Жетісу облысының Қаратал ауданында жергілікті өкілетті органдардың құрамын жаңарту мақсатында маңызды саяси оқиға басталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған Қаратал аудандық мәслихаты депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың бекітілген күнтізбелік жоспары жарияланды. Аудандық аймақтық сайлау комиссиясы қабылдаған №27 қаулыға сәйкес, саяси науқан жергілікті демократияны дамытуға, халықтың азаматтық белсенділігін арттыруға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған. Кезектен тыс сайлау үдерісі еліміздің сайлау заңнамасына толық сәйкес, ашық әрі әділ жағдайда ұйымдастырылады.
Бекітілген кестеге сәйкес, кандидаттарды ұсыну шаралары 14 қазанда басталып, 27 қазан сағат 18.00-де аяқталды. Бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша азаматтар өз-өзін ұсыну арқылы немесе саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер атынан түсуге мүмкіндік алды. Ал кандидаттарды тіркеу үдерісі 1 қараша күні сағат 18.00-де ресми түрде мәресіне жетті. Үміткерлер өздерінің активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны мемлекеттік кірістер органдарына тапсырып, барлық заңды талаптарға сай тексеруден өтті. Ауданда сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары 1 қараша сағат 18.00-ден кейін басталып, 28 қараша сағат 00.00-ге дейін, яғни тыныштық күніне дейін жалғасады.
Сайлауды жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен сайлау комиссиялары жүйелі жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, 8 қарашаға дейін аудан әкімі әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімін тиісті комиссияларға акт арқылы тапсырады. Ал 13 қарашадан бастап азаматтар өздерінің сайлаушылар тізіміндегі деректерін учаскелерде тексеруге мүмкіндік алады. Дауыс беру уақыты мен орны туралы халықты құлақтандыру 18 қарашаға дейін аяқталады. Сайлау күні, яғни 29 қарашада дауыс беру таңғы сағат 07.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жүргізіледі. Сайлау дауыстарын санау сағат 20.00-де басталып, 12 сағаттан аспайтын мерзімде аяқталуы тиіс.
Аудандық аймақтық сайлау комиссиясы сайлау нәтижелерін 30 қарашаға дейін белгілеп, сайлаудың соңғы қорытындысын 3 желтоқсанан кешіктірмей бекітеді. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау қорытындылары 5 желтоқсанға дейін ресми жарияланады.





