдік қызметкерлері мен құтқарушылар тұрғындарды апатты аймақтан шығарып, көшелерді судан арылтуға бар күштерін жұмылдырды.
Қызылсу басқан ауылға алғашқы күні-ақ арнайы ат басын бұрған облыс әкімі Амандық Баталов мәселенің мәнісіне бойлады. Күтпеген жағдайдан үрейленген халықты сабырға шақырып, қызылсудан зардап шеккен тұрғындардың жәй-күйін білді. Апат орын алған ауылға төтенше қызметпен қоса аудандық әкімдік пен мемлекеттік мекеме қызметкерлері түгелдей жұмылдырылып, тұрғындарға көмек көрсетті. Су басқан үй-жайларын бірер күнге тастап, арнайы даярланған орындарға жайғасуларына жағдай жасалды. Шұғыл тексеріс кезінде анықталғандай, белуардан келген қызылсу зардап шеккен 46 үйдің он шақтысының жертөлесіне толып кетсе, 2 тұрғын үйдің қабырғалары сетінеп, едендері опырылып кеткен екен.
– Мұндай жағдайға тап боламыз деп ойламадық. Демде суға белшемізден баттық. Жертөлеге кірген су қабырғаның жартысына дейін көтеріліп кетті. Сол күннен бері қаншама машина су сорғызылып сыртқа шығарылуда. Азаматтар аяғынан тік тұрып, көмек көрсетуде. Осындай қиындықта жанымыздан табылып, бар жағдайды қалыпқа келтіруге күш салған облыс әкімі Амандық Баталов пен аудан басшыларына алғысымызды білдіреміз, – дейді көше тұрғыны Анар Дәркембаева.
Монтаев көшесінде тұратын Айгүл Касенованың үйінің де қабырғасы сөгіліп, едендері көтерілген. Жалпы апатты жағдайдың бетін қайтарып, қалпына келтіру жұмыстарына 200-ден астам адам тартылып, 40-қа жуық техника жұмылдырылған.
– Бүгінгі жағдайды өздеріңіз көріп тұрсыздар. Кеше халық үрейленіп, біраз шуласқан еді. Оны да түсінеміз. Қардың еруіне жаңбыр суы араласып, халықты қорқытты. Кешелі бері техника мен адам күші жұмылдырылып, суды төмен ағызып жатырмыз. Анықталғанындай, бұл жерде екі үй судан зардап шеккен. Арнайы комиссияның қорытындысы бойынша зардап шеккендерге жәрдемдесеміз, – деген Амандық Ғаббасұлы мұндай жұмыстардың жалғыз Тұздыбастауда ғана емес, таулы аймақтың басқа да аудандарында жүйелі түрде атқарылып жатқандығын мәлімдеді.
– Облыста 144-тен астам су қоймасы бар. Олардың сыйымдылығы да өте үлкен. Қапшағайдың өзінде 19 млрд. текше метр су бар. Күрті су қоймасына 120 млн. текше метр су жиналса, қазіргі кезде 72 млн.-ға түсті. Сол сияқты, Бартоғай, Бестөбе, Ақешкі, басқа да су қоймалары бақылауда. Бұлардың барлығын транзитті режимге қойып жатырмыз. Су қанша көбейсе соншасын ағызып жатырмыз. Бұдан бөлек, басқа да қауіп байқалып тұрған ауылдарға осындай мобильді бригадалар қойылды. Биылғы қыстың қатты аязынан 70 см. тереңдікке дейін тоң қатып, сол жібіп үлгермеуде. Мұны төтенше жағдай емес, жоспарлы іс деп қарауымыз керек. Бұған қаржы бөлінген. Техника да бар, адамдардың саны да жеткілікті. Бұл үшін аса абыржып, қорқудың қажеті жоқ. Халықты осындай қиындықтан шығарып, қауіптің бетін қайтару басты назарда. Облыстың барлық аумағында алдын алу шаралары жасалып жатыр. Бұған халық та түсіністікпен қарап, бірлесе еңбек етудеміз, – деді облыс әкімі Амандық Баталов.
Жұрттың жағдайын ойлаумен жарғақ құлағы жастыққа тимейтін облыс басшысы Тұздыбастау ауылына бейсенбі күні де келіп, жұмыс барысын жіті бақылады. Қызылсудың салдарынан батпақ толып қалған екі көшені жаяу аралап, судан зардап шеккен әр үйдің ауласын, жағдайын көзбен көрді. Аудан әкімі мен жауапты сала басшыларына алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстардың жайын міндеттеді. Сондай-ақ, зардап шеккендерге көмек көрсету шараларын шұғыл ұйымдастыруды тапсырды.

Ұлбосын ИСАБЕК
Тұздыбастау ауылы,
Талғар ауданы





